Мемлекеттік сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев 46-шы Сингапур лекциясын оқыды. Президент жаһандық қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз ету ісіндегі орта державалардың атқаратын рөлі туралы ой-пікірімен бөлісті. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі жазды.
1980-жылдардан бері Юсоф Исхак институты (ISEAS) ұйымдастырып келе жатқан Сингапур лекциялары – академиялық топтар, саясаткерлер, дипломаттар мен жас ғалымдар үшін мемлекеттер басшылары мен әлемдік деңгейдегі көрнекті саясаткерлердің ұстанымдарын тікелей тыңдауға мүмкіндік беретін алаң.
Қасым-Жомарт Тоқаев шараға қатысушыларға ілтипат білдіре отырып, өзінің өмір жолында Сингапурдың айрықша мәні бар екенін атап өтті.
– Мен көп жыл бұрын осы елде жас дипломат ретінде қызмет еттім. Осынау асқақ рухты мемлекеттің тамаша табыс жолынан жаңылмай келе жатқанын өз көзіммен көру үшін Сингапурға тағы да келгеніме қуаныштымын. Елдің негізін қалаушы Ли Куан Юдің көреген көшбасшылығымен жүргізілген Сингапурдағы әйгілі экономикалық өзгерістер, шын мәнінде, мемлекеттің іргесін нығайтудың және экономикалық өсімге қол жеткізудің жарқын үлгісіне айналды. Сіздердің еліңіз Қазақстанды даму мен өркендеу бағытында өзіндік жол таңдауға жігерлендіреді. Расында, Сингапурда өткізген жылдарымда табандылық пен жаңашылдықты үйрендім. Бұл қасиеттер қазіргідей құбылмалы әлемде Қазақстанның келешегі туралы пайымымның қалыптасуына әсер етті, – деді Президент.
Фото: t.me/aqorda