11.04.2024, 15:01
Оқылды: 5

Мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа шарттары қандай?

Елімізде мемлекеттік қызметке іріктеу және қабылдау үдерісін цифрландыру мақсатында «Е-қызмет» жүйесінің порталында мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа алгоритмі жасақталды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің 2023 жылы пилоттық негізде енгізген жобасы оң нәтиже берді. Биылғы 1  ақпаннан бастап барлық мемлекеттік құрылымда  кезең-кезеңмен енгізілуде. Осы орайда біз ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Мұрат Байсаловпен сұхбаттасуды жөн көрдік.

БАЙСАЛОВ

– Мұрат Сейілбекұлы, мемлекеттік қызметке қабылданудың жаңа шарттары қолданысқа енгізілуде. Ол бұған дейінгі жүйеден  несімен  ерекшеленеді?

– Жаңа алгоритм биылғы шілденің 1-інен бастап облысымыздағы жергілікті атқарушы, өкілді құрылымдар мен тексеру комиссиясына енгізіледі. Бұл үміткерлерге онлайн режимде, кез келген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді.  Жүйе 24/7 режимімен жұмыс істейді. Іріктеудің жаңа үлгісі адам факторын толығымен жояды. Яғни үміткерлердің аты-жөндері жасырылып, ІD-нөмірлер беріледі. Конкурстық комиссиялар тек баға қояды, үміткерлердің балдарын жүйе санап, жеңімпазды анықтайды.

Үміткерлер бұрын 7-9 нормативтік-құқықтық актіден тест тапсырды. Енді жаңа іріктеу бойынша 4 заңнамадан тұратын (ҚР Конституциясы, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдары, Әдеп кодексі) бір бағдарлама қарастырылған. Сонымен қатар іріктеу кезеңдерінің ашықтығы мен әділдігі үшін прокторинг технологиясы қолданылады.

– Жастарды мемлекеттік  қызметке  ынталандыруда  жаңашылдық бар ма?

– Мемлекет басшысы жастарды, соның ішінде дарынды жастарды қолдауды әрдайым басты назарда ұстайды. Бұл ретте Президенттің тапсырмасына сәйкес «әлеуметтік лифт» ретінде Президенттік жастар кадр резерві жобасы енгізіліп, үш іріктеу кезеңі өткізілді. Биылғы наурыздың 1-інен бастап еліміздің барлық өңірінде, республикалық маңызы бар қалаларда және Астанада өңірлік кадрлық резервтерге іріктеу басталды. Жобаның негізгі мақсаты – жас басқарушылардың өңірлік пулдарын қалыптастыру және өңірлерді дамытуға талантты жастарды тарту.

Іріктеуді Батыс Қазақстан облысының кадр комиссиясы жүзеге асырады. Өңірлік резервке алынған адамдар сайланатын лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы құрылымдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналаса алады. Іріктеуге жоғары білімі бар, еңбек өтілі 3 жылдан кем емес Қазақстан Республикасының 35 жастан аспаған азаматтары қатыса алады. Заңнаманы білуі мен жеке қасиеттері тестілеу арқылы, ал құзыреті сұхбат нәтижесі бойынша бағаланады.

Комиссия отырысы резервке кандидаттарды қабылдау туралы ұсыныс шығарады. Өңірлік кадр комиссиясының шешімімен үміткер резервке екі жыл мерзімге  енгізіледі.

Тағы бір жаңашылдық – жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде (грант) оқыған түлектерге қатысты.

Олар оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде конкурс өткізілместен уəкілетті құрылыммен немесе оның аумақтық бөлімшесімен келісу бойынша «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналаса алады. Бұл ретте оқу нәтижелерінің мәндері 3,33 (GPA) төмен болмауы  шарт.

– Меритократияның мемлекеттік қызметтегі бейнесі қандай?

– Мемлекеттік қызметтің мансаптық моделінің негізгі принципі –  меритократия қағидатының сақталуы үнемі бақылауда. Биылғы екі айда төменгі емес бос лауазымдарға 41 ішкі конкурс жарияланды. Оған 33 адам қатысып, 24-і тағайындалды. Осылайша, ішкі конкурс арқылы жоғары лауазымға ілгерілегендердің саны – 18 немесе 75%. Бұл көрсеткіш 2023 жылдың қорытындысы бойынша  65%-ды  құрады. Сондай-ақ 2023 жылы жалпы конкурстардың нәтижелері бойынша жеңімпаз болған 79 мемлекеттік қызметшінің арасынан жоғары тұрған лауазымдарға 37 мемлекеттік қызметші тағайындалды. Ауыстыру тәртібімен тағайындалған 75 мемлекеттік қызметшінің 29-ы жоғары тұрған лауазымдарға тағайындалды.

– ҚР МҚІА Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің негізгі функцияларының бірі қызмет алушылардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру екені белгілі. Осы бағытта қандай жұмыс атқарылуда?

– Қызмет алушылардың құқықтарын қорғау – негізгі мақсаттың бірі. Аталған функция қызмет алушыларды өздерінің мемлекеттік қызмет сапасына байланысты берген шағымы негізінде немесе уәкілетті құрылымның тексеруі және мониторинг жүргізуі нәтижесінде жүзеге асырылады. Осылайша, департаменттің мүдделі мемлекеттік құрылымдармен бірлесіп атқарған жұмысының нәтижесінде 2023 жылы 12 және 2024 жылдың өткен кезеңінде 4  қызмет алушының құқықтары қалпына келтірілді.

Мысалы, Ақсай қаласының тұрғыны А. Давлетьяров өз мүлкінің нысаналы мақсатын өзгертіп, мемлекеттік тіркеуден өткізе алмаған. Сол үшін департаментке жүгінді. Ол «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» облыстық филиалының бөліміне барған. Құжаттарын тіркеуге тапсырғаннан кейін нәтижесін қарап, жердің нысаналы мақсатының дерекқор базасында өзгермей қалғанын анықтаған. Департамент азаматтың шағымын қарап, мемлекеттік тіркеу кезіндегі бұзушылықтарды анықтады. Заңнама аясында жедел түрде қызметті көрсету туралы ұсыным жолдады. Нәтижесінде қызмет алушының құқықтары қалпына келтіріліп, жылжымайтын мүлік мемлекеттік тіркеуден өткізілді. Осы орайда мемлекеттік қызмет сапасына қанағаттанбаса, уәкілетті немесе қызмет көрсетуші құрылымның жоғары тұрған құрылымына жүгіне алатындарын қызмет алушылардың қаперіне саламыз.

– Мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау мәселесіне тоқталсаңыз?

– Біздің қызметіміздің негізгі бағыттарының бірі – азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау және оларды қалпына келтіру. Былтыр 14 мемлекеттік қызметшіге заңнама талаптары сақталмай қолданылған тәртіптік жазалардың күштері жойылды. Осылайша, олардың бұзылған заңды құқықтары қалпына келтірілді. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік құқықтарын қорғау бағытында 74 қызметшінің құқығы қорғалды. Жекелеген мемлекеттік құрылымдардың жұмыс уақыты режимін сақтау бойынша 34 мемлекеттік қызметшінің құқығы қалпына келтірілді. Оларға демалыс уақыты ұсынылды.

Сонымен қатар заңнама талаптарын дұрыс қолданбау салдарынан мемлекеттік қызметшілерге төленуге тиісті бонустар төленбеген жағдайлар болды. Департамент 142 мемлекеттік қызметшіге негізсіз төленбеген бонустардың төленуін қамтамасыз етті.

– Мұрат Сейілбекұлы, лудоманияның немесе ойыннан құмарлықтың аса ауыр қоғамдық дертке айналғаны бәріне мәлім. Мемлекеттік қызметшілерді құмар ойынға тәуелді болудан сақтау бойынша қандай іс-шаралар атқарылуда?

– Қазіргі таңда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметшілер арасында құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алуға бағытталған шаралар қабылдады. Біздің мақсатымыз –  мемлекеттік қызметшілерді ойын мекемелеріне барудан бас тартуға ынталандыру, мемлекеттік қызметшілер арасында құмар ойындардың зияны туралы түсіндіру жұмысын жүргізу.

Адам құмар ойынға әп-сәтте тәуелді болып қалуы мүмкін. Оның еліктіру күші есірткіден де асып түседі. Ең күрделі мәселе – жастар арасында құмар ойынға әуестік белең алған. Әр азаматтың лудоманияның алдын алуға қосатын үлесі – бала тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарау екенін ата-ана ретінде атап өткім келеді. «Өз басым қоғамның бұл дертінен аулақпын» деп іргені аулақ салмай, оның таралмауына мүмкіндігінше атсалысу – әр азаматтың борышы.

Мемлекет басшысының 2023 жылғы 2 қарашадағы №396 Жарлығымен ҚР Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексіне тиісті өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес мемлекеттік қызметшілерге қызметтік міндеттерін орындауға байланысты жағдайларды қоспағанда, ойын мекемелеріне баруға тыйым салынды.

Сұхбаттасқан Ясипа  Рабаева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале