28.01.2019, 19:44
Оқылды: 22

Мемлекеттік сатып алуға қатысты дау көбейген

Былтыр мемлекеттік сатып алуда қатысушыларды өз міндетіне салғырт қарады деп тану, оның ішінде тұрақсыздық айыбын өндіру, келісімшартты бұзу және салық заңнамасына қатысты дау көбейді.

IMG-20190128-WA0052

Мысалы, мамандандырылған ауданаралық соттарында 2017 жылы салық заңнамасына байланысты 127, өткен жылы 891 іс қаралды. Бұл туралы брифингте жыл есебін берген облыстық мамандандырылған ауданаралық соттың төрағасы Исатай Сматов хабарлады. Оның мәліметінше, 2018 жылы аталған сотқа 5119 арыз, соттылығы бойынша 123 іс жолданды. Былтырғы есепті кезеңмен салыстырғанда арыз-шағым 23 пайызға көбейді. 2018 жылдың 12 айында 4914 азаматтық іс немесе істердің 90,6%-ы қаралды. Азаматтық істердің  4048-іне немесе 82,4 %-ына байланысты сот шешімі, 302-сіне немесе 6,3%-ына қатысты сот бұйрығы шықты. 440 бойынша іс жүргізу тоқтатылды, 55-сі қараусыз қалдырылды, 69-ы соттылығы бойынша жолдау арқылы қаралды. Сонымен қатар, азаматтық істердің 861-і немесе 17,4%-ы оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралды. Есепті мерзімде үш талап арыз қабылдаудан бас тартылса, 34 талап арыз кері қайтарылды, 55 іс қараусыз қалдырылды. Сот төрағасының түсіндіруінше, талап арыздарды қабылдаудан бас тартуға арыздың азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатқызылмауы, ал талап арыздардың кері қайтарылуына тиісті мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжаттың болмауы, азаматтық істердің қараусыз қалдырылуына талап қоюшылардың арызын қайтарып алуы себеп болды. Былтыр іс жүргізуі тоқтатылған (қысқартылған)  істердің ішінде басым көпшілігі, яғни 229 азаматтық іс татуластыру рәсімдері арқылы (бітімгершілік келісім арқылы 74 іс, партисипативтік келісім арқылы 8 іс), оның ішінде 147 азаматтық іс медиация қолдану арқылы қаралды. Мысалы, талапкер «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ың жауапкер «Жайықжылуқуат» АҚ-нан 232 417 310  теңге қарыз сомасын және 596 102 теңге тұрақсыздық айыбын өндіру туралы талап арызы бойынша соттың 2018 жылғы 23 қазандағы ұйғарымымен дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім бекітіліп, азаматтық іс сот өндірісінен қысқартылды. Есепті мерзімде судьялар 96 азаматтық іс бойынша  жеке ұйғарым шығарылған. Қабылданған жеке ұйғарымдардың басым көпшілігі тапсырыс берушілердің ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңының талаптары бұзылуына байланысты. 2018 жылы апелляциялық, кассациялық саты соттары арқылы  барлығы 38 шешім бұзылып, өзгертілді.

- Биыл мемлекеттік сатып алуға қатысты жаңа заңнама талаптары күшіне енді. Бұл жайында жақында өткен судьялардың басқосуында талқыланды. Мәселен, 30 күн ішінде келісімшарт міндеттемелеріне салғырт қараған серіктестік өндірісте келтірілген залалды қалпына келтіріп, тұрақсыздық айыбы мен мемлекеттік баж салығын төлесе, тапсырыс берушінің сотқа жүгінбеуге құқы бар. Былтыр қаралған істердің 35 пайызы тапсырысты немқұрайлы орындаушы деп тануға қатысты болды. Ендігі уақытта қос тарап белгіленген мерзімде бітімге келіп, сотқа шағымданбайтын болса, судьялардың жүктемесі азаяды, - деді облыстық мамандандырылған ауданаралық соттың төрағасы Исатай Сматов.

Төраға сот саласы ашықтығын қамтамасыз ету мен өзге де құқық қорғау институттарымен байланысын арттыру мақсатында жүзеге асып жатқан «Әділ процесс», «Smart сот», «Сотқа дейін татуласу», «Үлгілі сот» жобаларымен таныстырды. Айта кетейік, облыстық МАЭС-ке жолданған 5119 арыздың 414-і, яғни 8 пайызы ғана қазақ тілінде келіп түскен.

Нұртай Текебаев

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале