Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мәрлен Ғилымхан «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанды. Марапатты 26 қараша күні Астана қаласында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыстады.

Мәрлен Мәлікұлының 2024 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы арасындағы стратегиялық әріптестік аясында жүзеге асқан «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы бойынша «Төбелер стихиясы», 2025 жылы мемлекеттік тапсырыспен «Үнсіздік айқайы» атты кітабы жарыққа шықты. Оның өлең-жырлары ұжымдық жинақтарда, республикалық әдеби басылымдарда жарияланған. Оған қоса бірқатар шетел қаламгерін қазақшалаған. Ол – «Жусан» психологиялық драмасының авторы, республикалық «Ұлы дала», «Семсер», «Тәуелсіздік толғауы» әдеби байқауларының жүлдегер-жеңімпазы. Бүгінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде докторантурада білім алып жатыр.

Елордада өткен «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жастар саясаты саласында жыл санап жаңа буынды қолдауға бағытталған шаралар мен жобалар артып келе жатқанын атап өтті.
– Президент бастамасы арқылы жоғары білімнің қолжетімділігі артып, жас ғалымдарды қолдауға арналған грант бағдарламалары көбейді, еңбек нарығында жас мамандардың мүмкіндіктерін арттыратын жаңа жобалар іске қосылды. Креативті индустрия, цифрлық экономика, кәсіпкерлік саласында жастарға жол ашатын бастамалар да мемлекет тарапынан қолдау тауып отыр. Президенттің әр Жолдауы, қолға алған реформалары мен бастамалары – жастардың болашағы мен игілігі үшін жасалып жатқан ауқымды өзгерістердің нақты көрінісі. Бұл реформалардың өзегі – Әділдік, Заң мен тәртіп, ашықтық пен жауапкершілік секілді құндылықтарға негізделген, – деді министр.

Осы салтанатты жиында мемлекеттік сыйлық «Әдебиет», «Ғылым», «Эстрада», «Классикалық музыка», «Халық шығармашылығы», «Спорт», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Журналистика», «Қоғамдық қызмет», «Театр және кино» номинациялары бойынша 20 жас дарынға табысталды. Олар – халықаралық және республикалық конкурстар, фестивальдердің лауреаттары, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары, сондай-ақ қоғамның дамуына үлес қосып жүрген жастар.
Ақпаратты ҚР Мәдениет министрлігінің дерегі бойынша Нұртай Текебай дайындады