Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің 60 жылдығына арналған батыс аймақтық ЖОО мен АОО студенттері құрама командалары арасындағы волейбол турнирі өз мәресіне жетті.
«Жәңгір хан» спорт клубы ұйымдастырған жарысқа жалпы саны 8 командада 100-ден астам ойыншы қатысты. Атап айтқанда, «Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжі», «Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжі», «Облыстық мамандандырылған олимпиада резервінің балалар мен жасөспірімдер мектебі» (екі команда), «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті», «Гуманитарлық-техникалық колледж», «ҚазИИТУ колледжі» және «Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті» командалары арасында тартысқа толы ойын өтті.
Екі күнге жалғасқан турнир нәтижесінде жүлделі ІІІ орынды – «БҚИТУ» (жаттықтырушысы Б.Медресов), ІІ орынды – «ОМОРБЖМ» (жаттықтырушысы М.Замодиенко) (2006-2007 жылғы ойыншылар) командалары иеленді. Ал алаң иелері – «БҚАТУ» командасы (жаттықтырушысы Р.Қуанов) жүлделі І орынды жеңіп алды. Сонымен қатар Иван Визгалин (БҚАТУ) – «Үздік ойыншы», Әлішер Тельманов (БҚИТУ) – «Үздік шабуылшы», Дамир Ниязов (ОМОРБЖМ) – «Үздік байланыстырушы», Данил Сухарев (ОМОРБЖМ) – «Үздік қорғаушы» аталымдарымен марапатталды.
Жарыстың жабылу салтанатына Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Армат Исанов және оқу орындары спорт клубтарының директорлары, команда жаттықтырушылары қатысты.
Еске сала кетсек, биыл – Жәңгір хан университетінің құрылғанына 60 жыл. Осы мерейтой аясындағы іс-шаралар алдағы уақытта жалғасын табады. Соның ішінде «Жәңгір хан» спорт клубы жыл ішінде республикалық деңгейде қыздар арасында волейболдан турнир және қазақ күресінен спорттық дода ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
БҚАТУ медиа орталығы