"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы жыл басынан бері халыққа тегін қызмет көрсеткен медицина ұйымдарына мемлекеттік тапсырыс бойынша көрсетілген қызметтер үшін 13 млрд. теңге төледі. Қаржы кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті (ТМККК) шеңберінде бөлінді.
«2019 жылдың мамырындағы мәліметтер бойынша, Қормен Батыс Қазақстан облысы бойынша келісімшарт бекіткен жеткізуші компанияларға –медициналық ұйымдарға 13 млрд. теңге төленді. Бұл жалпы кепілдендірілген медициналық көмек пакеті шеңберінде БҚО бойынша бекітілген келісімшарт сомасының 40% пайызын құрайды», - деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры» БҚО филиалының директоры Нұржамал Жұмағұлова.
2019 жылы МСҚ кепілдендірілген көмек түрлерін көрсетуге құлшыныс білдірген медицина ұйымдарымен 32,4 теңгенің келісімшартын бекіткен болатын. Бұл өткен жылы бөлінген қаржыдан 6,5 пайызға артық.
«Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Бөлінген қаражат медицина мекемелерінің операциялық шығындарын өтеуге жеткілікті», - деді Нұржамал Жұмағұлова.
Биылғы жылы мемлекеттік тапсырысты БҚО бойынша 51 медицина ұйымы орындайды. Оның ішінде 15 жеке меншік клиника да бар.
Естеріңізге сала кетсек, МСҚ 2018 жылдан бастап ТМККК және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеттерінің қаржылық операторы болып табылады және халыққа көрсетілетін медициналық қызметтерді ҚР Үкіметі бекіткен тәртіп бойынша сатып алады.
«ӘМСҚ» КЕАҚ БҚО филиалы