Бүгін еліміз үшін аса маңызды тарихи сәтте «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының қалалық кезеңі бойынша бас жүлде иегері атанған батысқазақстандық Ибрашевтар әулеті отбасымен сайлау учаскесіне келіп, жаңа Ұлттық құрылтай сайлауында өз таңдауларын жасады, деп хабарлайды БҚО ӨКҚ.

Жауапкершілігі жоғары, өнегелі жанұя саяси науқаннан қалыс қалмай, мемлекеттің болашағы үшін дауыс беру арқылы азаматтық белсенділіктің озық үлгісін көрсетті.
«Отбасымыздың әрбір жетістігі - Отанымыздың дамуымен тікелей байланысты. Біз бүгін «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы ғана емес, еліміздің саналы азаматтары ретінде Құрылтай сайлауында дауыс бердік. Балаларымызға Отанды сүюді, мемлекеттік маңызы бар істерге бейжай қарамауды өз үлгімізбен көрсеткіміз келеді», - деп атап өтті отағасы Дәулен Ибрашев.
Айта кетейік, Ибрашевтар отбасы жуырда Орал қаласында өткен «Мерейлі отбасы – 2026» байқауында үздік шығып, облыстық кезеңге жолдама алған болатын.
Отбасының өзіндік дәстүрі де бар. Ерлі-зайыптылар 2010 жылғы 12 маусымда заңды некеге тұрған күнді жыл сайын «Отбасы күні» ретінде атап өтуді дәстүрге айналдырған. Бұл күні әулеттің барлық мүшесі бас қосып, өткен жылды қорытындылап, жеті атасын еске түсіреді. Сонымен қатар алдағы жылға ортақ мақсат-міндеттерін айқындап, отбасы бірлігін нығайтуға бағытталған жоспарларын талқылайды.
Бүгінгі саяси науқанда да Ибрашевтар әулеті бірлігін танытып, бірге дауыс берді. Ынтымағы жарасқан үлгілі отбасының бұл қадамы көпшілікке өнеге болды.