Республикалық партиялық штаб мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов ауданымызға жұмыс сапарымен келіп, Хан Ордасы және Сайқын ауылында аудан активімен кездесу өткізді. Аудан тұрғындарымен кездескен халық қалаулысы мемлекет басшысының 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы жарлығы және Ата заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жөнінде егжей-тегжейлі айтып өтті.
- Елге келгендегі басты мақсатым - Конституцияға енгізілетін түзетулер жайында айтып, алдағы референдум жөнінде халықтың ойын білу. Бұл реформалар - Президентіміздің саяси бастамаларының логикалық жалғасы. Егер референдумда дауыс берушілер аталған өзгерістерді қолдаса, онда біз Президент айтқан Жаңа Қазақстанды, Әділетті Қазақстанды құруға мүмкіндік аламыз. Бұл ел дамуы үшін маңызды қадам,- деді Аманжан Макәрімұлы.
Конституциялық реформалар басты тақырып болған бұл шарада аудан тұрғындары өзекті мәселелерді алға тартып, сауал қойып, ұсыныстарын білдірді.
Ордалық Талғат Саматов:
- Бөкей ордасының жері көрші елдің әскери сынақ алаңы ретінде пайдалануға берілгені белгілі. Жеріміздің тең жарымы дерлік полигон аймағына жатады. Мал баққан елдің баласы кәсібін өрбітіп, қожалық ашамын десе, жердің тарлығы қолбайлау боп отыр. Полигон аумағын азайтып, жердің белгілі бір мөлшерін қайтаруды үлкен мінберлерден талап ететін кез келді. Жерін полигонға бергеннен аудан халқы зиян шекпесе, пайдасын көріп отырған жоқ. Полигон жерлерін пайдалануға төленетін ақының ең болмағанда 30-40%-ын жергілікті бюджетке аудару керек. Бұл қаржы ауданның әлеуметтік мәселелерін шешуде азды-көпті пайдаға асар еді, - деді.
Аудандық мәслихат депутаты Ғайса Махимов та бірнеше мәселені Макәрімұлының назарына ұсынды. Атап айтқанда, сиырқұйымшақтанып кеткен жол құрылысы, полигон зардабын шеккен аудандар мен Атырау облысының көршілес аудандарының тұрғындарына арнап сауықтыру орталығын ашуды ұсынды.
- Музей-қорықтың жұмысын жандандырып, керегесін кеңейтуге қосымша қаржы бөлінсе, реставрациялық жұмыстар жүргізілер еді. Ішкі туризмді дамытамыз десек, музей жұмысының жанданғаны керек. Жолымыз салынып, музей ісі қолға алынса, тоғайымыз бар, тарихи орындарымыз бар, ауданымыздың туризм саласына жан бітері анық. Бұған әлеуетіміз толығымен жетеді, - деді Ғайса Махимов.
Ауданымыздың бас орманшысы Ақылбек Әлсейітов Орда орман алқабын кеңейтіп, материалдық базасын жақсартуға оң көзқарас пен үлкен қолдау керектігін айтты. Оның айтуынша, орманшылардың жалақысы аз, әлеуметтік жағдайы жұбатуды қажет етеді. «Дипломмен ауылға» сияқты бағдарламаның игілігінен шет қалған орманшылардың жұмысын ынталандыруға ешқандай мүмкіндік қарастырылмаған екен.
Сайқындық ағайын да мәселе көтеруден қалыс қалмады. Аудандық мәслихаттың ең жас депутаты Райымбек Құрманғазиев шекара шебіндегі аудандарға келетін жас мамандардың жан айқайын көтерді.
- Жас маманға жағдай жасайтын бағдарлама бар. Бірақ қаражаты аз. Төрт миллион жарым теңгедей қаржы беріледі. Бұған үй келмейді. Сайқын басындағы үйлердің алты миллион теңгеден кемі жоқ. Осы қаржының көлемін көтерсе, жақсы болар еді, - деп аудандық мәслихат депутаттары атынан түрлі тақырыптағы депутаттық сауалдары жазылған қызметтік хатты табыстады.
- Қала түбінен аспай қалған жас маманға да, шалғай ауданға келген маманға да бір мөлшердегі қолдау қаржы қарастырылған. Шекара шебіндегі аудандарға келген мамандарға басымдық берілсе, - деп бұл мәселені аудандық аурухананың басшысы Анарбек Белисанов жалғастырды.
- Дәл қазір аудандық ауруханада қызмет жасап жатқан отыз дәрігердің тең жарымы зейнеткер. Маман тапшылығы күн тәртібінен түспей тұр. Мемлекеттік грант есебінен оқыған түлектерді міндеттеу керек сияқты. Мамандарымызды қайта даярлауға жіберу де жүзеге аспай отыр. Резедентура мәселесін қайта қарамаса, маман тапшылығын шеше алмаймыз.
Сайқын ауылдық округінің әкімі Нұргүл Омарова Полыня шекара бекетін ашса, кәсіпкерлердің тауар тасымалы жеңілдер еді десе, еңбек ардагері Иманбай Машотов қымбатшылық мәселесін көтерді.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов тұрғындар көтерген мәселелерді назарына алатынын айтып, жергілікті халықты референдумда белсенділік танытуға және өздерінің азаматтық көзқарасын білдіруге шақырды.
Ұлпан Жакина,
Бөкей ордасы ауданы,
zhaikpress.kz