Бүгінде Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі жанынан допингке қарсы сынамалар зертханасы жұмыс істейді. Бұл – Орталық Азиядағы осы тектес жалғыз мекеме. Зертхана базасында Өңірлік допингке қарсы ұйым қызмет етеді. Оның құрамына Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Пәкістан, Моңғолия және Ауғанстан секілді елдер кіреді.
WADA президенті Қазақстанның агенттік бастамаларын қолдағаны үшін ризашылығын білдіріп, еліміздің спорт құрылымдарымен ықпалдастық деңгейі жоғары екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Витольд Банька ұзақ мерзімді ынтымақтастықты жалғастыру, Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің жауапты әрі сенімді серіктесі ретіндегі Қазақстанның мәртебесін одан әрі нығайту ниетін растады.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) президенті Витольд Баньканы Қазақстан спортын дамытуға қосқан үлесі үшін ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
