18.10.2022, 15:15
Оқылды: 14

«Менің жолым»

Облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық «Менің жолым» атты жаңа жобаның тұсауын кесті. Өмір жолында түрлі қиындықты өткеріп, жетістікке жеткен жерлестер өнегесін  үлгі ету арқылы жастарды қанаттандыру мақсатында ұйымдастырылған жобаның алғашқы қонағы «Демеу»  мүгедектерді қолдау қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Ғибадат» ЖШС-ның негізін қалаушы Біржан Қожақов болды.

IMG-20221007-WA0004

– Елімізде үлгі болар азаматтар жетерлік. Тұсауы кесілгелі отырған жаңа жобамыз сондай жерлестерімізді кеңінен таныстырып, жастарға жол көрсетер тұлғалардың жаңа қырын аша түсуді көздейді. Бүгінгі қонағымыз – талай қиындықты өткерсе де, темірдей төзімділік танытып, өмірден өз орнын таба білген жан. Оның еңбекқорлығы мен намысшылдығы өздеріңдей жастар жігерін танытатыны  анық, – деді жоба қонағын таныстырған облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Аслан Тәпішев.

Одан кейін  Біржан Қожақов өзін таныстырып, өмір жолы жайында кеңінен әңгімелеп берді. Екі аяғынан айырылса да, өмірге деген құштарлығы мен еңбекқорлығының арқасында үлкен белесті бағындыра білген жоба қонағының әңгімесін жастар ұйып тыңдады. Әсіресе, адал достық пен амал достық, отбасылық құндылық жайында айтқан сөздері студенттерге ерекше әсер қалдырды.

Кездесу барысында жастар Біржан Морякұлының балалық шағы, қиын сәтте демеу  білдірген достары, алғаш жасаған бұйымы және өмірлік ұстанымы мен жастарға айтар ойы жайында сауалдар тастады. Оған Біржан шебер орынды әрі нақты жауап қатып, көпшілікті таң-тамаша етті.

– Адам өмірі – күреске толы. Әркімнің өз жолындағы қиындықты еңсеріп, түрлі кедергіден тосылмай өте алады. Сондықтан сәл қиындыққа күйзеліп, «Менің жолым болмай жүр» деп қара бұлтты үйіре беру – адамдыққа жат. Мүгедек – мүгедек емес, қиындыққа төзе алмай, бастаған ісін соңына жеткізбей тастаған жан – мүгедек. Сондықтан сөзге берік, іске адал болыңыздар, – деді Біржан Қожақов.

Жиын соңында жоба қонағы ерекше сұрақ қойған жастарға өз қолынан шыққан сандықшаларды тарту етті.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале