Бүгін оралдық мемлекеттік қызметкерлердің таңы ерекше басталды. Олар күннің күрт салқындығына қарамастан «Жастар» стадионында йогамен шұғылданды. Йога жаттығуын қалаға белгілі жаттықтырушы, «Гера» әйелдер клубының жетекшісі Маргарита Булдакова өткізді.
-Бұл спорттық шара Қала күніне орай алғаш рет өткізіліп отыр. Қаладағы барлық мемлекеттік мекемеден 80-ге жуық қызметкер қатысты. «Тәні саудың - жаны сау» деген, жалпы халықтың спортпен айналысуы денсаулықтың мықты, дененің шымыр болуына әсер етеді. Дені сау ұрпақ – болашақтың кепілі. Тұрғындарды спортпен шұғылдануға шақыру - басты мақсатымыз. Егер қаржылық қолдау болса, йога жаттығуы жиі өткізіліп тұрады, - деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Мұрат Байсалов.
Спортпен айналысуға шақырған шараны Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаменті және Әділет департаменті ұйымдастырған.
Динара Насыр,
zhaikpress.kz