2.02.2022, 9:10
Оқылды: 71

Менің Сара апам

Бала кезімде газет редакциясынан келген бір хат менің қиялыма қанат бітіріп, келешекке нық қадам басып, болашақ мамандығымды айқындауға өз әсерін тигізді...

649E7291-C1B3-414F-8016-0C7848C2C40E

Жердің шетіндегі, желдің өтіндегі аядай ауылда өмірге келген бізді сыртқы әлеммен байланыстыратын тек газет-журналдар  ғана еді. Теледидар дегенді өңіміз түгілі, түсімізде де көрмегенбіз. Үйдегі радиоқабылдағыш кейде қазақша  ән салып, жаңалықтар айтып, тым тәуір самбырлап тұратын да, кейде қыр-қыр етіп, үні талып естіліп, сосын мүлде жоғалып кететін. Ол кезде қазақ тілінде шығатын басылымдардың өзі санаулы еді. Жаңалыққа жаны құмар, көкірек көзі ояу әкем соның бәрін үйге жаздырып алдыратын. Газет-журналдар үйіліп-төгіліп айына бір келуші еді. Сол күні үй-ішімізбен көптен көрмеген тума-туысымыз алыстан қыдырып келгендей қуанып, жапа-тармағай газет-журналдарға жабысатынбыз.

Інілерім «Балдырған» журналындағы ертегі, тақпақтарды таласа оқып, тіпті кішкентай, сауатсыз сіңлім де журналдағы түрлі-түсті суреттерге қызыға қарап отыратыны есімде... Әке-шешеміз кешкі шәй үстінде бізге газет-журналдан оқыған тәрбиелік мәні бар, мораль тақырыбында жазылған әңгіме, мақалаларды майын тамыза айтып отырушы еді. Ара-тұра мен де  әңгімеге араласып, оқығанымды ортаға салатынмын.

Көп ұзамай мектепте болған әдеби кештер туралы, қызықты пионерлік істеріміз жайлы жазғандарымды «Қазақстан пионері» газетіне жолдай бастадым. Почташы құшақ-құшақ газет-журналдарды көтеріп, үйге келген сайын жүрегім алып-ұшып, кеудеме симай кететін. Балалық-ай десеңші, жалма-жан газетті ала сала, өзімнің аты-жөнімді, өзімнің жазған хабарларымды асығып-аптығып іздейтінмін. Газеттің әр санын іштей асыға  күтіп жүруші ем.

Бір күні сабаққа барсам, оқушылар: «Саған редакциядан хат келіпті. Поштада жатыр» деді. Жүрегім өрекпіп, сабақ арасындағы үлкен үзіліске дейін әзер шыдадым. Қоңырау соғылар-соғылмастан орталық көшедегі жалғыз почтаға қарай құстай ұштым. Сыртына «Қазақстан пионері» газетінің аты жазылған ерекше конвертті асығып-үсігіп аштым. «Құрметті Заря! Жазғаныңды оқып шықтым. Талабың жақсы екен. Бірақ әлі де іздене түс, көп оқы, айналайын...» деп жазыпты. Хат машинкамен басылған, соңына редакцияның әдеби қызметкері Сара Латиева қол қойыпты.

Жазған мақалам газетке шықпаса да, жүрегім жарылардай шын қуандым. Өйткені бұрын-соңды біздің ауылға редакциядан ешкімге хат келген емес еді.  Қуанышым қойныма симай, бірге оқитын достарыма, сабақ беретін ұстаздарыма хатты көрсеттім. Алып-ұшып үйге келсем, бірінен-бірі естіп, құтты болсын айта келген көрші әйелдерге апам бар тәтті-дәмдісін шығарып, шәй беріп жатыр екен...

Шөпжелке қыздың  «тырнақалдысын» қоқыс шелекке тастай салмай, журналист апайдың ерінбей-жалықпай уақыт бөліп, хат жазуы көңіліме қанат бітірді. Сол күннен бастап бұрынғыдан да көп оқып, қолым қалт етсе, мектеп кітапханасынан шықпайтын болдым. Көп ұзамай республикалық, облыстық, аудандық басылымдарға мақала, новелла, шағын әңгімелерім біртіндеп шыға бастады.

Ол жылдары қазақ қыздарынан шыққан жазушы, журналистер саусақпен санап аларлықтай. Роза Қунақова, Шәрбану Құмарова, Сара Латиева, Шәрбану Бейсенова, Мағира Қожахметова сияқты қаламгер болсам деп армандайтынмын. Мектеп бітірген соң, кездескен көп қиындықтармен күресе жүріп, КазГУ-дың журналистика факультетіне түстім. Жалғыз хатымен көңіліме үміт отын жағып, дұрыс бағыт-бағдар сілтеген Сара апайды іздеп барып, сәлем беруге студент кезімде батылым бармады. Шынымды айтсам, ұяңдығым жібермеді. Қанша дегенмен, ауылдан шыққан жас қыздар жасықтау болатыны рас-ау... Университет бітірісімен, жолдамамен Жезқазған қаласына кеттім. Қаламгер апайлармен жақын таныспасам да, бәрінің де  баспасөзге шыққан дүниелерін оқып жүретінмін.

*   *   *

Араға 20 жыл салып, Алматыға оралған соң ғана республикаға танымал журналист, жазушы, өнертанушы, «Мен соғысты көргенім жоқ», «Бұлбұл», «Хадиша Бөкеева» атты кітаптардың авторы  Сара Латиева апаймен  бетпе-бет жүздесудің сәті түсті.

Мен ол кезде Қазақстан Жазушылар одағына қарасты республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі едім. Белгілі жазушы Шәрбану Бейсенова апай редакциямызға жаңа әңгіме-хикаяттарының қолжазбасын көтеріп, жиі келетін. Шәрбану апайдың жазған әңгімелерін студент кезімнен сүйсіне оқып, сырттай жақсы көріп жүруші ем, бірден сөзіміз жарасып, апалы-сіңлі жандардай жақсы араласып кеттік.

Бір күні ол кісі өзінің Құдай қосқан қосағы, белгілі әдебиет сыншысы, қоғам қайраткері, марқұм Сағат Әшімбаев ағамыздың  60  жылдық мерейтойы ағаның кіндік қаны тамған Нарынқол жерінде  өткелі жатқанын айтып, маған шақыру билетін берді. Сол тойға курстас құрбылары Сара Латиева мен Мағира Қожахметованы да шақырғанын, бәріміз бір жеңіл көлікпен бірге баратынымызды  естігенде  қуанышым қойныма сыймады.

Жүзі аршыған жұмыртқадай аппақ, бой-сойы келісті, тал бойында бір міні жоқ, талғаммен киінген апай - Сара Латиева екен. Шәрбану апай маған: «Заряжан, бұл кісі - өзіңнің апаң, батыстың қызы, Ордадан» деп таныстырды. Менің туған ауылым Сүйіндік тен таяқ тастам жердегі  Ордаға бала кезімде бір жолым түспесе де, Орда деген сөз құлағыма жылы тиді. Өйткені менің әке-шешем - Орда ауданына қарасты Қоянды деген кішкентай ауылда туып-өскен жандар еді. Кейін екі ортаға әскери полигон салынып, үкімет біздің жерді Гурьев (қазіргі Атырау)  облысына беріп жіберді деп  жиі айтып отыратын. Шынымды айтсам, Сара апайдың жерлесім екенін бұрын-соңды білмеппін. Бір көрген жанға жабыса кету мінезімде жоқ, сәл салқындау сәлемдескен Сара апайға мен де артық ықылас-ілтипат көрсете қоймадым.

Шәрбану апайдың екінші курстасы - танымал қаламгер Мағира Қожахметованы ертеректе сыртынан бір-екі рет көргенім бар. Студент кезімде көк базарға қарсы беттегі ылғи газет-журнал редакциялары орналасқан биік ғимараттан анда-санда қаламақы алуға баратынмын. Сонда джинсы шалбар киіп, мойнына алпыншақ-салпыншақ әшекейлер таққан ерке бойжеткенді журналист ағайлар қоғадай жапырылып, кезексіз өткізіп жататын... Енді бүгін қолына қос-қос күміс білезік, мойнына күміс алқа таққан, мыс түстес шашы бұрқыраған салиқалы бәйбішені сол тәкаппарлау, сәнқой бойжеткен дегенге кім сенер?!

Үш апай бір қалада тұрып жатса да, көптен бастары қосылмаған ба, жол бойы әңгіме тиегін ағытты. Студенттік қызықты жылдарына «саяхат» жасап кеткен жазушы апайлардың сөздерін сүйсіне тыңдап отырдым. Әңгімелерінен ұққаным, ылғи жігіттер оқитын журналистер факультетінде қыз атаулыдан тек осы үшеуі-ақ оқыпты. Марқұм Сағат аға мен Шәрбану апай студенттік кездерінде бас қосып, үйленген екен. Сара апай мен Мағира апай «қалыңдықтың шашбауын көтеріп», Қытаймен шекаралас алыс ауылға бірге ілесіп келіпті... Курстас құрбылар қаншама жыл бұрын болған сол тойды, хош иісті, саф таза ауасын қанша жұтсаң да мейірің қанбайтын қонақжай ауылды, ауыл іргесіндегі қарағай, шырша, аршасы аралас қалың орманды, тойдан шыққан соң айлы түнде салған әндерін сағынышқа толы қимастық сезіммен елжірей еске түсірді.

Кенет сонау бір жылғы тойда айтқан халық әндерінің бірін Сара апай сызылтып шырқай жөнелгенде, күмістей сыңғырлаған сұлу үніне сиқырланып қалғандай болдым. Жан-тәнімен беріле ән салғанда, бір қарағанда сәл қаталдау көрінетін  ақсары өңі жылып, әуенмен бірге жүзі құбылып, құлпырып, ажарланып кетеді екен... Бір сәт қарсы алдымда отырған жан журналист, жазушы емес,  өзі жазған «Бұлбұл» кітабының бас кейіпкері  - әнші Күләш Байсейітова тіріліп келгендей сезіндім.

*   *   *

Ең алғаш еш жасандылықсыз, боямасыз, таза табиғи қалыптарында көрген соң ба, сол сапар мені үш апаймен де жақындастырды. Мағира апайдың өз қаржысы және қажыр-қайратымен шығарып жатқан «Балбұлақ» балалар журналына Сағат Әшімбаев ағамыздың 60 жылдық мерейтойына дайындаған кө-лемді фоторепортажым жарық көрді. Сол сапардан соң да апайлармен жиі кездесіп жүрдім. Шәрбану апай мен Сара апайдан алған көлемді сұхбаттарым республикалық басылымдарға  жарияланды.

Кейін қаламдас апайлармен бірге Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданындағы Өскемен қаласына  жолым түсті. Шәрбану апайдың туған жерінде өткен   әдеби кештер мен түрлі кездесулерге қатыстық. Ол да бір естен кетпес ерекше оқиға болды. Қонақ үйде Сара апай екеуміз бір бөлмеде жаттық. Ұзақ жылдар журналист боп қызмет еткен қаламгердің айтар әңгімесі көп екен.

Алғашқы еңбек жолын шұбартаулықтардың бастамасымен комсомолдық жолдама бойынша Жәнібек ауданының «Талов» совхозында қой шаруашылығынан бастапты. Аудандық «Октябрь туы» газетінде, Гурьев облыстық радиосында тілші, республикалық «Қазақстан пионері» газетінде, «Қазақ радиосында», ұлттық «Қазақстан» энциклопедиясында, «Ақ желкен» журналында бөлім меңгерушісі болып істепті.

Басшыларға жағынып, жалпылдауды білмейтін, не ойласа да көкейіндегі ой-пікірін жасырмай, бүкпесіз, тіке айта алатын, әрдайым әділеттілікті қолдайтын  Сара апайдың өзі бастан кешкен сан түрлі оқиғаларды әңгімелегенде, бір адам туралы жаман пікір айтпағанына сүйсіндім. Әр әңгімесінен тектілігін, досқа адалдығын, туысқа бауырмалдығын, қандай талантты болса да, қарапайымдылығын, бір сөзбен айтқанда, биік адамгершілік қасиеттерін аңғардым.

*   *   *

Сара апай жайлы сөз қозғағанда, он жеті-он сегіз жастарынан жұп жазбай, өмір бойы әдебиет әлемінде бірге келе жатқан курстас, қаламдас қос құрбысын бөліп тастауға болмайды. Бірі – Қазақстанның батысында, бірі – шығысында, бірі – Сары Арқа өңірі, сұлу Көкше жерінде өмірге келген  үш қаламгердің қаншама жылдан бері достықтарына қылау түсірмегендеріне, жаны сүйіп таңдаған қиын да қызықты мамандықтарын ештеңеге айырбастамай, саналы ғұмырларын арнаған адалдықтарына іштей тәнті болдым.

Атақпен де, шатақпен де істері жоқ, қасиетті қаламдары қолдарынан түспей, қанша жылдан бері халқымызға қалтқысыз қызмет етіп жүрген қазақтың қаламгер үш қызы туралы бір үлкен шығармашылық кеш өткізу керек деген ой басымнан кетпей қойды. Көп уақыттан бері  жаныма маза бермей жүрген сол ойымды ортаға салып едім, «Қой, қарағым, арнайы кеш өткізетіндей біз не тындырдық?» деп Сара апам шортандай шоршып түссін. «Заряжан, бізден гөрі де тасада жүрген талантты жандар аз емес қой, солардан ыңғайсыз болар» деп Шәрбану апай қиналды. «Да ну?! Зачем?» деп Мағира апам қыңырайды. Бірақ мен де табандылық танытып, айтқанымнан қайтпадым.

Жазушылар одағының сол кездегі  басшылары – Нұрлан Оразалин мен  Ғалым Жайлыбайдың алдына барып, үнемі қалтарыста қала беретін, атақ-даңқпен ісі жоқ  қаламгер үш апамыздың осы кезге дейін тындырған игі-лікті істерін санамалап, кейінгі жастарға үлгі-өнеге болатын тәрбиелік мәні бар іс-шара өткізіңіздерші деп ұсыныс жасадым. Олар мені қуана қолдап қана қоймай, соны ұйымдастыру жауапкершілігін өз мойныма ілді. Бұрын-соңды көпшіліктің алдына шығып, сөйлеп көрген жан емеспін, көсемдігім де, шешендігім де жоқ, бірақ өзім әзер көндірген қаламгер апайлар үшін тапсырмадан бас тарта алмадым.

Шығармашылық кешті 8 наурыз - халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында өткізуді жоспарладық. Әдеби кештің шартты атауы - «Мен қазақ қыздарына қайран қалам...» дедік. Енді сол әдеби кешті қалай тартымды, тағылымды және есте қаларлықтай етіп өткіземіз деп бас қатырумен жүріп, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалдым.

Тіпті сахна төріне ілінетін баннердің нобайын да өзімнің қағазға түсіруіме тура келді. Үлкен баннердің бір жағында бұрынғы Үкімет үйінің (қазіргі Қазақ-Британ Университеті ғимаратының) алдында студент кезде түскен үшеуінің фотосуреті, ортада  кеш эмблемасы, екінші жағында тап сол ескі алаңдағы тарихи орында елге танымал қаламгер үш апайдың қазіргі кезде түскен фото суреті тұрады деп жобалағам, баннер ойлағанымнан да сәт-ті шықты.

Шағын бейнефильм түсірдік. Артық даңғаза-жарнамаға, бос мақтан сөзге жаны қас үш апайдың бабын тауып, әрі көптің көңілінен шығатындай әсерлі әдеби кеш өткізу оңай болған жоқ. Беделді, белді қаламгерлердің біразы сол кеште ортаға шығып, талай қызық әңгімелер, естеліктер айтып, үшеуінің көп адам біле бермейтін қырларын ашты, қаламгерлік образдарын толықтырды. Қалың оқырмандарының құрметіне бөленіп, құшақ-құшақ гүл шоқтарының астында қалған қаламдас апайларымның сол бір бақытты сәттері әлі күнге көз алдымда...

*   *   *

2017 жылдың күзінде Сара апайды туған жері – Бөкей ордасындағы мәдени саланың бір пұшпағын ұстап отырған зиялы азаматтар шығармашылық кездесуге шақырған екен. Алматыдан аяулы апайымыздың шашбауын көтеріп, белгілі ақын, аудармашы Қалампыр Кенжеғалиқызы екеуміз жолға шықтық.

Сара апай нағашысының жылдық асына қатыспақ болып, ел жаққа  бізден сәл ертерек кеткен, облыс орталығынан өзі күтіп алды. Орал қаласынан Бөкей Ордасына жеткенше көлік жүргізуші туыстарының бірі туған жерінің тарихын сыр ғып шертіп, ел ауызында жүрген талай аңыз-әңгімелердің тиегін ағытып, жол қысқартты.

Бөкей ордасының соңғы ханы, өз заманында Қазан университетінің құрметті мүшесі болған, араб, парсы, неміс, орыс тілдерін жетік меңгеріп, Ордада қазақ балалары үшін тұңғыш мектеп, банк, екі бірдей мешіт, дәрігерлік бөлімше, дәріхана, т.б. ашқан  Жәңгір хан туралы туған нағашым Сатыбалды Даумовтың жазған «Сонау бір тұрған Нарында» кітабынан біраз хабарым бар еді. Өзім көптен бір көруді арман етіп жүрген қасиетті жерге жеткенше асықтым.

Ел шетіне табанымыз тиер-тиместен ауданның атқамінер азаматтарының  алдымыздан шығып, жазушы Сара Латиева мен оның Алматыдан арнайы келген сыйлы қонақтарына ілтипат көрсетіп, қонақжайлық танытқан кең пейілдеріне риза болдық.

Әсіресе барғаннан кетер-кеткенге дейін бізді қуана қарсы алып, алма-кезек ақ дастарқандарын жайған Сара апайдың бірге туған бауырлары мен келіндерінің сый-құрметіне көңіліміз толды.

Сол сапарымызда ашық аспан астындағы мұражай секілді керемет сақталған тарихи үй-жай, ғимараттарды өз көзімізбен көрудің сәті түсті. Ауыл сыртындағы қорымға барып, өмірден өткен тарихи тұлғаларға мінажат еттік. Жәңгір ханның өзі еккізген құмдағы қарағайларын тамашаладық. Хан ставкасын, мешітін, ашқан мектептерін аралап, тарихи-өлкетану мұражайына бардық. Сара апайдың әкесі тарихи жәдігерлерге толы тамаша мұражайдың алғашқы ұйымдастырушыларының бірі болыпты... Ол кісінің аты-жөні жазылған ескерткіш тақта мұражайдың сыртқы қабырғасында  ілулі тұрғанын көріп, қайран қалдық.

«Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы» деген теңеу сөздерді дана халқымыз  тектен-текке айтпаса керек. Не жайлы жазса да, асықпай зерттеп барып, қолына қалам ұстайтын Сара апайдың терең ізденімпаздығы мен жан-жақты білімі  ақылды әкесінің қанымен бойына сіңгені қасиет екені айтпасақ та түсінікті еді!

Қайда барсақ та, халықаралық Алаш сыйлығының иегері, алты алашқа аты мәлім жазушы жерлестерін сағына құшақтап, амандық-саулығын сұрап жатқан қарапайым адамдардың ерекше ізеті мен ыстық ықыласына кез болдық. Әсіресе мәдениет үйінде өткен кештен алған әсерімізді   сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ақ бас Алатау баурайындағы ару қала - Алматы шаһарында тұрғанына жарты ғасырдан асқан Сара Латиева апамыздың «Туған жердің түтіні» деп аталатын жаңа кітабының алғашқы парағын ашқаннан-ақ алыстағы туған жерін, тіпті туған жерінің түтінін де  үнемі сағынып жүретінін жаным сезген. Қателеспеген екем.

Кеш басталған кезде Сара апай бірден сахна төрінде шалқайып отырса да, ешкім сөге жамандамас еді. Бірақ ата-анасы «Ұлық болсаң, кішік бол» дегенді ес білгеннен құлағына сіңірген зиялы жан көрермендер отырған кең залдың табалдырығын тебірене аттап, алдымен әдеби кешке жиналған көпшіліктің алдына барып, жасы үлкендердің қолын алып, замандастарымен құшақтаса амандасты. Соны көргенде көңіл шіркін керемет толқып кеткенін қалай жасырайын?!.

*   *   *

Ешқашан сағынышыңыз сарқылмасын, сағына баратын ауылыңыз бен қуана қарсы алып, дәмге толы ақ дастарқандарын жарыса жаятын  іні-келіндеріңіз, тума-туыстарыңыз аман болсын, Сара апа!

Заря Жұманова,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Алматы қаласы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале