21.06.2017, 16:12
Оқылды: 57

Мемқызметкерлер күнімен құттықтады

фото-Рафхата-Халелова-222-350x233Облыстық мәслихаттың үлкен залында өңір басшысы Алтай Көлгіновтың қатысуымен мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты шара өтті.


- Құрметті мемлекеттік қызметкерлер! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз - ҚР мемлекеттік қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биыл мемлекеттік қызмет туралы ұлттық баяндаманы қалыптастыру қағидасын бекітті. Бұл өз кезегінде 100 нақты қадам ұлт жоспарында көрсетілген реформаларды тиімді әрі сапалы жүргізуге ықпал етеді деген сенімдеміз. 100 нақты қадамның алғашқы 15 қадамы кәсіби мемлекеттік аппарат құруға арналғанын ескерсек, біз бұл салада түбегейлі өзгерістерге қол жеткіздік деп айта аламыз. Кәсіби мемлекеттік аппарат әрбір мемлекеттік қызметкердің кәсіби біліктілігі мен біліміне тікелей байланысты. Жыл сайын мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын талаптар күшейіп, бұл салаға тек қана кәсіби мамандарды шоғырландыру міндеті тұр. Мемлекеттік саясатты қолдап, оны жүзеге асыру жолында еңбек ететін әр мемқызметкердің ел дамуына қосар үлесі зор. Сіздерге осындай қажырлы еңбекті қажет ететін саладағы жұмыстарыңыз үшін алғысымызды білдіреміз, - деді Алтай Сейдірұлы құттықтау сөзінде.

ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаменті басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақов мемқызметкерлерді аттестаттау қорытындысы және мемлекеттік қызметке қабылдаудың жаңа талаптары туралы әңгімеледі. Ол сондай-ақ өңіріміздегі жекелеген мемлекеттік қызметкерлердің ерлік істеріне де тоқталып өтті. Мәселен, Қазталов ауданына қарасты Қараөзен ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қабдолұлы 2017 жылы ақпан айының 7-нен 8-не қараған түнде төтенше жағдай дабылы түскен бойда жедел құтқару жұмыстарын ұйымдастырып, Жас елді мекеніне дейін 45 шақырым жол жүріп барып, қар құрсауында қалған Ресей азаматтарын ажал ауызынан арашалап қалған. Шыңғырлау ауданы, Қараағаш ауылдық округінің әкімі Дархан Қуанышқалиев 2015 жылдың 12 қаңтарында ауа райының күрт бұзылуынан бағыттан айырылып, далада қалған сырымдық 6 мұғалім, 3 оқушыдан құралған шаңғышылар тобын өз басын қатерге тіге отырып, боранды күнде атпен іздеп тауып, адасқандарды аман-есен құтқарған. Ал Зеленов ауданына қарайтын Мичурин ауылдық округінің әкімі Бекқали Бержанов  2011 жылы су тасқыны кезінде бұзылған үйін жөндеуге мемлекеттің арнайы көмегін алудан өз еркімен бас тартқан.

Шарада мемлекеттік қызмет ардагерлері Нәжімеден Есқалиев, Есберген Әжібаев кәсіби мереке иелеріне құттықтау лебіздерін білдірді.

- Сырым бабамыз билікке араласа бастағанда Малайсары биге барып, «Маған бата беріңіз» деген екен. Малайсары қартайып қалса керек. Сырымға «Саған үш-ақ сөз айтамын. Обал. Борыш. Адал. Осы үш сөзді есіңе сақта» депті. Борыш дегені – азаматтың ел-халық алдындағы борышы. Адалдық – қазақтың генетикалық кодында бар зат. Ал обал дегені – әлсізге, жоқ-жітікке көмектесу дегені. Қазіргі мемлекеттік қызметте жүрген азаматтар, бәріңізге сол Малайсары бабамыздың сөзін айтқым келеді. Сәттілік тілеймін! – деді Есберген Әжібаев.

Аталған мерекеге орай өңіріміздің бірқатар мемқызметкерлеріне «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісі, облыс әкімінің алғыс хаты, сондай-ақ, ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаменті басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақовтың атынан алғыс хаттар табыс етілді. Жиын соңында жас мемлекеттік қызметкерлер ант қабылдады.

Нұртас Сафуллин

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале