Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Нұржамал Жұмағұлованың қатысуымен брифинг өтті. Онда 2019 жылы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтерді сатып алу жұмыстарының қорытындысы жария етілді.
Спикердің мәлімдеуінше, медициналық сақтандыру қоры 2019 жылы халыққа тегін қызмет көрсететін денсаулық сақтау нысандарымен келісімшарт жасауды аяқтаған. Келісімшарт жасасқан емханалар мен клиникалар Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде мемлекеттік тапсырысты орындамақ.
Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінде қамтылған қызметтерді көрсететін жеткізуші-компанияларды аймақтық комиссия іріктейді. Комиссия құрамында Медициналық сақтандыру қоры, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, пациенттер мен денсаулық сақтау нысандарының мүддесін қорғайтын үкіметтік емес ұйымдардың және медицина қызметкерлерінің кәсіподағы өкілдері бар.
2019 жылдың басында Әлеуетті жеткізушілер дерекқорына облыс бойынша 57 медицина ұйымы енген болатын. Оның 38-і немесе (66,6%-ы) – мемлекеттік, 19 немесе (33,4%-ы) – жеке меншік клиникалар. Яғни, мемлекеттік тапсырысты орындауға құлшыныс білдірген жеке меншік клиникалар саны, өткен жылмен салыстырғанда, 3-ге артып отыр.
Батыс Қазақстан облысы бойынша медициналық сақтандыру қорының филиалы 2019 жылдың қаңтар айында мемлекеттік тапсырысты алу туралы 51 медицина ұйымымен келісімшарт жасасты. Оның 15-і – жеке меншік клиникалар. Бұл көрсеткіш те, 2018 жылмен салыстырғанда, 2-ге артқан. Ал, медициналық көмек көрсететін жеткізуші-ұйымдармен бекітілген келісімшарттың жалпы сомасы 32 млрд. 959 млн. теңгені құрады (оның ішінде, мемлекеттік емханалармен – 30 млрд. 402 млн. теңгенің, жеке меншік клиникалармен – 2 млрд. 557 млн. теңгенің келісімшарты жасалды).
Жеке меншік медицина ұйымдары стационарды алмастыратын көмек түрлерін көрсетуге белсенді түрде атсалысып жатыр. Биыл олардың саны, өткен жылмен салыстырғанда, 2-ге артты.
Сонымен қатар стационарлық көмек, емханалық-амбулаториялық көмек, ауылдық жерлердегі емханалық-амбулаториялық көмек, консультативтік-диагностикалық көмек, жеке меншік клиникалар көрсететін медициналық көмек түрлері де көбейді.
zhaikpress.kz