Биыл Ақ Жайық өңіріндегі баспасөздің қарашаңырағы – екі облыстық және он екі аудандық газеттің, ақпарат орталығының басын біріктіріп отырған «Жайық Пресс» медиахолдингіне – 20 жыл. Күн санап қарыштап дамыған қоғамда сапалы ақпарат таратуда өзіндік орны бар, облыстағы №1 медиахолдингтің бәсі биік. Кезінде облыс әкімдігінің қаулысымен мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын болып құрылған серіктестіктің мақсаты – тиімді басқару жүйесін қалыптастыра отырып, басылымдардың сапасын көтеру, материалдық-техникалық жағдайын жақсарту. Осыған орай аталмыш серіктестіктің бас директоры Табылғали Сапаровпен холдингтің құрылу тарихы, саяси стратегиясы, алдағы жұмыс жоспарлары және БАҚ-тың қоғамдағы орны туралы сұхбаттастық.
– Табылғали Сатқалиұлы, «Жайық Пресс» медиахолдингтің дүниеге келу тарихы қалай басталды?
– «Жайық Пресс» ЖШС-ның тарихы медиахолдингтің дербес ағымдағы шотын ашқан күннен бастап есептесек, 2003 жылдың 25 ақпанынан басталады. Бұдан 20 жыл бұрын аудандық, қалалық, облыстық және республикалық деңгейдегі газеттердің ұйым-мекемелерін жабу қажеттілігі туды. Өйткені БАҚ мекемелерін мемлекеттік қазыналық кәсіпорындар қатарынан шығару туралы заң қабылданды. Соған байланысты оларды басқа сипатта тіркетуге тура келді. Бұл 2001 жыл болатын. Мен бұрынғы Зеленов, қазіргі Бәйтерек ауданының әкімі қызметінде жүргенімде ауданда да сондай мәселе көтерілді. Газеттерді қоғамдық сананы қалыптастырудың, мемлекеттік ақпарат таратудың, Конституциямызда жазылғандай қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық, қазақстандық патриотизм қағидаттарына негізделген құрал ретінде сақтап қалуға жұмыстандық. Басылымдар жекенің қолына өтіп кетсе, неге соқтырары белгілі. Әрине, дәл сол уақытта болмаса да, уақыт өте келе жағдай соған тірелер еді. Облыстың сол кездегі әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың өкімімен облыс әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалғанымда түйткілді мәселе тағы алдымнан шықты.
Терең ойлана келе, редакциялардың жеке қолға өтіп кетпеуі үшін жанталастық. Оларды сақтап қалу аса маңызды болатын. Журналистика саласында көптен бері қызмет етіп жүрген, «Экономика. Время. Мы» жеке газетінің редакторы, көреген әрі ойшыл журналист, марқұм Серікқали Сәрсеновпен ақылдастым. Содан басқа аймақтарда, атап айтқанда, көршілес өңірде газет редакциясы мекемелерінің қалай жұмыс істейтінін зерттей бастадық. Сөйтсек, бәлендей жаңалық жоқ екен. Кейін заңнаманы зерделей келе, редакциялық құрылымды филиалдар құру құқығы бар мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын етіп құруға болатынын түсіндік. 2003 жылы 24 қаңтарда облыс әкіміне облыстық мемлекеттік қазыналық кәсіпорындарды («Приуралье» және «Орал өңірі» газеттері) шаруашылық жүргізу құқығындағы «Жайық Пресс» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын етіп қайта құру туралы ұсыныс енгізілді.
– Облыс әкімдігінің тиісті қаулысы шығып, медиахолдингтің ғұмыры басталғаны күні кеше сияқты. Алғашқы директор, марқұм Қаршыға Ғалиасқарұлы болғаны есімізде.
– Иә, біз өңірдегі үлкен баспасөз шаңырағын басқара алатын білікті маманды іздедік. Қаршыға Қосанов «Жайық Пресс» облыстық мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның алғашқы директоры болды. Бұрын «Дастан» баспа-полиграфиялық корпорациясын басқарды. Оның басшылығымен кәсіпорынның жарғысы жазылып, құжаттары рәсімделді, Әділет құрылымдарында тіркелді.
Алдымызға облыстың барлық үнжариясын біріктіретін, сонымен бірге жекенің қолында болмайтын ұйым құру міндеті қойылды. Өйткені газет – қоғамдық сананы, пікірді қалыптастыратын идеологиялық жұмыстың құралы. Ал оны мемлекеттік биліктің қарамағында ұстау маңызды, әйтпесе, қоғамдық санаға ықпал ету тұтқалары әлсіреп, қоғамның адасуына, жоғалуына әкеліп соғуы мүмкін. Мұндайға құқықтық егеменді мемлекетте ешқашан жол беруге болмайтыны түсінікті. Посткеңестік кеңістіктегі елдерден мысал іздейтін болсаңыз, алысқа бармай-ақ табасыз... Ұйымдастыру жұмыстарының нәтижесінде аудандық әкімдіктермен тығыз жұмыс істейтін аудандағы басылымдардың редакциялары «Жайық Пресс» мекемесінің филиалдарына айналды. Бірақ оларға толық дербестік берілді, өз редакторлары, тілшілері және холдинг арқылы қаржыландырылатын өз есеп бөлімдері және басқалары болды.
– Табылғали Сатқалиұлы, сол кезде дәрігерлерге, ардагерлерге, әйелдерге арналған салалық үнжариялардың шыққанын білеміз.
– Әрбір әлеуметтік топтың қоғамдық санасына әсер ету мақсатында қосымша бес басылым редакциялары құрылып, «Жайық дәрігері», «Жайық жастары», «Жайық ардагерлері», «Жайық арулары» және «Әділет» газеттері шығарылды. Әр редакцияда үш қызметкер, оның ішінде бір редактор мен екі журналист қызмет етті. Небәрі төрт беттік апталық басылымдар атауларының өзі-ақ айтып тұрғандай, олар белгілі бір мақсатты аудиторияға арналды. Әйелдер қауымына, ардагерлерге, жастарға және заң, медицина мамандарына танымдық ақпараттар ұсынатын. Осы санаттағы адамдардың көкейінде жүрген сұрақтарына біздің басылымдардың беттерінен жауап табуына болатын деңгейге жетуге ұмтылдық. Сонымен қатар өлкеміздің дамуына, тарихына үлес қосқан, көптеген пайдалы істер атқарған көзі тірі және өзінен кейін жарқын із қалдырған марқұм ардагерлердің өмірі туралы баяндалды. Осылайша салауатты өмір салты мен өмір құндылықтары насихатталып, қоғамда құқықтық және мәдени ағарту жұмыстары жүргізілді. Қазір облыстық газеттерде «Басты байлық», «Әйел кәсіпкерлігі», «Адам және заң», «Ардагер», «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы», «Жастар» тақырыптарында тұрақты газет айдарларын сақтай отырып, осы дәстүрлерді жалғастырудамыз. Яғни бұл идеология әу бастан қаланған.
– Медиахолдингтің стратегиясы қандай, алда тұрған міндет-мақсаттар жайында айтсаңыз?
– Серіктестік құрылғаннан бастап ақпараттық саясатта толық дербестік берілген барлық аудандық және облыстық редакцияларға бөлінген қаржыға көлік, компьютерлік техника сатып алынғанын атап өткім келеді. Редакция қызметіне кедергі келтірмеу – бұл жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ол кезде даңғыл бойындағы ескі көпқабатты баспаханада орналасты) құрудың басты шарты. ЖШС-ның міндетіне газет редакцияларын қамтамасыз ету кіреді. Басылымдардың материалдарына, мазмұнына бас редакторлар жауапты болды. Әрине, стратегияны ішкі саясат басқармасы мен облыс әкімдігі белгіледі. Жұмыс қызып, жылдар жылыстап өте берді. Осы шаруалардың бастамашысы болған маған кейін облыстық мәслихатта қызмет істеген кезімде де медиахолдингтегілер жиі көмек сұрап, ақылдасатын. «Жайық Престі» құрудың басы-қасында жүргендіктен, өзім де оның жайына ылғи алаңдайтынмын. 2020 жылы холдинг басшылығына келдім. Бүгінде күн тәртібіндегі мәселеге келсек, ол өз ісін жетік білетін бас редакторлар мен журналистер газет иесі болуы керек. Стратегиялық көзқарасымды сақтай отырып, газет саясатына тәуелсіз баға беріп, басылымды қызықты әрі заман ағымынан қалдырмайтындай етіп шығаруға, оқырмандарға жақындатуға көмектесетін қоғамдық редакторларды жұмысқа тарттым. Газеттің мазмұны оқырман ойымен астасып жатса, қашанда сұранысқа ие болады, оның маңызы арта түседі. Сонымен бірге оның бағдары әлеуметтік бағытта болуы керек. Оқырман басылымынан өздерін қызықтыратын дүниені табатын болса, онда мұндай үнжария оқылады. Сондықтан оқырмандардың түрлі әлеуметтік тобына, қоғамның кәсіби құрамына назар аударып, олардың мұң-мұқтажын көрсетіп, сұрақтарына жауап беруге тырысу керек. Редакциялық саясатты оқырман қауымның сұраныс-талабын ескере отырып, құрған жөн. Егер болашақ туралы айтатын болсақ, медиахолдинг базасында облыс орталығында болып жатқан жайттарды жан-жақты қамтитын қалалық газеттердің мемлекеттік және орыс тілдеріндегі бөлімдерін құру идеясы бар. Бұрынғыдай әртүрлі әлеуметтік топтарға, соның ішінде балалар аудиториясына арналған үнжарияларды қайта жандандырғым келеді.
– Табылғали Сатқалиұлы, дамыған мемлекеттерде, соның ішінде АҚШ пен Еуропа елдерінде үнжария мен журналдар әлі жойыла қойған жоқ. Мысалға, АҚШ-та аптасына 3 рет шығатын 200 беттік басылым таралымға ие. Технологиясы қарыштап дамып кеткен Жапонияда күн сайын шығатын газет бар. Бірақ баспасөзге жаздыру науқаны кезінде оқыған-тоқыған кей адамдардың да газеттен гаджет озды, газетіңіздің қажеті шамалы деп сыңаржақтанып, өзеурейтіні бар. Өңірдегі мықты идеолог, іскер басшы, өмір көрген азамат ретінде айтыңызшы, бұқаралық ақпарат құралдары не үшін керек?
– Ғаламтор батысқа ертерек келді, бірақ ондағы газет-журналдар жабылып қалмады, қайта керісінше оларға көбірек көңіл бөле бастады. Неліктен? Оқырмандар газет пен гаджеттің айырмашылығы неде екенін түйсіне бастады. Олар мерзімді басылымдардағы ақпарат көзінің сенімділігін, сапасын, яғни шынайы ақпарат, салиқалы сараптама, ойлы тұжырым, қағазға түскен тарих барын аңғарды. Ғаламтор ақпаратты үйіп-төгіп, телегей-теңіз етіп береді. Ондай түпсіз «теңізге» оңай батып кетуіңіз мүмкін. Ал үнжария болса, ақпаратты іріктеп, мөлшерлеп, мемлекеттік саясатты ескере отырып береді. Бұқаралық ақпарат құралдары жеке мүддені ескере отырып, компрадорлық буржуазияның жеке науқанына айналмай, қоғамдық сананы сауатты және дұрыс қалыптастыруға көмектеседі. Әрбір қоғамдық-саяси газет әр отбасына – қоғамның әрбір ұясына жетуі керек. Халық бұл дағдарыс кезеңінен өтеді, түсінеді, сөйтіп газеттің бағы қайта жанады. Өйткені дәл осы басылымдар мемлекеттің, оның халқының дамуына игі әсерін тигізетін ұлттық құндылықтарға, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарға, тарихқа деген көзқарасты қалыптастырады. Мемлекет мүддесі қашанда бәрінен жоғары тұратын ұлттық элитаның көзқарасы да газет арқылы көрініс табуы керек. Міне, идеология осылай қалыптасады, мемлекет идеологиясыз өмір сүре алмайды. Бір елде тұрып, қоғамның шешімін, мемлекеттің заңдарын мойындамай, өз «меніңді» мемлекет мүддесінен жоғары қоюға болмайды. Келіспеген жағдайда көшеге шығып наразылық білдіріңіз деу дұрыс емес. Мұндай іс-әрекеттің нәтижесі белгілі: түрлі-түсті революциялар, бей-берекетсіздік, ақыр соңында өзге державаның таңуымен саясат жүргізетін қуыршақ режім (марионеточный режим) орнайды және мемлекеттіліктің жоғалуына әкелуі мүмкін. Президент Қ.К.Тоқаев өз Жолдауында: «Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру. Сондай-ақ ұлт сапасын арттыруға атсалысу», – деп атап көрсеткен болатын. Сондықтан әлемдік қауымдастықтың бір бөлігі болып қала отырып, біз өзіміздің ұлттық ерекшелігімізді танытатын салт-дәстүрімізден, мәдениетімізден жерімеуіміз керек. Өз елінің және отандастарының тағдырына алаңдайтын журналистер осыны ұғынулары керек. Сондықтан ақпарат жазарда оның салдарын, адамдардың ақылы мен жүрегіне тигізетін әсерін естен шығармауы тиіс. Ақпараттық қауіпсіздіктің шынайылығы, Қазақстанның идеологиялық тәуелсіздігі осыған байланысты. БАҚ қылпылдаған ұстараның жүзі секілді, сондықтан журналистика саласындағылар өз жауапкершілігін түсінуі тиіс.
Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,
zhaikpress.kz