Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды. Себебі елімізде он жұптың жетеуі құмар ойынның кесірінен ажырасады екен.
Сурет: pixabay.com
Яғни, құмар ойынға тәуелділік отбасының іргетасын бұзады, жанұялық карым-қатынаста зорлық-зомбылық жағдайларына әкеп соғады.
Оған құныққан адам қоғамнан біртіндеп ажырап, өзгелермен байланыс орнату, тілдесу, тұлға ретінде даму секілді адами қасиеттерін жоя бастайды.
Лудомания, яғни ойынға тәуелділіктің дүниежүзінде ауру ретінде қарастырылып, осыған байланысты арнайы медициналық терминнің енгізілуі де тегін емес.
Заң арқылы халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеуші және ынталандырушы нормалар енгізу мақсатында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Атап айтқанда, құмар ойындарға/бәс тігуге қатысуына тыйым салынатын адамдар санатының тізімі кеңейтілді.
Енді олардың қатарына Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған тұлғалар (атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер туралы мәліметтерді қамтитын электрондық деректер банкі) қосылды.
Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу енгізу арқылы жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың құмар ойындарға/бәс тігуге қатысуына шектеу қойылады.
Бұдан былай мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға/бәс тігуге қатыса алмайды.
Бұл шектеуді сақтамағаны үшін оларды жұмыстан шығару шарасы қарастырылған.
Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінде айқындалған.
Кодекске сәйкес мемлекеттік қызметшілер өз қызметінде мемлекеттік биліктің беделіне және мемлекеттік қызметке кір келтіретін әрекеттерге бармай, кез келген жағдайда әдеп нормаларын сақтап, бірінші кезекте елдің, мемлекеттің мүддесіне қызмет етуі тиіс.
Осы ретте, Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен мемлекеттік қызметшілер арасында құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алуға бағытталған шаралар қабылданып жатыр.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті