5.10.2017, 18:14
Оқылды: 52

«Мектеп музейлері арқылы өлкетану жұмыстарын жандандыру қажет»

Бүгін облыстық білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен «Тәрбие жүйесі және қосымша білім берудің болашағы мен жаңа бағыттары» тақырыбында халықаралық ғылыми-машықтық конференция өтті.

Оған Ресейдің Мәскеу қаласы мен Самара, Саратов және еліміздің Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарынан келген педагог, психолог және мектеп музейі мамандары қатысты. Конференцияда рухани жаңғыру аясында қазіргі заманға сай мектептерде қосымша білім беру мен тәрбие жүйесін дамыту, жаңа технологияларды талқылау, балаларға кәсіби бағдар беру, инновациялық қызметке ынталандыру және жергілікті өлкеде туризмді дамыту мәселелері қарастырылды.

– Ғұлама Әбу Насыр Әл Фараби тәрбиесіз берілген білім қауіпті екенін айтқаны мәлім. Оқушыларды ұлттық құндылықтар арқылы тәрбиелеуге көңіл бөлеміз. Қазіргі уақытта сынып жетекшісі қызметін жетілдіру де маңызды. Мектеп музейлері арқылы өлкетану жұмыстарын жандандыру қажет. Конференцияда өзара тәжірибе алмасу бағатында білім саласына қатысты маңызды мәселелер талқыланды, – деді мектепке дейінгі, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының Батыс Қазақстан облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің директоры Аягөз Хамзина.

Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының «Өнер және кәсіптік бағдарлау» мектебінің директоры Гүлсім Құлғалидың айтуынша, баланың бос уақытын пайдалану мақсатында түрлі бағытта қызмет ететін үйірмелерді көптеп ашу маңызды. Өнерлі балаларды тәрбиелеуге ерекше мән беріп, талантын шыңдау керек. Конференцияда Ресейдің Самара облысы Краснооктьябр ауылындағы А.Каргин атындағы мектеп директоры Наталья Коба тәжірибесімен бөлісті.

– Біздің білім ордасы жанында үш жылдан бері ауыл мектептері деңгейінде патриоттық тәрбие беру әдіснамасын үйлестіретін өңірлік инновациялық алаң ретінде қызмет етеді. Соған байланысты құрылған әскери-патриоттық клуб мүшелері 5-6 және 10-11- сыныптарға арналған екі жасаққа топтастырылған. Мен осы инновациялық алаңға іс-шаралар жоспарымен қазақстандық әріптестерімді таныстырдым, – деді ол.

Орал қаласындағы Оқушылар және жастар сарайында өткен конференцияға 150 педагог маман қатысты. Олар түрлі бағытта ұйымдастырылған секциялық отырыстарда баяндама жасап, ортақ мәселелерді талқылады.

 Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале