16.05.2023, 10:15
Оқылды: 105

Мектепте оқитын «жапон тыңшысы»

31 мамыр – Саяси  қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

«Қазақ халқын қорғаушылар одағы» ұйымы жайындағы шығарманы одан әрі толықтырып жазудамын. Тақырып тереңдеген сайын ашылып, қызықтыра түсуде. Ең әуелі, қалың жұртшылық пен оқырмандарды тарта отырып, бұдан былай әрбір боздақтың толықтырған өмірбаяндарын жариялауды жөн көрдім. Айта кетейік, бұған дейінгі жазғандарымда жазықсыз жазаланған жастардың мемлекеттік мұрағаттағы анкеталық деректерінен алынған қысқаша өмірбаяндары беріліп келген еді.  Енді әрбір боздақты жеке-жеке зерттеуді бастадым. Олардың деректерін толықтыруға жерлестері, туған-туысқандары, ұрпақтары және қалың жұртшылық үлес қосады деген үміттемін.

Ұйымға тартылып, жазықсыз жазалауға ұшырағандар 18 бен 28 жас аралығындағы өндір ұландар еді. Олардың ішіндегі ең жасы – Өтеген Аманов (13.04.1923 - 5.02.2003 ж.). Оныншы класта оқып жүрген кезінде тура сабақ үстінде ұстап әкетілген. Кейін Өтегеннің сыныптасы, ардагер журналист Мәжит Жаданов өз естелігінде:

«1941 жылдың 22 желтоқсанында белгіленген кесте бойынша бірінші сабақ тарих еді. Бұл пәннен дәріс беретін  мектеп директоры Сүлеймен Өтешев болатын. Сабақ басталып та кеткен. Сәлден кейін есік қағылып, класқа кірген аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Сәбитов төсқалтасынан суырып алған бір қағазға үңілді де: «Аманов Өтеген бар ма?» деп сұрады. «Бар. Менмін!» деп Өтеген орнынан тұрды. «Жүріңіз, кітаптарыңды да ала жүр» деп милиция бастығы Өтегенді ілестіріп шығып кетті.

Аң-таң болып біз қалдық. Үзіліс кезінде бір-бірімізден «Не үшін?» деп сұраймыз. Бірақ ешкім тіс жарып ештеңе айта алмады. Сол кетуден Өтеген бір хабар берместен мол кетті» – деп жазды.

e04bdce3-1fc8-47f4-8b70-b878962e8b02

Өтеген Аманов

Сондағы таққан айыптары – он сегіз жасар Өтеген мектепте жасырынып жүрген «жапон тыңшысы» екен. Мақсаты – Қазақстанды  КСРОдан бөліп алып, Жапонияға сатып жіберу болыпты.

Арғы аталары Ерші Қызылқұрт руынан болып келетін шаруасы шалқыған, өсіп-өнген үш ағайындыдан тарайтын бұл әулеттің тағдыры шытырман. Бота, Жұмағұл, Аман әулеттерін қызылдар төңкерісі быт-шыт қылды. Тәркіледі, айдады, атты, қуғындады. Кейбіреуін аштық жалмады. Сонда да текті әулет қайта көктеді. Кеңес дәуірінде Бутиндер, Жұмағұловтар, Амановтар ұрпағының аты қайта түледі.

238e6908-dec4-49e8-b895-fa9c64634921

Амановтар

Жаңақаланың 14 ауылын мекен еткен Аман ауқатты адам болған. Мал-мүлкі тәркіленіп, күнкөріссіз қалған Аман бай ашаршылық жылдарында (1932 ) қайтыс болған.

Ұрпақтары – Мұтақан, (1898 ж.т.), Шахман, Өтеген (1923-2003 ж.ж.), Төлеуғали (1929-1995 ж.ж.), Ибадулла (Ильяс ) (1932 ж.)

Амановтар әулеті отағасы дүниеден озғаннан кейін Фурманов ауданының орталығы Фурманов поселкесіне (Жалпақталға) қоныс аударады. Әулеттің бас көтергені Мұтақан Карл Маркс атындағы ұжымдық шаруашылыққа қалған-құтқан мал-мүліктерін біріктіреді. Одан кейінгі ұл –
Шахман  «Уполнаркомхоздың» кіші нұсқаушысы қызметіне тұрады.

Кеңес заманында Амановтар оқып, мамандық алып, түрлі деңгейдегі басшылық қызметтердің тізгінін ұстады. Өтегеннің інісі Төлеуғали Аманов жоғары білімді малдәрігерлік мамандығын алып, шаруашылықтарда бас малдәрігері, ұжымшар төрағасы, аудандық деңгейдегі басшылық қызметтердің тізгінін ұстады.

Бүгінде Амановтар ұрпақтары Батыс Қазақстан, Қарағанды, Алматы облыстарында тұрады. Өтеген Амановтың Әлібек, Орманбек деген ұлдары, Рая, Сәуле, Зәуре деген қыздары Қарағанды, Алматы өңірлерінде тұрады. Жұбайы –  Ұмсынай  Қарағандыда.

Бутиндер

Бота ұрпақтары кеңес заманында Бутиндер болып қалыптасты.

Ботадан – Есен, Айтжан, Мәжікен (1910 -1974 ж.ж.), Ілияс (1932 ж.) Бутиндер тарайды. Бұлардың ішінде кеңес заманында оқып, жоғары білім алып, ғылым жолына түскендері де бар. Бутин Мәжікен Есенұлы экономика ғылымдарының докторы дәрежесіне көтерілді. Қазақ-станның еңбек сіңірген экономисі. 1931 жылы Ленин-градтың (Санкт-Петербург) тұтыну кооперациясы институтын, 1933 жылы Мәскеу экономика және тауартану институтының аспирантурасын бітірген. Жоғары оқу орындарында, жоғары мемлекеттік лауазымдарын атқарды. Қазақ КСР Тамақ өнеркәсібі министрі болды. Айтжан Бутин заманында тау-кен институтын бітіріп, Шығыс Қазақстандағы алтын кенішінде қызмет істеп жүріп, саяси қуғынға ұшыраған. Ату жазасына кесілген. Бірақ үкім орындалған кезде оқ мүлт кеткен де, жараланып, аман қалған. Әдетте, өлім жазасынан жазатайым аман қалған адамға екінші рет ол жаза кесілмейтін жалпыға жария қағида бар. Сондықтан жазаны орындаушылар оны екінші мәрте оққа байламай, сол жерде оған өлім жазасын 25 жылға ауыстыру жөнінде қолма-қол арыз жаздырып алып, жаңа жазаға тартады. Айтжан соның 18 жылын өтеп, елге аман оралып, Алматыда бейбіт өмірін жалғастырған. Ұрпақтары бар. Осы әулеттің мәстексайлық ұрпағы Бауыржан Қадырқұловтың айтуынша, кеңес заманында Жаңақала ауданының «Красногор» асыл тұқымды мал зауытында құрылған даңқты «Сәуле» тракторшы қыздар бригадасының жетекшісі болған Күнзира Темірғазиева апамыз сол Айтжан Бутиннің перзенті екен.

18. Оралдағы НКВД ғимараты. Боздақтар осында тергелген.

Оралдағы НКВД ғимараты. Боздақтар осында тергелген.

Саяси қуғынға ұшыраған Ільяс Амановтың бір қызы  Қазақстан ұлттық кітапханасында ұзақ жыл бөлім басқарған. Жұмағұлдан – Мұқаметжан, Ахметжан, Қадырқұл тарайды. Қадырқұл колхоздың басқарма төрағасы болған. Жаңақала жеріне түйенің асыл тұқымын әкеліп, алғаш жерсіндірген осы кісі болса керек. Пятимар ауылдық округіне қарасты Борық елді мекенінің маңында оның есімімен аталатын Қадырқұл қыстағы әлі бар. Елге елеулі тұлға 10 жылға сотталып, жазасын өтеп оралған. Ұрпақтары негізінен Жаңақала ауданында тұрады. Қадырқұлдың баласы Сағидолла Мәстексайда көлік жүргізушісі болып істеген. Одан өрбіген Бауыржан Қадырқұлов әлі  солт атамекенінде, Мәстексайда тұрады екен. Онымен тілдесіп, әулеттеріне қатысты бірқатар мәліметпен танысқанымызды жоғарыда құлаққағыс жасадық. Аталмыш үш әулеттің қазіргі хал-күйі өз алдына бөлек әңгіме.

Аманкелді Шахин,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале