28.08.2026, 12:00
Оқылды: 10

Мемқызметшілер неге заң талаптарын бұзады?

Таяуда облыстық  мәслихаттың  ғимаратында Әдеп жөніндегі  кеңестің  кезекті  отырысы  өтті. ҚР Мемлекеттік  қызмет істері агенттігі БҚО бойынша департаметінің  басшысы  –  Әдеп  жөніндегі  кеңестің  төрағасы  Мұрат  Байсалов  төрағалық  еткен  жиынға  кеңес  мүшелері  мен  аталмыш  департаменттің  мамандары  қатысты.

 фото Нұрым

Желідегі  жанжал

Алдымен Бөрлі ауданы Кеңтүбек ауылдық округінің әкімі Нұрлан Ғазиевке қатысты тәртіптік іс материалдары қаралды. Әкім 10 мамыр күні WhatsApp желісі арқылы қысым көрсету сипатында қоқан-лоқы жасаған. Осыдан соң Нұрлан Ғазиевке қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізілген. Аталған департаменттің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Әлия Киреева тексеру қорытындысы  туралы  баяндады.

– Бөрлі ауданы әкімі аппаратының хатына сәйкес, 2026 жылдың 10 мамыр күні Кеңтүбек ауылдық округінің әкімі Нұрлан Ғазиев WhatsАpp топтардың бірінде А. азаматқа «Мен сені жұмыссыз қалдырамын. Мен сенің точкаңды жауып тастаймын» деген мазмұндағы хабарлама жазғаны белгілі болды. Әдеп кодексінің талаптарына сәйкес мемлекеттік қызметшілер азаматтармен қарым-қатынас кезінде әдептілік танытып, дөрекілікке, қадір-қасиетін кемсітуге жол бермей, кәсіби әдеп нормаларын қатаң сақтауы тиіс. Оған қоса, мемлекеттік қызметшілер іскерлік, әдептілік, ресми мінез-құлық қағидаларын сақтау, азаматтардың алдында өздері қызмет атқаратын мемлекеттік құрылымның абыройы мен беделіне нұқсан келтірмеуі қажет. Бөрлі ауданы әкімі аппараты ұсынған мінездемеге сәйкес, округ әкімі Н. Ғазиев тек жақсы жағынан сипатталады. Ол бұған дейін тәртіптік жауапкершілікке тартылмаған, – деді бас маман өз баяндамасында.

Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Дәурен Хайровтың айтуынша, Н. Ғазиев кеңес отырысына шақыртылған. Алайда ол белгілі себептерге байланысты келе алмайтынын жеткізіп, өзінің қатысуынсыз тәртіптік іс материалдарын қарай беруге келісім берген. Сондай-ақ өз тарапынан жіберілген қателікті толық мойындаған. Кеңес төрағасы Мұрат Байсалов «Әдеп кодексінің 5-тармағының 5-тармақшасын еске салды. Бұл тармақшада мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі сыпайылық, азаматтар мен әріптестеріне құрметпен қарауға негізделгені жазылған. Оған қоса, «ҚР Мемлекеттік қызмет туралы заңына» сәйкес, мемлекеттік қызметшілер қызметтік әдепті сақтауға  міндетті.

– Н. Ғазиев өзінің іс-әрекетімен мемлекеттік қызметшілердің қызметтік талаптарының бұзылуына жол берді. Сонымен қатар Бөрлі ауданы әкімінің ұсынған қызметтік мінездемеге сәйкес, аталған азамат жақсы жағынан сипатталады. Тәртіптік жауапкершілікке тартылмаған. Округ әкімінің осы тәртіптік теріс қылығын ескере отырып, оған ескерту жөнінде тәртіптік жаза тағайындауды ұсынамын, – деді М. Байсалов.

Кеңес мүшелері бұл ұсынысты бірауыздан қолдап, Нұрлан Ғазиевке қатысты ұсыным Бөрлі ауданы әкімдігіне  жолданатын  болды.

Осы жылдың шілде айында тағы бір мемлекеттік қызметшінің шағымданушы азаматпен қарым-қатынас талаптарын бұзғаны туралы дерегі анықталды. Нақтырақ айтсақ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаметіне Бөкей ордасы ауданы тұрғынынан аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Руслан Кариннің бейәдеп сөздер айтқаны жөнінде шағым түскен. Шағымданушы бөлім басшысының балағат сөздерін дауыстық жазбаға жазып алған. Одан кейін департамент аталған мемлекеттік қызметшіге қатысты тергептексеру іс-шараларын жүргізді. Бұл туралы департаменттің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Самат Есқалиев айтып берді. «Р. Карин хатшылыққа берген түсініктемесінде шағым иесімен әңгімелесу барысында балағат сөздер айтқанын мойындады. Бөкей ордасы ауданы әкімінің ұсынған мінездемесінде ол жақсы жағынан сипатталады. Сондай-ақ бұған дейін тәртіптік жазаға тартылмаған», – деді С. Есқалиев баяндамасында. Бөлім басшысы Руслан Карин Әдеп жөніндегі кеңес отырысына отбасылық жағдайға байланысты келе алмайтынын жеткізген. Мұрат Байсалов шағымданушы жолдаған дауыстық жазбадағы балағат сөздер жариялауға келмейтінін айтты. Алайда Р. Кариннің тәртіптік іс материалында оның аталған азаматпен қарым-қатынас кезіндегі сөзі тыңдалып, жазылған. «Аудан әкімінің ұсынған қызметтік жазбасында мемлекеттік қызметшінің алынбаған тәртіптік жазасы жоқ және тәртіптік жауапкершілікке тартылмаған. Осы себепті қатаң сөгіс ретіндегі тәртіптік жазаға тартуды ұсынамын», – деді кеңес төрағасы. Мұрат Сейілбекұлының ұсынысы кеңес мүшелерінің толық қолдауына ие болды.

Естеріңізде болса Бәйтерек ауданы сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Артур Баяхатов әдепке жараспайтын сөзі үшін ескерту түрінде тәртіптік жазаға тартылғанын жазған едік. Осы басқосу барысында кеңес төрағасының ұсынысымен мемлекеттік қызметшінің тәртіптік жазасы алынып тасталды. Өйткені бөлім басшысы осы күнге дейін бейәдеп қылық танытпаған, одан бұрын әдеп талаптарын бұзбағаны да ескерілді.

22 мемқызметші қызметімен қоштаспақ

Кеңес отырысында мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама және қызметтік әдеп талаптарының сақталу мәселелері де сөз болды. Департамент мәліметінше, осы бағыттағы атқарылған жұмыс нәтижесінде 22 мемлекеттік қызметшінің такси жүргізушісі және тауарды жеткізу қызметімен айналысқаны анықталған. Заң талаптары бойынша мемлекеттік қызметкерлерге тек оқытушылық, ғылыми және шығармашылық, резервтегі әскери қызметті өтеуден бөлек, өзге жолмен ақша табуға тыйым салынған. Кеңес төрағасы Мұрат Сейілбекұлы қосымша жұмыс істеп, ақша тапқан 22 адамға қызметінен босату туралы қатаң жаза қолданылатынын тілге тиек етті.

602 мемлекеттік қызметші Әкімшілік кодекс талаптарын бұзған. Оның 445 дерегі жол жүру ережесіне қатысты. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алуда 17 қызметкер қате жіберсе, 19 қызметкер рұқсат беру тәртібінде олқылық жіберген. Өзге де заңбұзушылықтар бойынша жазаланғандардың саны 121-ді құрайды. Өңірде мемлекеттік қызметшілердің де құқығын бұзған деректер баршылық. Мәселен, 13 қызметкерге еңбек демалысына берілетін төлемақы кешіктірілген. 577 іссапар шығыны уақтылы өтелмеген. Бүгінде Батыс Қазақстан облысында 3500-ден астам мемлекеттік қызметші еңбек етеді. Соңғы сегіз айдың ішінде Әдеп кеңесінде сегіз мемлекеттік қызметшінің тәртіптік ісі қаралып, жазаға тартылыпты. Бұл өңірдегі мемлекеттік   қызметшілердің жалпы үлесінің бір пайызына да жетпейді.

Нұрым Қайырболатұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале