8.06.2017, 21:24
Оқылды: 80

Ертең Оралда «Мен қазақпын» жобасының іріктеу туры өтеді

Халықаралық деңгейдегі мегажоба - "Мен қазақпын" байқауының іріктеу туры ертең Батыс Қазақстан облысында өтпек. Астанадан шығып, өңірлерді аралап келе жатқан түсірілім тобы бүгін Оралға жетіп, қатысушылармен кездесті.

Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен «Қазақстан» ұлттық арнасының бірлесе қолға алған халықаралық «Мен қазақпын» жобасының мақсаты – дәстүрлі әнші, күйші, термешілерімізді, еліміздің әр аймағында қалыптасқан өнер мектебінің өкілдерін кеңінен дәріптеу, таңдаулы туындыларды заманға сай форматта насихаттау болып отыр.

-Дәстүрлі ән, күй, термені насихаттауға арналған жоба әуелі өңірлерде іріктеуден басталады. Астанадан екі топ шықтық. Бірінші топ еліміздің солтүстігі мен шығысын араласа, біз Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе, Қызылорда, Шымкент, Таразда іріктеу турларын өткіземіз. Мұндай тур Ресей, Қытай, Моңғолия мен Алтайда да болады. Іріктелгендер күзден бастап байқауға қатысады. Жеңімпаздар тәуелсіздік мерекесі қарсаңында анықталады деп ойлаймыз. Қорытындыны мега-шоу ретінде өткізілу жоспарлануда. Әр өңірден әр жанрдан бір адамды іріктеп алу қиындау – мықтылар көп. Сондықтан іріктеуден өтпей қалған мықтылар да назардан тыс қалмайды. Ақтауда да, Атырауда да іріктеу тартысты өтті. Әділқазылар шешім шығарарда қатты қиналды. Он шақты адамды бір-бірімен қайта жарыстырып, басқа өңірдің ән-жырынан, күйінен де сұрады. Республикалық байқауға баратын болған соң тек өз өңірінің емес, жалпы қазақтың өнерін білуі керектігі ескерілді. Әділқазылар құрамында есімдері елге таныс өнер шеберлері болады. Ақтауда Айгүл Елшібаева, Атырауда Елмұра Жаңабергенова болса, Оралда Өмірқұл Айниязов қазылық етпек. Олар іріткеліп алынған үш адамды – әнші, күйші және термешіні келешекте бақылауына алып, үлкен сахналарға шығаруға жетелемек,-дейді «Қазақстан» ұлттық телеарнасының продюссері Болатбек Баянханұлы.

-Жобаға әр ауданнан орындаушылар мен олардың ұстаздары келуде. Әзірге он бес күйші, 17 әнші-термеші қатысуға ниет білдірді. Ертең сағат 10-да Облыстық тарихи-өлкетану музейінде жеребе тасталады. Іріктеу тур 14:00-де Облыстық қазақ драма театрында басталады. Әр қатысушы екі шығармадан орындайды,-дейді облыстық халық шығармашылығы орталығының бөлім басшысы Есенгелді Молдағалиев.

Нұрлыбек Рахманов,

Суретке түсірген Айбатыр Нұраш

zhaikpress.kz

19022497_10209310935942820_2004797525_o

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале