24.01.2023, 9:15
Оқылды: 103

Мәжіліс пен мәслихат жаңа үлгіде жасақталмақ

Мемлекет басшысы биыл 19 қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін тарату және мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлықтарға қол қойды.  

f2f3b30e-4b49-4033-9816-9cc318e93a1b

Содан соң Мәжілістің және түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 19 наурызда өтетінін мәлімдеді. Сайлау науқанының күнтізбелік жоспары мен сайлау ережелерін түсіндіру мақсатында өткен жұма күні облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов жиын өткізді. Іс-шараға саяси партиялардың өңірдегі жетекшілері мен  БАҚ өкілдері қатысты.

Ғайса Хамидоллаұлының мәлімдеуінше, Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы (69-ы) партиялық тізім бойынша, ал қалған 30 пайызы (29-ы) бір мандатты округтерден сайланады. Үміткердің жасы 25-тен асқан және ол ҚР азаматы болуы шарт. Сондай-ақ депутаттар соңғы 10 жылда ел аумағында тұруы маңызды. Облыстық және республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттардың депутаттары да аралас жүйемен сайланады. Депутаттардың 50 пайызы бір мандаттық жүйе арқылы, 50 пайызы партиялық тізім бойынша сайлауға түседі. Өңіріміз бойынша әр түрлі деңгейдегі мәслихаттарға 188 депутат сайлануы тиіс. Оның 30-ы облыстық, 24-і қалалық, ал 134-і аудандық мәслихаттардың депутаты. Мәслихат депутаттығына жасы 20-дан асқан ҚР азаматы үміткер бола алады. Соттылығы болмауы тиіс. Осылайша, Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақталмақ. Сонымен қатар конституциялық реформа аясында саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетілген. Атап айтқанда, партия мүшелерінің санына қатысты талап өзгерді. Яғни бұрын жаңа саяси партия тіркелу үшін оның 20 000 мүшесі болуы тиіс болса, бүгіндері 5 000 мүшенің өзі жеткілікті. Бұрын партиялардың әр өңірдегі өкілдерінің саны кемінде 600 адам болуы тиіс еді, ал қазір бұл талап 200 адамға дейін төмендеген. Партиялардың Мәжіліске өтуіне қажетті дауыстың төменгі шегі де 7 пайыздан 5%-ға дейін шегерілді. Сайлау үдерісіне қоғамның түрлі өкілдерін барынша тарту үшін заңнамаға басқа да тың өзгерістер енгізілген. Мысалы, депутаттық мандаттың 30 пайызын әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бөлу  заң жүзінде бекітілген.

– Депутаттыққа үміткерлерді  ұсыну бүгіннен, яғни 20 қаңтардан басталды. 8 ақпанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де аяқталады. Үміткерлерді ұсыну аяқталған соң тіркеу 18 ақпанға дейін жалғасады. Сайлау алдындағы үгіт-насихат 17 наурыз күні сағат 18:00-ге дейін жүргізіледі. 18 наурыз – тыныштық күні, 19 наурызда Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі және түрлі деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді, –  деді Ғайса Хамидоллаұлы.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале