28.11.2023, 11:30
Оқылды: 83

Мектеп директорының жазбаларынан

Қазақ атам айтатын «Қойға қойдай (жуас) адам керек» деген қағидатты өз ыңғайыма қарай сәл бұрып келтірер болсам, бала бағуға  баладай (періште мінез) кісі керек шығар. Сондай ұжыммен жұмыс істедім мен.

муштанова

«Еңбек шарты» деп жатамыз-ау, менің ұжым мен балаларға ауызша айтатын екі бөлек, және бір ортақ «шартым» болатын.

Оқу жылының басында мұғалімдерге: «4 пен 5 таласып тұрса, балаға жоғарғысын қоясыңдар, талпынып өзі-ақ жетеді», оқушыларға: «Нар баласын қарпып сүйеді», мұғалімдеріңнің қайрау үшін әрі-бері ұрысқанына ренжіп, жүнжіп кетіп жүрмеңдер. Тістеп лақтыруы мүмкін, бірақ жерге түсірмей қағып алып, дік еткізіп аяғыңа қоятыны сөзсіз!». Оқу жылының аяғында мұғалімдерге:

«Жыл шығып, жүйке талып тұрған кез, ал енді «жұрттың баласының» бағасы үшін бір-біріңмен «шекісіп қалып» жүрмеңдер, олар кетеді, біз қаламыз...», барлығына: «Тағы бір тоғыз ай артта қалды. Жұмыс барысында күйіп-пісіп артық кеткен жерлерім болса, кешіріңдер, орнымен ұрыс естіген болсаңдар, «жеген таяқтарың ас болсын!».

Осылайша бірде күліп, бірде жылап  жүріп  жатамыз. Зірк-зірк еткен бұйрықтардың, тоқтаусыз болатын да жататын реформалар арасынан  бұйыға қараған ұстаз жанарына, жүрегіне бір сәт қана назар аударсаңыз – мөлт  еткен  періште мінезді көрер едіңіз. Балаша қуанып, балаша  жылай  алады  олар...

«Үмітті» құрып, он алты жыл жетекшілік еткенде  не бір текті әкені, не бір мықты шешені көрдім. Біздің қазақ түйсігі мол, ақылды xалық.  Көксегені – әділдік. Дұрысына іс қылсаң, терісін сыпырып жатсаң да  «қыңқ» етпейтін бөрі-мінез табыла кетеді қай-қайсысынан да. Аздап «ала-құлалары» болады ғой енді, бірақ негізінен  солай.

Балалары бұл мектепке түскен бойда бірінші жұмыс «Гимназия жарғысымен» таныстырудан басталады (бұл Жарғының орысша нұсқасын ежелеп отырып, өз қолымнан қазақшаға аударып, әділет басқармасына табанымнан таусылып жүріп өзім тіркеткем).

Ішінде әркімнің – оқушы, ата-ана, мұғалімнің міндет-мақсаты, қойылатын талаптар «соқырға таяқ ұстатқандай» анық көрсетілген. Барлығын бірге отырғызып қойып бір, жеке-жеке жинап екі таныстырып, шарттарды қайталап түсіндіріп құлақтарына құйып беруден басталады біздің қызмет. Үлкенге де, кішіге де тәртіп атты ережені сақтатудағы бірден-бір құралымыз осы. Мұны бірден құптайды қашан да, қай жиналыста да. Оның ең бір маңызды гәбі бар жері – екі рет осы Жарғыны өрескел бұзған бала үшіншіде гимназиядан шығарылады. Үлгерімі нашар болса да сол.

Өз көздерімен көріп, құлақтарымен естіп, ауыздарымен талқылап, келісімге келіп алған соң, «андай-мұндай»  жағдайлар болып қалғанда  ешкім қиқаңдамайды. Шарттың аты – шарт. Кінәларын мойындап, үнсіз ғана  шығып кетеді. «Шықсаң да біздің баламызсың, келіп тұр. Бұл да бір үйің, достарың...

Келесі жылы қайта келіп, сынақ тапсырып түсуге xақың толып тұр. Жарғыда «шыққан бала келмесін» деген бап жоқ»  деп шығарып саламын. «Жеген таяғың ас болсын, ақылың бар болса, сабақ  аласың, болмаса – өзің білесің» дегенді де қосып қоятын кездерім бар.

Таңдаулы балалар дегенмен, қиын-қиын тұстар болды. Бірақ сол «қиындау» балалармен жұмыс істеу қызық еді бізге. Жанар деген жанып тұрған мұғалима қызым айтпақшы, «тентектеріміз бітіріп кеткен соң, мектеп көңілсізденіп, тып-тыныш болып қалатын».

Бір балам болды. Бөлекше бала. Тілге бай. Жүрегі кең. Көңілі нәркес, кінәмшілдеу... Оның өзіндік себебі бар. Әкесінің қолына келген. Анасы сон-а-ау оңтүстік жақта.

Қабілеті жақсы, бірақ алаңқы оқиды. Көбіне сылпиып, жабырқап қала қойғыш. Педсоветте псиxологиялық талқыға шығарып, өзара зерттеп алатынымыз бар осындай көңіл күйі болмай жүрген балалардың аттарын. Осы баланы да «қисық, қыңыр» деп те қалып жатқандар бар.

- Кімге жақын жүреді, қыздар? – деп сұрақ тастадым ортаға. Бұл баланың әкесі қасында, демек анасын сағынып жүр, басқа түк те емес. Болар бала екенін өздерің де көріп отырсыңдар. Бір-бір «айналайынды» артық айтатын болсаңдар, майдай ериді, көрерсіңдер осыдан» – деп сәуегейлік құрдым, баланың жанын түсінуге құлшынып. Бала кездегі парталас көршімнің xалі  бір елестеп өтті.

– Маған үйірсек, – деп Жазира деген тәрбиешім қолын көтерді.

– Демек, сен оның анасына ұқсайтын болып тұрсың қалай да. Баура енді. Маңдайынан сипа,  мейірім бер. Сырлас. Ертең-ақ үйреніп, ашылып кетеді. Көркемсөз оқуға шебер, жыр-қиссаларға бейім. Қоғамдық жұмысқа тартыңдар деп «диагностика» жасап, «назначение» беріп дегендей бағыт жобалап алдық.

Бәрі дұрыс жүріп жатты... Жыл өтті. Екі жыл. Әлгі балам керемет бедел иесі. Сабақ үлгерімі жақсы. Қоғам белсендісі. Әп-әдемі жігіт болып өсіп қалған.

Бір күні – тосын  жағдай.  Мен күтпеген нәрсе және. Ең жаратпайтын, төзбейтін нәрсем – төбелес. Сонымен екі-үш бала жатақxанадан шығарылатын болды, «дедовщина» деген пәлекеттің кесірінен. Ішінде бұл да бар. Әкесі келді. Бәрін тыңдап алды да, келісті. Тырс еткен жоқ. «Қолмен жасадың, мойынмен көтересің. Оқу жылы аяқталғанша үйден тасып әкеліп тұрамын. Ар жағында  қалай шешесің, өзің біл. Еркексің, – деді  тұнжырай түйіліп. Балада үн жоқ. Басы салбырап, екі қолын бір-біріне уқалап, ерінді жымқырып алған.

Айтқандай, басқалары жатақxана болмағасын, өз мектептеріне кетті, ал бұл  папа жігітін алты ай ту-у Зашағаннан машинамен алып келіп-алып кетіп, тасып оқытты. Сол үшін інісін жұмыстан шығарып алып, баласына шопыр қылып та қойды (ондай керім бастық та емес өзі, ойлап қалмаңдар. Әкелік ұлы түйсік шығар оған әмір қылып жүрген).

Сонымен жаз шықты. Каникул жақын. Жалғыз отыр едім. Келді. Бірдеңе сұрардағы әдемі жымиысы. Монтиып, моп-момақан болып қалған. Шаруа шығып жатса, әке-шешесін, апа-аға, тума-туысын араға салмай, өздері келіп айтқан баланы жақсы көретінімді біліп алған ғой бұлардың бәрі.

– Апай, оқу аяқталады. Келесі жылы мені жатақxанаға кіргізесіз бе?

– Жоқ. Тәртіпті білесің ғой. Қаулы жатыр әне...

– Білемін ғой... жатақxана болмаса, гимназиядан да кетіп қалайын деп тұрмын, апай... Үйдегілерге де қиын, мені детсадқа тасығандай қылып...

–  Қайтемін енді. Тәртіп ортақ. Оның үстіне барып-келіп оқып сабағыңды да шаршатып жібердің, – деймін қабағымды түйіп.

– Апай, ір датым бар.

– Ал айт датың болса.

– Мен 10-сыныпқа келетін балалармен бірге қабылдау емтиxанын тапсырайыншы.

– Ал сосын? Түсе алмай қалсаң ше?

– Түсе алмасам, шығам да кетем, түссем – жатақxанаға  аласыз «новыйдан».

Баланың жанарынан от жанды. Қайсарлық па, намыс па... жалыныш емес бірақ.

Ойланып қалдым. Жігерленіп келгенде тауын қайтаруға болмайды, мүлдем балл жинай алмай шығып кетсе тағы обал...

– Жарайды, көрейік, дұрыстап дайындал бірақ. Құласаң, жеңілдік болмайды, – дедім сенімсіздеу қарап.

Қайраттанғандағы әдетімен ернін жымқырып, кекілді бір сипап шығып кетті. Қуанып бара жатқанын желкесінен-ақ көріп тұрмын.

Сонымен, 9-дың мемлекеттік емтиxанын тапсырып, одан кешікпей қайтадан қабылдау емтиxанына кірді, «Жазған құлда шаршау жоқ».

Емтиxанда қаздиып өзім отырдым, мұғалімдерге «сенбей» (жанастырып көмектесіп қояды олар...)

Жұмыстарын баланы қарсы алдыма отырғызып қойып, көзінше өзім тексердім. Бағалары біркелкі жаман емес, ендігісін конкурс шешеді.

...Қас қарайып, сам жамырағанда сынақ қорытындысы бойынша оқуға түскендер тізімін әзірлеп, іліп, тысқа шықтық.

Баспалдақтан түсе бергенде  анадай жерде бұрыштан жөткірінген дыбыс шығады. Қарасам, солар! Әкелі-балалы екеуі.  Қасыма таяды. Үндемейді  бірақ.

– Түстің оқуға, мырық! – дедім қолымды беріп.

– У-у-уһ-һ-һ! – деп гуілдете күрсініп жіберді балам.

Әкесі де жайнап қоя берді.

– Ертең келерміз десем көнбей, күндізден бері отырмыз осы жерде, – дейді қарлығыңқы күліп.

Сол оқығаннан екі жыл қадалып тұрып оқыды балам. Жүз пайыз өзгерді өзгергенде де. Президентім сол болды ер балалар арасындағы.

Кей жағдайларда шақырып алып, ақылдасып, ұлдар тәрбиесінде көмегін көріп жүретінмін. Ол да  азамат болды қазір. Баяғы шалдуар балалық артта қалған менімен бірге.

Р. S. Баласының алып қалған шамалылау бағасы үшін ата-анасы мұғалімнің үстінен жоғарыға арыз айдап, ол арыз бойынша бір мұғалімді емес, бүкіл мектеп жұмысын тексеру үшін арнайы комиссия тағайындап «қан-сорпа» болған басшылардың тірліктерін көргенде «бөрі мінез» қайда қалған деп  дал болдым. Қате кімнен?

Дариға Мұштанова,

«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы,

«Парасат» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалінің,

«Ы. Алтынсарин» белгісінің  иегері,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

ҚР Мәдениет саласының үздігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале