21.12.2023, 15:00
Оқылды: 50

Мемлекеттік қызметке түсудің жаңа механизмдері қандай?

Мемлекеттік басқару саласын жетілдіру аясында Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен аппарат қызметін бюрократиядан арылту, мемлекеттік қызметке кіруді және одан шығуды жеңілдету, дарынды басқарушыларды және жеке сектордан кәсіби мамандарды мемлекеттік қызметке тарту, стратегиялық адам ресурстарын дамыту бойынша шаралар жүзеге асырылып, тиісті заңнамаға бірқатар өзгеріс пен толықтыру енгізілді.

ЖП, әкімдік

Жастарды қолдау және дарынды мамандарды мемлекеттік қызмет саласына тарту мақсатында Президенттің бастамасымен «әлеуметтік лифт» ретінде 2019 жылы Президенттік жастар кадр резерві жобасы енгізілді.

Іріктеу рәсімі арнайы әзірленген ақпараттық жүйеде өткізіледі. Бұл өз кезегінде жасына, жұмыс тәжірибесіне және біліміне сәйкес келетін елімізде және шетелде жүрген барлық азаматтарымыздың қатысуына мүмкіндік береді (қатысуға қойылатын негізгі талаптар – 35 жастан аспаған, кемінде 5 жыл жұмыс өтілі және жоғары білімі бар).

Алғаш өткізілген екі іріктеу кезеңінде резервке 350 жас маман енгізіліп, 76 пайызы басшылық лауазымдарға тағайындалды.

Қазіргі кезде өтіп жатқан кезекті іріктеуге 30 мыңнан аса адам ниет білідіріп, 6 404 қатысушы іріктеуге жіберілді. Батыс Қазақстан облысынан 226 адам қатысты.

Түпкі нәтиже Ұлттық комиссиясымен қабылданып, жеңімпаздар ағымдағы жылдың соңында жарияланады. Резервке 50 адам енгізілетін болады.

Президенттік жастар кадр резервімен қатар, республиканың барлық аймағында өңірлік жастар кадр резервтері қалыптасады. Резервтің іріктеуіне 35 жастан аспайтын, жоғары білімді, кемінде 3 жыл жұмыс өтілі бар жастар қатысуға мүмкіндігі бар. Бұл өңірдің дамуына үлес қосам деген жастарға мемлекеттік қызметке орналасуға әлеуметтік лифт болмақ.

Сонымен қатар мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою бойынша қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді. Осылайша, мемлекеттік грантпен оқу орындарын оқып, жоғарғы көрсеткішпен аяқтаған үздік түлектер аудан мен ауылдық жерлерде төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз, тікелей тағайындалады. Өз кезегінде, аталған тетік білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, жас мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға оралуына, сонымен қатар өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп, мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдетеді.

Өзгерістер енгізілгеннен бастап, аудандық және ауылдық деңгейдегі мемлекетті органдарға жоғары оқу орындарының 7 түлегі орналасып, бас және жетекші маман лауазымдарында қызмет атқаруда.

Соған қоса, «Б» корпусының жоғары лауазымдарына уәкілетті органның келісімімен конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындау мүмкіндігі енгізілді. Заңнамаға енгізілген өзгерістер жеке сектордан білікті және салалық тәжірибесі бар мамандарды мемлекеттік қызметке тартуға мүмкіндік берді.

Атап кетсек, көпбейінді балалар ауруханасы директоры Е. Тоқсановқа Денсаулық сақтау басқармасының басшысы, «AQJAIYQ» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Н. Утепбаевқа Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы лауазымдарына қабылданды.

Енгізілген жаңашылдықтың тағы бірі - онлайн режимде конкурстық іріктеу. Бұл мемлекеттік қызметке іріктеуді цифрландыру және кадрларды қабылдау рәсімдерінің объективтілігі мен ашықтылығын арттыру.

Аталған жоба Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Сауда жəне интеграция министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Көлік министрлігі, Ақмола облысы және Шымкент қаласы әкімдіктерінде пилоттық сынақтан өтуде.

«Е-қызметте» барлық маңызды ақпараттық жүйелермен интеграция жүргізіліп, өзге ақпараттық жүйелерден үміткер туралы ақпарат алу (соттылығы немесе өзге тәртіптік бұзушылықтарға қатысы бар-жоғын тексеру, біліктілік талаптарына сай келуін қарау) жүйе өзі жүргізеді. Ол үміткерлерді артық құжат жинаудан босатады.

Конкурстық рәсімнің барлық кезеңі онлайн әрі қашықтықтан
өткізіледі. Енді азаматтарымыз әлемнің кез келген нүктесінен және қалаған уақытында конкурсқа қатыса алады.

Үміткерлерге мүдделер қақтығысы мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін іріктеу кезеңдерінен өту кезінде иесіздендіру және анонимділікті қамтамасыз ету үшін ID-нөмір беру көзделген. Сондай-ақ «адами фактордың» ықпалын болдырмау үшін конкурс рәсімнің ашықтығын тәуелсіз прокторинг жүйесі қамтамасыз етеді. Конкурстың қорытындылары ақпараттық жүйемен дербес шығарылады.

Қазіргі таңда осы тәртіппен екі бос лауазымға іріктеу өткізіліп, департаментке бас мамандар қабылданды.

Бұған қоса, 2021 жылдан бастап ауылдық округі әкімдеріне тікелей сайлау өткізу жүзеге асырылуда. Биыл пилоттық түрде Бөкейордасы, Қаратөбе және Таскала аудандарында аудан әкімдеріне сайлау өткізілді.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкім лауазымына кандидаттар бірқатар талапқа сәйкес болуы қажет. Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестікті ұсынылған құжаттар негізінде мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган белгілейді.

Осылайша департаментке жыл басынан аудандық сайлау комиссияларынан ауыл әкімдеріне 140 кандидаттың құжаты түсіп, 91,4 пайызына (128) келісім берілді. Аудан әкімдеріне 16 кандидаттың құжаты түсіп, 87,5 пайызына (14) келісім берілді.

Мемлекеттік қызметке кіру кезінде артық кедергілерді жою, азаматтар үшін мемлекеттік қызметтің барынша ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуде. Сонымен қатар енгізілген жаңашылдықтар мен жобалар мемлекеттік қызметке орналасуға ынталы азаматтарға жаңа серпін береді.

 

 Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

БҚО-дағы департаменті

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале