25.12.2020, 16:51
Оқылды: 4

Маңызды жобалар жаңа жұмыс орындарын ашады

Желтоқсанның 25-і күні Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев өңірдегі жаңадан ашылған бірқатар кәсіпорындар мен өндіріс орындарына жұмыс сапарымен барды.

Деректерді сақтау – заман талабы

бат4

Өңір басшысы алдымен Бәйтерек ауданы Мичурин ауылдық округі аумағында орналасқан «Орал Дата Центр» орталығында болды. Орталықтың құрылысына 5,5 млрд теңге инвестиция жұмсалған. 45 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Мемлекеттік-жекелік әріптестік аясында салынған, «Транстелеком» АҚ-ның меншігіндегі бұл орталықтың басты қызметі – сан алуан электронды ақпараттарды серверлерде жинау, өңдеу және сақтаудан тұрады. Телекоммуникация саласы қарыштап дамыған уақытта мұндай қызметке сұраныс та жоғары. Мәселен, мемлекеттік мекемелер, бизнес өкілдері, ірілі-ұсақты коммерциялық компаниялар дата-орталыққа деректерін орналастыру арқылы қыруар қаржы үнемдей алады, яғни өз алдарына дербес ғимарат салып, жоғары жалақы төленетін IT-мамандарын ұстау машақатынан құтылады. Дата-орталықтар өз кезегінде келіп түскен ақпараттың құпиялылығына, жойылып кетпеуіне кепілдік береді және оның жұмысы тек бір облыспен немесе республикамен шектелмейді, әлемнің кез келген түкпірінен ақпаратты сақтауға тапсырыс түссе, оны емін-еркін орындайды.

бат3

Облыс әкімі үш қабатты ғимаратты аралап, «Орал Дата Центрдің» мүмкіндігімен танысты. Мұндағы бір ерекшелік – қуат көздерін барынша үнемдеуінде екен. Күні бүгін қолданыстағы серверлер айына бар болғаны 2 мегаватт электр қуатын тұтынады. Жарық өшсе, қосымша дизель генераторлары әзір тұр. Құрал-жабдық Израиль мен Қытайдан әкелінген. Орталық алдағы жылдың қаңтар айынан бастап ресми жұмысқа кіріседі.

- Жалпы, Қазақстан деректерді сақтау жөнінен дүние жүзінде алдыңғы орындардың бірін иеленеді. Себебі, бізде инвестициялық ахуал жақсы, қуат көздері арзан, жұмыс күші қолжетімді және ауа райы қолайлы. Біз бір-бірімізді қолдауымыз керек. Мемлекеттік органдарда деректер тасқыны үлкен. Сондықтан, оларды сақтау қажеттігі пайда болуы мүмкін, - деді Ғали Нәжімеденұлы дата-орталық басшылығымен кездесуде.

бат1

Өңір басшысы келесі кезекте осы ауданның Белес ауылындағы «LLY Agro Energy» ЖШС-нің дата-орталығының жұмысымен танысты. 2020 жылдың басында іске кіріскен кәсіпорын 1,5 млрд теңге инвестицияға тұрғызылған. Қуаты 40 мегаватт құрайды. Қазіргі таңда мұнда 23 адам еңбек етуде. Барлығы Белес ауылының тұрғындары. Соңғы сегіз айда дата-орталық бюджетке 14 млн теңге салық төлеген.

«Кублей» тері өңдеуді қолға алды

Елімізде, соның ішінде біздің облысымызда күні кешеге дейін жүн-жұрқа, тері-терсектің кәдеге аспай, іріп-шіріп жатқаны жасырын емес. Жеңіл өнеркәсіпке стратегиялық сала ретінде қарамаудың салдарынан қыруар қаржыдан қағылып келдік. Енді, міне, осы олқылықтың орнын толтыруға алғашқы қадам жасалып, батысқазақстандық белгілі өндіруші - «Кублей» компаниясы теріні қайта өңдеу цехын ашты. Цехтың ашылу рәсіміне Ғали Есқалиев арнайы қатысты.

күб4

- «Кублей» – Қазақстанға, басқа шет елдерге де танымал ұжым. 1992 жылы желтоқсан айында, яғни тәуелсіздігіміздің таңсәрісінде құрылған компаниялардың бірі. Жеткен жетістіктердің барлығында кәсіпорын басшысы Талғат Берекешевтің тікелей қолтаңбасы бар. Биыл елге коронавирус індеті әкелген үлкен қиындықтарға қарамастан «Кублей» компаниясы қызметкерлерінің жанқиярлық еңбегінің арқасында бүгін біз керемет, заманауи өндіріс орнын ашқалы отырмыз. Ауыл шаруашылығы – біздің облыстың күретамыры. Бізде жылына шамамен 180 мың бастан астам ірі қара сойылады. Сол кезде үлкен мәселе – терісі өңделмей, босқа рәсуа болатын. Енді ол мәселе шешілді. Ол өз кезегінде мал баққан ағайынның табысын өсіруі тиіс. Шикізатты неғұрлым терең өңдеген сайын одан пайда да көп түседі, - деді Ғали Нәжімеденұлы компания қызметкерлері алдында сөйлеген сөзінде.

күб6

Аталмыш жобаны жүзеге асыруға 1,3 млрд теңгеден астам қаржы (1 млрд теңгеден астамы құрал-жабдыққа, құрылыс пен инфрақұрылым тартуға 300 млн теңге) жұмсалған. Соның жартысын мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген пайызбен берілген несиелер құрап отыр.

- Президентіміз өз Жолдауларында Қазақстанды мұнай мен газға тәуелділіктен арылту қажеттігі жөнінде тұрақты айтады. Ол үшін барлық салаларда өнімді терең өңдейтін жаңа индустриялар ашуымыз керек. Ауыл шаруашылығында да солай. Біз қазір мал өнімін терең өңдеуді бастадық. Теріден былғары алып, әрі қарай аяқ киім, киім тігу өндірісін өрістетуге жол ашылады. Жан-жақты қамқорлығы үшін ұжым атынан Мемлекет басшысына, облыс әкімдігіне зор ризашылығымды білдіремін, - деді «Кублей» ЖШС директоры Т.Берекешев.

күб5

Жаңа цех ауысымына 600 теріні өңдеп, былғарыға айналдырады. Заманауи құрал-жабдықтар Италиядан сатып алынған. Өндірісте жаңадан 70-тен аса жұмыс орны құрылған.

Панельді радиаторлар Оралда өндіріледі

«Орал трансформатор зауыты» АҚ базасында жаңа инвестициялық жоба – қуаты 35 – 500 кВттық трансформаторларды салқындатуға арналған панельді радиаторлар өндіретін цех іске қосылды. Оған өңір басшысы куә болды.

п2

Жобаға салынған 1 млрд 628 млн теңге зауыттың өз қаржысы, ал 372 млн теңгесі – инвестициялық грант. Өндірістік қуаты жылына 3 мың тонна радиатор өндіруге шақталған цехқа жаңадан 110 адам жұмысқа алынған.

п8

Панельді радиаторлардың басқаларынан басты артықшылығы – салқындатудың тиімділігі, ұзақ уақыт жұмыс істеуі, жоғары сапа. Күні бүгін мұндай өндіріс елімізді айтпағанда, ТМД аумағында жоқ көрінеді. Бұрын радиаторлар Түркия мен Қытайдан импортталған. Енді, Оралда жасалғасып, өнім құны 15-20 пайызға арзандамақ. Шығарылған өнімнің 30 пайызын ішкі нарықта қалдырып, 70 пайызын РФ, Әзірбайжан, Өзбекстан мемлекеттеріне экспорттау жоспарлануда. Алдын ала ұсыныстар түсуде.

п4

Трансформатор зауыты басшылығының алдағы бес жылға жұмыс жоспары да ауқымды. Студенттерге, кәсіпорын қызметкерлеріне арналған пәтер үлгісіндегі жатақхана, 50 балаға есептелген шағын балабақша, жаңа цехтар ашу көзделуде.

п7

- Кеңес Одағы құлағасын «Омега» зауытының ғимараты көп жылдар бойы бос тұрды. Инвесторлар келгесін зауытқа тыныс беріліп, жаңа өндірістер ашылуда. Солардың бірі – панельді радиаторлар шығару. Біз өз тарапымыздан инновациялық жобаларды қашан да қолдаймыз. Ең бастысы – жұмыс қарқынын төмендетпей арттыра беру. Баршаңызға сәттілік тілеймін! - деді Ғ.Есқалиев цехтың тұсаукесер рәсімінде.

 

Тоқтар Кенжеғалиев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале