24.09.2026, 15:00
Оқылды: 213

Маңғыстауда оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапты

24 қыркүейк күні Маңғыстау облысында Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа-райының күрт нашарлауы және желдің күшейуіне байланысты әскери қызметшілерді теңізге алып кеткенін ауыр күрсініспен хабарлаймыз.
cad59e7ef6efb17567a917168d9d709fc91ba3ca9e61d85f5f45c4c0937a53a7_1280x720

Алдын ала мәлімет бойынша теңізге 19 әскери қызметшіні алып кеткен. Қазіргі уақытта оның 9-ы, өкінішке орай қайтыс болды. Үш әскери қызметші құтқарылды, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалғандарын іздестіру жұмыстары жүргізілуде.

Оқиға орнына құтқару қызметтерінің күштері мен құралдары дереу жіберілді. Іздестіру-құтқару жұмыстарына Әскери-теңіз күштерінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, авиация және басқа да тиісті қызметтер жұмылдырылды.

Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін оқиға орнына Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың басшылығымен Қорғаныс министрлігінің комиссиясы шұғыл аттанды.

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі қаза болған әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Қаза болғандардың отбасыларына қажетті барлық көмек пен қолдау көрсетіледі.

Іздестіру жұмыстарының барысы мен әскери қызметшілердің жағдайы туралы қосымша ақпарат деректер түсуіне және расталуына қарай беріледі.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдардың тек ресми ақпаратына сүйенуді сұраймыз.

Дереккөз: Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале