1.04.2025, 11:15
Оқылды: 236

Меморандум мақсаты – сапалы білім беру

Жуырда Батыс Қазақстан Жоғары медициналық колледжіне В. Разумовский атындағы Саратов мемлекеттік медицина университетінен меймандар келді. Аталған университеттің ректоры Андрей Еремин, оқу ісі жөніндегі проректоры Наталья Клокотунова және емдеу ісі жөніндегі проректоры Инга Сенченко ең әуелі колледж кабинеттерін аралап, оқу-клиникалық орталығының жұмысымен толық танысып шықты.

2e78c1c1-ba7e-4a60-9fe5-ead738c96403

Содан соң «Медициналық білім беруді жақсарту бойынша халықаралық ынтымақтастық» атты дөңгелек үстел бастау алды. Дөңгелек үстелді Батыс Қазақстан Жоғары медициналық колледжінің басқарма төрағасы Қамидолла Ирменов жүргізіп отырды. Ол колледждің жетістіктеріне жете тоқталып, жиын қатысушыларына қонақтарды таныстырды.

Қамидолла Мұтиғоллаұлы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында техникалық және кәсіби, орта білімнен кейінгі білімді жетілдіру бойынша бірқатар іс-шара жоспарланғанын тілге тиек етті. Осы бағытта халықаралық ынтымақтастықты нығайту және медициналық  білім беру мәселелерінің шешімін табу үшін кездесу ұйымдастырылғанын жеткізді. Ісшараның басты мақсаты – медициналық білім беру саласындағы байланыстарды одан әрі жақсарту және бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылау.

Дөңгелек үстел барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманова денсаулық сақтау ісінің алға басуы үшін Батыс Қазақстан облысында жүзеге асырылып жатқан жобалар жайында сөз сабақтап, Ресей Федерациясының Саратов облысынан келген делегация мүшелерін алдағы уақытта тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге шақырды.

– Қазіргі таңда облыстағы медициналық білім беруді жетілдіру мәселелері жан-жақты қаралуда. Бізді нәтижелі жұмыстар күтіп тұр. Атағы алысқа кеткен ресейлік жоғары оқу орнымен байланыс орнатып, жүйелі түрде жұмыс жүргізуге ниеттіміз. Батыс Қазақстан мен Саратов облыстары ежелден қоңсы қонған, барыс-келістері үзілмеген көршілер. Экономикалық қарым-қатынастармен қатар білім беру, медицина салаларында да ауыз толтырып айтар жетістіктер жетерлік. Біздің осынау әріптестік қарым-қатынасымыз әрі қарай табысты жалғасатындығына сеніміміз мол. Тығыз байланыста жұмыс істеп, оқу мен білім беру сапасын арттырып, екі өңірде де медицина кадрларының жетіспеушілігін жоюға күресетін боламыз, – деді Гүлнәр Мақсотқызы.

Бұдан кейін қонақтар сөз алып, Саратов мемлекеттік медицина университеті жайында біраз мағлұмат айтты. Олар да екіжақты байланысқа зор сенім білдіріп отыр.

– Университет ғалымдары ғылыми зерттеулер жүргізіп, ірі жобаларды сәтті жүзеге асыруда. Саратов мемлекеттік медицина университетінің клиникалық орталығы ауруларды диагностикалау мен емдеудің жаңа жоғары технологиялық әдістерін енгізуге, дербестендірілген және трансляциялық медицина технологияларын әзірлеуге бейімделген. Маңызды стратегиялық міндеттерді алға тартатын жоба-жоспарларымыз көп. Университетті инновациялық тәсілдерді, жаһандық серіктестіктерді және халықаралық ынтымақтастықты пайдалана отырып дамытып келеміз. Біз сіздермен тәжірибе алмасуға, медицина саласындағы мәселелерді бірге шешуге қашанда дайынбыз, – деді Андрей Вячеславович.

Дөңгелек үстел барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы мейірбике ісінің координаторы Дина Есляшова «Тәжірибелік денсаулық сақтау ұйымдарында мейірбикелік қызметті басқарудың жаңа жүйесін енгізу: нәтижелер мен перспективалар», сондай-ақ Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжі мейіргер ісінің қолданбалы бакалавры бөлімінің меңгерушісі Гаухар  Әлібаева «Медбикелердің дербес қызметі. Мейірбикелік зерттеулердің үштігі: клиникалық тәжірибе, зерттеу және білім беру» тақырыбында баяндама оқып, біраз мағлұмат айтты. «Мақсат» Орал медициналық колледжінің директоры Мақсот Берген және жиынның басқа да қатысушылары сөз алып, пікір алмасып, қозғалған тақырыптар бойынша ой сабақтады. Іс-шара соңында университет пен колледждің арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында меморандумға қол қойылды.

Мәрлен Ғилымхан,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале