28.05.2021, 17:13
Оқылды: 392

Мерейтой иесіне құрмет

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде шетелдерге, облысымызға танымал фотограф-журналист Рафхат Халеловтың 50 жасқа толу мерейтойының құрметіне «Өнерге адал азамат» атты салтанатты шара өтті.

1

Жиынның беташарында аталған университеттің тәрбие жөніндегі проректоры Түймеш Дәрішева оқу орнының ұжымында мұндай шараның дәстүрге айналғанын, өйткені осында қызмет істейтін жандардың университетке сіңірген еңбегінің атаусыз, ескерусіз қалмайтындығын сөзіне сүйеніш етіп, Рафхат Елжасұлының адамгершілік қасиеттерін жіпке тізгендей етіп баян етті.

 

2

Бұдан соң университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры Әсет Тасмағамбетов мерейтой иесімен білім саласында көп жылдардан қызмет атқарып келе жатқанын, оның университетте өткізілетін қандайма шаралардың басы-қасынан табылатынын айта келіп, Р.Халеловқа университет ректоры Нұрлан Серғазиевтың алғыс хатын табыс етті. Салтанатты шарада «Рухани жаңғыру» институтының директоры Абат Қыдыршаев жасы 50-ге толып отырған Рафхаттың сөзіне, ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтындығын, берген уәдесіне әрқашанда беріктігін тілге тиек етті.

3

– Рафхат Елжасұлының түсірген фотосы – өнердің баға жетпес құндылығы. Ең бір әдемі түрлі-түсті сурет журналдың мұқабасына шықса, оны түсірген Рафхат екенін басым көпшілік бірден сезеді. Ол талай атақты, әлемге, елге танымал тұлғаларды суретке түсірді. Оның фотоаппаратымен суретке түсуге хан да, қара да құштарлық танытады, қалайда шебер фотографтың қолынан шыққан туындысынан өзінің бейнесін көруді қалайды. Барың мен бағыңның таймауына шын жүректен тілектеспін, - деді ол өзінің сөзінде.

 

6

Жиында сөз сөйлеген университеттегі баспахана ақпарат орталығының басшысы Ақмарал Макулбаева, университеттің қауымдастырылған профессоры Рита Сұлтанғалиева, кәсіподақ ұйымының төрағасы Мерген Сүлейменов, кеңсе меңгерушісі Нұрғаным Жолданова, балалық шақтан құлын-тайдай тебісіп, бірге өскен сыныптас досы Сейілбек Байқатов және тағы басқалары мерейтой иесіне жүрекжарды лебіздерін білдіріп, тарту-таралғыларын ұсынды.

Салтанатты шара соңында Рафхат Халелов өзінің атына игі тілектерін жеткізген университет ұжымына шынайы алғысын айтты.

 9

Нұрымбек Мүсәлімұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале