12.04.2022, 11:00
Оқылды: 467

Мектепте әлімжеттік әлі бар ма?

Осы сұрақты бірнеше ата-анаға қойып, сөйлестім. Олардың  айтуынша, мектепте әлімжеттік әлі бар екен. Мектептегі буллингтің құрбаны болып жүрген балалары туралы айтқан аналар аты-жөнін көрсетпеуімді өтінді. Өйткені олар әлі де біраз  жыл мектеп қабырғасында оқитын балаларының «ақ қарға» болғанын қаламайды екен. Сондықтан да біз аналардың алаңдаушылығына түсіністікпен қарауға тырыстық. Бүгінгі мақаламызда «Мектептегі әлімжеттік деген не?», «Бұзақылыққа кімдер қатысады?», «Егер сіздің балаңыз мектептегі буллингтің (қорлау) құрбаны болса немесе балаңыз бұзақы болса, не істеу керек?» деген сұрақтарға жауап іздеп көрдік. 

52

Фотосурет: vogazeta.ru

Мектептегі буллингті (әлімжеттік) кімдер жасайды?

Әр сыныпта ашушаң, күш-қуаты көп, агрессор балалар болады. Олар өзінің қатарласын қорлап, кемсіту үшін әрдайым күш қолдана бермейді. Ауызша кекетіп, келемеждеу, қыжыртып сөйлеу, жәбірленушінің жүйкесіне тиюі мүмкін немесе олардың кейбірі қатарласының намысына тиетін ауыр сөздер айту арқылы психологиялық қысым көрсетеді. Ағылшын тілінен аударғанда bullying – «қорқыту», «қорлау» деген мағынаны білдіреді. Мектептегі буллинг немесе әлімжеттік көбіне бастауыш және орта сыныптарда оқитын балаларда ұшырасады.

Әлімжеттік көп жағдайда  бұзақы балалардың тарапынан жүзеге асады. Мектептегі буллингтің де өз рөлдері бар. Негізгі үшеуі: бұзақылар (қорқытуды ойлап тауып, жетекшілік етеді), бақылаушылар (жанжалдан алшақ болып көрінгенімен, агрессорларды мақұлдайды немесе айыптайды) және жәбірленуші. Көбінесе бұзақылар – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалар болып келеді. Егер ата-анасы баланы үйде ұрып-соғып, қорласа, келесі күні ол әлсіз сыныптастарын жеңуге тырысады. Мұндай балаға мамандардың көмегі қажет. Мектептегі немесе сыныптағы қақтығыс жағдайы бір қарағанда бұзақы бала мен жәбірленушіге қатысты көрінгенімен, сол жағдайға куә болған бақылаушы балалар да жапа шегеді екен. Психологияда тіпті «бақылаушы жарақаты» деген термин бар. Көбінесе  эмоциялық, әлде күш қолдану арқылы жасалған зорлық-зомбылықтың үнсіз куәгері болып келген балалардың да психологиясы бұзылады. Кез келген бала  күш-қуаты көп, интеллектуалдық қабілеті жоғары болғанына қарамастан, мектептегі буллингтің құрбаны болуы мүмкін. Бұл жағдайда ата-ана баласымен ашық сөйлесіп, мүмкіндігінше мәселені дер уақытында шешкені дұрыс.

«Черт» болғым келмейді

Бұл қала мектептерінің бірінде 6-сыныпта оқитын ұлдың анасына айтқан сөзі. Бастауыш сыныптан бастап сыныптастарынан «Сен чертсың, сен никтосың» деген  сөздерді естіп келе жатқан баланың «Мектепке бармаймын!» деп қиғылық салған кездері көп болыпты. Анасы мектептегі буллингпен әлі жеткенінше күресіп келеді. Үйден ұлына: «Сен мықтысың, сен ақылдысың, олардың сөзіне мән берме» деп қайрап, жігер беріп отырады екен. Өзінің аты-жөнін жазбауды өтінген ана тақырыпқа қатысты ойын былай өрбітті:

– Мектепте әлімжеттік бар. Сондықтан ата-ана баласын назардан тыс қалдырмағаны дұрыс. Жалпы, өмірде түсінгенім – мектепті де, мұғалімді де бұзатын жағымпаз ата-аналар. Бір ата-аналар болады. Үнемі мұғалімге сыйлық ұсынады. Содан келіп ол бала сыныптағы көшбасшыға айналады. Кейбір жағымпаз атаананың баласы сабақ оқымаса да, жақсы баға алады. Ойларына келгенін жасайды. 3-4-сыныпта оқығанда балам «Мектепке бармаймын» деп жылайтын. Негізі, ұлымның мінезі жайлы, сабырлы. Қақ-соқпен жұмысы жоқ, өзімен-өзі жүреді. Бірақ соған қарамастан сыныптағы тентек балалар үнемі сөзбен тиісіп, кекетіп-мұқатып отырады екен. Ұлым кішкентай кезінде отбасындағы жанжал­ды көріп, қорқып қалған. Сондықтан әлденеге мазасызданса, жүрегі қатты соғады (такихардия). Қазіргі күнде әкесімен бірге тұрмаймыз. Ана ретінде ұлымның өзгелерден қиянат көріп, еңсесі түсіп жүргенін көргім келмейді. Ол өзін көрсеткісі келіп, белсенді бола бастаса, сыныбындағы балалар «Сен чертсың, сен никтосың. Аузыңды жап!» деп тығырыққа тірейді. Өзін қорғауды үйренсін деп, күреске де бердім.  Осы мәселені сынып жетекшісіне ескертіп, ата-аналар чатына да жаздым. Қызығы сол, ата-аналар шарылдап, өз баласын жақтайды. Ұлыммен қай кезде де ашық сөйлесіп, не мазалайтынын сұрап отырамын. Сыныптағы жағдайды бірнеше рет ескертіп айтқан соң, басылғандай болды. Балама «Өзің ешкімге тиіспе, тиіскен кісінің сазайын бер» деп үйретемін, - дейді бізбен сөйлескен ана. Тағы бір оқушының анасы мектепте тәртіп жоқтығын, тәрбие сағаттары жүргізілмейтінін алға тартты.

– Біздің сыныпта бір жылда сынып жетекшісі алты рет ауысты. Өзім мұғалім қойған бар талапты орындауға тырысамын. Тек мен емес, ата-аналардың барлығы дерлік солай жасайды. «Ертең көк галстук тағып келсін» десе, қайдан тапсақ та, екі кештің ортасында  соны тауып, тағып жібереміз. Бірақ олар іс-шараларды соған сай өткізбейді. Әлеуметтік желілерге фотоларын керім іс-шара өткізгендей қылып, салып қояды. Шын мәнінде, бәрі – көзбояушылық. Мұғалімге жағынатын ата-аналар көбейді.

Балалар достық, татулық деген ұғымдарды жете түсінбейді. Соның кесірінен де мектепте әлімжеттік орын алады. Балама оқуға мүмкіндік бермеген соң, басқа мектепке ауыстырып жатырмын, – дейді ол.

Балаңыздың буллингтің құрбаны болғанын қалай білуге болады?

Отбасының әл-ауқатына, ата-анасының қамқорлығына және даму деңгейіне қарамастан, кез келген бала буллингтің құрбаны болуы мүмкін. Балалардың бәрі бірдей мектептегі жағдайды ата-анасына айта бермейді. Психологтардың айтуынша, бұл жағдайда баланың оқу үлгерімі нашарлап, мектепке барғысы келмейді. Мінезі жайлы балалар ашушаң болып кетуі мүмкін. Кей балаларда энурез, мұңды көзқарас, ұйқының бұзылуы, әр нәрседен үрейлену, шектен тыс сақтық байқалады. Мектептегі буллинг барлық балаға жағымсыз әсер сыйлайды. Жәбірленуші оқушылар депрессияға ұшырап, психикасы бұзылады. Кейбірі өз-өзіне қол жұмсауға әрекет жасауы мүмкін. Сондықтан ата-аналар мәселені білген жағдайда перзентін «Өзің кінәлісің, шүберек болма, сені бір ұрса, оны сен екі ұрмайсың ба?» деп айыптамай, оған сенім білдіргені дұрыс. Мәселен, «Сен кінәлі емессің. Мен саған сенемін. Қандай жағдайда да, сені жалғыз тастамаймын» деп жігерлендіргені жөн екен. Одан әрі қарай баланың сынып жетекшісі, бұзақы балалардың атаанасымен кездесіп, мәселені кешенді шешуге әрекет жасау керек. Өкінішке орай, ата-аналардың барлығы мектептен қолдау таба бермейді. Егер барлық қадамдарға қарамастан шабуыл тоқтамаса, баланың мектебін ауыстыру арқылы оны жан жарақатынан қорғаған дұрыс.

«Мені түсін, құтқаршы!»

Психоаналитикалық бағыттағы белгілі психолог Ботакөз Тасеменова (суретте) ата-аналар мен мұғалімдердің мұндай жағдай байқалған кезде, сыртқа шығармай жауып тастағанды жөн көретінін айтады.

53

– Мысал келтіретін болсам, ата-ана буллингтің құрбаны болған балаларды алып келеді. Кейбіреулері бірнеше мектеп ауыстырған, бірақ қайда барса да – «Қорқыттың көрі». Буллингтің құрбаны болған баланың да, буллердің де жанына терең үңілсек, «Мені түсін, құтқаршы» деген жанайқай жатады.  Ата-аналар болса, «Осы бала үшін шауып жүрміз, тек соңғы үлгідегі нәрселерді алып береміз, шетелге демалысқа алып барамыз» деп ақталады. Бірақ баласының осы кезге дейін буллингтің құрбаны болғанын байқамай жүрген. Буллингтің құрбаны тек нашар оқитын немесе қандай да болмасын психикалық ауытқушылығы, физикалық кемшілігі бар балалар емес­тігін ескерсек, әр жағдайдың өз ерекшелігі барын байқауға болады.  Ал енді бірі баланың тек сабағы жақсы болғанына мәз болып жүріп, жасөспірім суицидке (дер кезінде байқап қалған) дейін барған кезде ғана назар аударған. Баланың айтуынша, сыныптастары оны «ботаник, мұғалімге жалбақай» деп мазақтап, топтарына қоспаған. Ата-анасының үрейі: «Ешкім біліп қалмасын, ұят, өзіміз шешеміз, баланы басқа мектепке береміз» дейді. Баланы алып қашып әрбір мектепке ауыстыру да дұрыс емес. Сол мектептің мұғалімі, психологі, әкімшілігі бірлесіп жұмыстануы керек.

Буллинг – ұлдардың арасында да, қыздардың арасында да кездеседі. Ұлдардың арасында көшбасшылыққа деген талас болса, қыздарда көбінесе көреалмаушылық басым. Қыздардың айтатыны: «Мен жақсы киінемін, жақсы оқимын. Басқа сыныптың немесе өз сыныбымыздың ұлдары көбірек назар аударғанын байқап олар мені шеттетеді» деген уәж айтады.  Өз тәжірибеме сүйеніп айтатын болсам, маған келген жасөспірімдердің арасында жәбір көрушілердің басым бөлігі – қыз балалар. Әрқайсысының негізгі себебін іздестіріп көрсек, әке-шеше мен баланың арасында эмоционалдық байланыстың болмауы. Өкінішке орай, ата-аналардың көбі «Материалдық жағдайды шешеміз, баланы қамтамасыз етеміз» деп жүгіріп жүреді де, перзентінің көңіл күйіне, жан дүниесіне үңіліп жатпайды, – дейді Ботакөз Тасеменова.

Психологтың айтуынша, өз отбасында буллингтің құрбаны болған бала сыртта өзгеге соны қайталайды. Өзінің әлсіздігін байқатпау үшін, өзінен әлсізді тауып алады. Себебі жасөспірімдер бір-бірінің әлсіз тұстарын бейсаналы түрде сезіп тұрады. Статистика бойынша буллингтің құрбаны болған балалардың 80 пайызы «Мені түсінбейді, көңілі қалады, жақсы көрмей қалады» деп болған жәйтті  әке-шешесіне айта алмайды екен.

Буллинг – көп жағдайда бір нәрсенің өтеуі секілді, өзін-өзі бағалаудың бұрмаланған түрі. Өзгенің алдында өзін мықты қылып көрсету. Мұндай жағдайды (буллинг) байқаған кезде ата-ана балаға жақын болып, жан дүниесіне үңіліп, көңіл күйіне өте мұ­қият назар аударған жөн. Мейлі агрессордың, мейлі жапа шегушінің ата-анасы, ұстазы, айналасындағы ересек адамдар болсын  түсінуге тырысып, терапияға апарып, уақытында баланың жан жарасын емдеуге тырысу керек.

Түйін

Қазіргі кезде ашушаң, ызақор балалардың көбейіп бара жатқаны туралы кей мұғалімдердің өздері де айтып жүр. «Тәрбие – тал бесіктен басталады» десек  те, мектеп қабырғасында  тәрбиелік  іс-шаралардың сиреп кеткені рас. «Орал  өңірі»  газеті  оқырмандарының  басым  бөлігі  – мұғалімдер. Осы  бағытта  тәжірибелі  ұстаздарға  «Мектептегі  буллингтің  жолына қалай тұсау салдыңыз? Агрессор, ызақор  балалармен қандай жұмыс жасадыңыз?», «Буллингтің құрбаны болған балаларға қандай қолдау көрсеттіңіз?»  деген сұрақтарды жолдап, жауап күтеміз.  Мүмкіндігінше, өз тәжірибелеріңізбен  бөлісіп, өз ойларыңызды жазып жіберсеңіздер.

Әр мектептің қабырғасында орын алуы  мүмкін мәселенің түйінін бірге тарқатайық. Белсенді болыңыз, мұғалім!

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале