17.10.2024, 11:00
Оқылды: 69

Мейіржан Шермахамбет: «Осы әлем чемпионатында зор жетістікке жеткім келеді»

Мейіржан Шермахамбет – Албания астанасы Тиранада өтетін күрестен әлем чемпионатында сынға түсетін тәжірибелі палуанның бірі. Ол 2018 жылғы ӘЧ-да 67 кг дейінгі салмақта қола жүлде алған, Азия чемпионы (2022 жыл) және күміс жүлдегері (2019 жыл). Бұл туралы Спортты дамыту дирекциясы жазды.

IMG_8704

Суреттер: Спортты дамыту дирекциясы

Мейіржан 2022 жылы Үндістанда көзіне ота жасатқан соң 1 жыл үзіліс алды. Ал былтыр Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарында ақтық сынға шығып, қоржынға күміс медаль салған.

Айдың аяғында Шермахамбет Тиранада Олимпиада бағдарламасына кірмейтін 72 кг дейінгі салмақта күреседі. Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында спортшы бұл салмақта өзін еркін сезінетінін айтты.

«Бірнеше күн бұрын Хорватияда Грузия, Сербия, Украина, Латвия, Литва сынды 16 елдің командасы қатысқан ауқымды оқу-жаттығу жиынынан келдік. Бәрімізге жақсы жиын болды. Сосын, Алматыда Қазақстан чемпионы атанған Николай Хапкомен күресіп, әлем чемпионатына кім баратынын анықтадық. Екеуміз бұрын соңды күреспегенбіз. Десек те мен Николайға жеке дайындалған жоқпын. Сол күні бар шеберлігімді көрсеттім деп ойлаймын»,-деді.

Еске сала кетейік, Мейіржан осы уақытқа дейін бірнеше халықаралық турнирде 72 кг салмақта өнер көрсеткен.

«Биыл Қазан қаласында өткен БРИКС ойындарында осы салмақта күміс жүлде алғам. Оған дейін де рейтингтік жарыстарда 72 кг салмақта күрескенмін. Демек, менің қазіргі басымдығым салмақ қумайтыным. Осы әлем чемпионатынан кейін өзімнің салмағыма ораламын (67 кг). Әр үлкен жарыс тәжірибені арттырады. Тиранада сәтін салып, зор жетістікке жетсем деймін»,-деп айтты Мейіржан.

Айта кетейік, Албания астанасындағы бәсеке 28-31 қазан аралығында өтеді. Грек-рим күресінің шеберлері чемпионатты бастап, 29 қазанда кешке жүлдегерлерді анықтайды.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале