М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен «Мен тұратын көшенің тарихы» акциясын қорытындылау іс-шарасы өтті.
Ономастикалық атаулардың жаңғыруы мен көшенің тарихын насихаттау, атаулардың маңызын түсіндіру мақсатында ұйымдастырылған акцияға қатысушылар өз көшелерінің тарихын бейнетаныстырылым арқылы ұсынды. Қазылар алқасының төрағасы, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің филология факультетінің деканы, философия докторы (PhD), доцент Айдарбек Ақболатов өзінің құттықтау сөзімен шараның шымылдығын ашып берді. Ұрпақты тарихын тануға жеткізетін кеш әрі қарай студенттердің жалынды өлеңдерімен жалғасты.
- Акцияға келіп түскен бейнетаныстырылымдарды тарихшы, филолог, сондай-ақ IT мамандарынан құралған қазылар құрамы тексерді. Іріктеуден өткен бейнетаныстырылымдардың жеңімпаздары белгілі болды. Мұндай іс-шаралардың келешек ұрпаққа тигізер пайдасы зор. Жер-су аттарының тарихы біздің өткенімізбен сабақтасып жатыр. Сондықтан біз тарихымызды тануға талпыныс жасауымыз қажет, – деді Айдарбек Ахметұлы.
Көше тарихына қатысты мәліметтің жеткізілу мазмұны, сапасы жағынан жоғары деп бағаланған Сырым елінен келген 6-сынып оқушысы Айару Жақсыбектің жұмысы І орынды жеңіп алды. Ал ІІ орынды Дарья Стребкова мен Амина Сыйлыбаева иеленсе, Фатима Давлеткалиева, Сұлтан Құрманов, Гүлім Данабекқызы ІІІ орынға лайық деп танылды. Барлық қатысушыға бағалы сыйлықтар табысталды.
Аманжол Исламғали,
zhaikpress.kz