Маусымның 4-і ҚР Мемлекеттік рәміздер күні. Осыған орай қаламызда «Менің Қазақстаным» атты жастар акциясы аясында бірнеше шаралар ұйымдастырылуда.
Бүгін мотоциклистер, велошабандоздар, спортшылар және байдаркашылардың қатысуымен «Менің туым» эстафетасы Орал-Атырау трассасында орналасқан «ОРАЛ» жазуының алдынан бастау алды.
Орал-Атырау трассасы бойындағы «ОРАЛ» жазуының алдына жиналған мотоциклистер Қазақстанның Туын желбіретіп «Динама» спорт базасына бағытталды.
-Мемлекеттік рәміздер күнімен жерлестерімді құттықтаймын. Аталмыш шарада Көк Туымызды алып жүру мен үшін үлкен мәртебе. Біздің мақсатымыз - қала тұрғындарына ҚР Рәміздеріне деген құрметмізіді көрсету,-дейді “Velo Brothers” мотокциклистер клубының мүшесі Максим Дмитрук.
Мотоциклистерден Туды қабылдап алған «Динамо» спорт базасының ескекшілері Шаған өзенімен жүзіп, П. Атоян атындағы стадионға келді.
Ескекшілер болса Туды Киров саябағында жиналған спортшыларға табыстады. ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, самбо күресінен төрт дүркін әлем чемпионы Ерболат Байбатыров бастаған спортшылар Туды ұстап П.Атоян атындағы стадион алдына жиылған велошабандоздарға қарай жүгіріп өтті.
-Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздер күні құтты болсын! Бүгін әр түрлі саладағы спортшылар Көк Туымызды қала ішінде желбіретіп өтуде. Әлемнің өзге елдерінде Әнұранымызды ойнатып, Көк Байрағымызды көтеріп жүрген спортшылар үшін Рәміздер күнінің маңызы ерекше,- дейді Ерболат Сағатұлы.
Ал велошабандоздарды алтыншы шағын аудандағы «Жаңа алаңда» «Батыс қамқор», «Жасыл ел», «Орал студенттерінің альянсы» ұйымдарының жастары флешмоб биімен қарсы алды.
Шара соңында барлық спортшылар Тумен естелік суретке түсті.
Айымгүл Төлеуғалиева
«Орал өңірі»
zhaikpress.kz