Бүгін Орал қаласындағы Сəкен Ғұмаров атындағы көркемсурет музей-үйінде осындай тақырыппен облыстық "Приуралье" газетінің фототілшісі болған, өз ісінің шебері, өмірден ерте кеткен Досымов Медет Сүндетұлының шығармашылығына арналған фотокөрме өтуде.
Аңсаған биігіне жете алмай кеткен талантты фотосуретшінің көрмесіне облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері, өзі соңғы деміне дейін еңбек еткен "Жайық Пресс" медиахолдингінің ұжымы, марқұмның туыстары, артында қалған жары мен бүлдіршін қызы, жалпы, өнерді қадірлейтін жұртшылық жиналды.
Музей меңгерушісі Мəмбетқазиева Гүлшарат Рамазанқызының айтуынша, көрмеге айналамызды қоршаған қызылды-жасылды əлемнің өзгелердің назарына ілінбейтін тылсым сəттерін суретке түсіруден жалықпайтын Медеттің объективінен шыққан 38 фотосуреті, жеке басына қатысты деректер мен отбасылық суреттері, баспасөз беттерінде жарық көрген мақалалар, т.б. жəдігерлер қойылды.
Көрмеге қойылған Медеттің фотосуреттері табиғат ғажайыптары, күн сайын жаңарып, жасарып келе жатқан қаламыздың көрнекті орындары, тіршілік тылсымдары тақырыптары бойынша топтастырылған.
Объективін жарқылдатып жүріп өзі де жасындай жарқылдап өткен талантты суретшінің шығармашылығына арналған көрменің ашылу салтанатында сөз алғандардың айтқан естеліктерінде, оқылған өлең-жырларда өкініш пен мақтаныш сезімдері қатар өріліп жатты.
Көрме бір ай бойы, яғни, ағымдағы жылдың 24 желтоқсанына дейін жұмыс істейді.
Айгүл Ахметова
www.zhaikpress.kz