Сәуірдің 7-сі мен 21-і аралығында Алматыда байдарка және каноэ есуден ересектер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті.
Аталмыш жарыста өңір намысын қорғаған жас спортшы М.Бровкова С-1 санатында 1000, 1500, 1200, 5000 метр қашықтықта алтын медаль иеленді. Сондай-ақ С-2 санаты бойынша сынға түскен Маша 1000, 500, 200 метрде де чемпион атанды. Осылайша еліміздің абсолютті чемпионы атанған Мария Бровкова бұрын-соңды болмаған жетістікке жетті.
Тарихи жетістікке қол жеткізген Марияға хабарласып, мереке қарсаңында құттықтадық.
- Мен үшін биылғы ел чемпионаты сәтті болды. Бұл жеңіс – көпжылғы тынымсыз еңбектің арқасы. Жетістікке жетуіме көмек көрсеткен барша бапкерге алғысым шексіз. Өңір жанкүйерлері де қолдау көрсетіп жатады. Оларға да ерекше алғыс. Барша жерлесімді 1 мамыр — Қазақстан халқы бірлігі күнімен, 7 мамыр – Отан қорғаушылар және Жеңіс күнімен құттықтаймын, — деді ол.
Түгелбай Бисен,
«Орал өңірі»