20.10.2022, 9:45
Оқылды: 82

«Менің сүйікті дәрігерім» Оралда

ҚР Президентінің Іс басқармасына қарасты медициналық орталық ауруханасының жоғары санатты дәрігерлері – ангиохирург Талғат Сәрсенбаев, кардиохирург Ерлан Денеев және аритмолог Шалқар Смағұлов өңір тұрғындарына жүрек-қан тамыр аурулары бойынша консультативтік көмек көрсетуде.   

1

Нақтырақ айтсақ, кардиохирург пен аритмолог – облыстық кардиологиялық орталықта, ал ангиохирург – облыстық көп салалы ауруханада (диагностикалық корпус) қабылдау жүргізуде.

– ҚР Президенті Іс басқармасына қарасты медициналық орталықтың білікті дәрігерлері жоғары технологиялық медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру үшін жыл сайын «Менің сүйікті дәрігерім» акциясын өткізеді. Осы іс-шара аясында дәрігерлер делегациясы облыстарды аралап, науқастарды қабылдайды. Дүйсенбі күні Батыс Қазақстан облысына келдік. Жүрек-қан тамыр  дерттері мазалап жүрген жасы 18-ден асқан азаматтарға сараптамалары бойынша диагноз  қойып, кеңес берудеміз. Соңғы жылдары тұрғындар арасында жүрек-қан тамыр аурулары белең алғаны аян. Бұл дерт науқасты мүгедектікке ұшыратады немесе тіпті өлімге душар етеді.  Күні бүгінге дейін тоғыз ай ішінде біздің мамандар сегіз облысты аралап, 1000-ға жуық науқасқа көмек көрсетті. Дәрігерлер облыс тұрғындарын тегін қабылдайды. Кеңес алуға келген науқастың қолында жеке басын куәландыратын құжаты мен бұрынғы сараптамалардың нәтижесі болуы шарт. Жүрек сырқатының өршуіне артериялық қан қысымының жиі көтерілуі, адамның психо-эмоционалды жай-күйі, физикалық жүктемелердің көп болуы (жиі ауыр көтеру), экология және салауатты өмір салтын сақтамау әсер етуде. Сондай-ақ қант диабетіне, артериялық гипертонияға, семіздікке шалдыққандар тұрғылықты мекенжайы бойынша дәрігерлердің бақылауында болуы керек, – деді ангиохирург Талғат Сәрсенбаев.

Айта кетсек, ҚР ПІБ Медициналық орталығының ауруханасы мемлекеттік қызметшілерге медициналық көмек көрсетуге мамандандырылған. Аталмыш орталық қазақстандықтарға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мемлекеттік тапсырысы бойынша тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) аясында, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) бойынша және ақылы негізде қызмет көрсетеді.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале