27.04.2022, 10:00
Оқылды: 127

"Мемлекеттік тіл - менің тілім!"

Орал шаһарындағы ҚР Ұлттық ұланы "Батыс" өңірлік қолбасшылығының 5517 әскери бөлімінде өзге ұлт өкілдері арасында "Мемлекеттік тіл - менің тілім!" байқауының бірінші кезеңі өтті.

PHOTO-2022-04-25-19-12-02(1)

Байқау аясында қатысушылар мемлекеттік тілдің маңыздылығына тоқтала отырып, қазақша мақал-мәтел жаттау, сөз жарысы, қазақша театрландырылған қойылым көрсету, қазақша өлең оқу, ән шырқау, ресми құжаттарды қазақ тілінде жүргізу және сұрақтарға жауап беру сынды аталымдар бойынша бәсекеге түсті.

PHOTO-2022-04-25-19-12-06(2)

Аталмыш сайысқа қатысқан әскери оркестрдің аға мамандары, кіші сержант А.Сидорин мен ефрейтор А.Выприченко, 1-ші жедел мақсаттағы ротасы бөлімше командирі, кіші сержант В.Абдукадыров, 2-ші атқыштар ротасының бақылаушылар взводы маманы, ефрейтор И.Шейко «Өнер алды – қызыл тіл» екенін терең түсінетін, тілге деген құрмет, ілтипаттары ерекше жандар екенін бірден аңғартты.

PHOTO-2022-04-25-19-12-02(2)

5517 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі командирдің орынбасары, подполковник Жәнібек Сәрсеновтың айтуынша, өзге ұлт өкілдері аталмыш байқауға қатысу арқылы қазақ халқының ұлттық салт-дәстүріне қаныға түседі. Олардың кейбірі домбырамен ән де сала біледі.

- Мен бүгінгі байқауда әскери қызметкерлердің ұлты өзге болса да, өздерінің Отандарын сүйетіндерін, елінің тіліне деген құрметін байқадым. Олар қазақ тілінде еркін сөйлеп, ән шырқап, көпшілікті таң қалдырды. Бұл бірінші кезекте олардың өз елінің патриоты екенін білдіреді, – деді.

Кіл жүйріктен кім жүйрік шықты десек, байқау қорытындысында төрт үміткердің ішінен ефрейтор Игорь Шейко топ жарып, жеңімпаз атанды.

Енді жеңімпаз байқаудың 2-кезеңінде әскери бөлімнің намысын қорғайтын болады.

InShot_20220427_041424564

Жүлдегерлер мен қатысушылар әскери бөлім командирінің дипломдарымен, алғысхаттарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Сайыс соңы әскери бөлімнің оркестрі мен "Бәйтерек" комьюнити орталығының "Шабыт" би ансамблі бишілерінің концертіне ұласты.

ҚР Ұлттық ұланы "Батыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале