19.06.2017, 18:14
Оқылды: 80

Мерейтойлық кездесу кеш өтті

Fomin Viktor  Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты В. Фоминнің  60 жылдық мерейтойына арналған «Фомин Виктор Павлович» атты библиографиялық кітаптың таныстырылымы мен «Өмір баспалдақтары» атты кездесу кеші өтті.


  Шара А.Остапец-Свешников атындағы халықаралық балалар жасөспірімдер туризмі және өлкетану академиясының академигі Виктор Фоминнің облыстағы балалар-жасөспірімдер туризмін дамытуға қосқан үлесін, қызметін бүгінгі жастарға үлгі етіп, әр жылдары жарияланған мақалаларын оқырман қауымға таныстыру мақсатында ұйымдастырылды. Басқосуға облыстық «Ақ Жайық» туризм ассоциациясының» президенті Нина Пустобаева, музей ісінің ардагері Сара Танабаева, «Экология саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Нариман Өтешев қатысып, мерейтой иесіне ақжарма тілектерін арнады. Кеш барысында сөз алған Виктор Павлович кездесуді ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, естеліктерімен бөлісті.

   - Мен өзімді бақытты жанмын деп санаймын. Өйткені алдымнан бағыт нұсқаған жақсы адамдар жиі кездесті. Қарапайым отбасында өстім. Мектеп қабырғасында тентек болғандықтан, комсомол қатарына алынбадым. Василий  Баевтан, ардагер-ұстаз Өтебай Құспановтан білім алғаныма қуанамын. Өңірдегі балалар-жасөспірімдер туризмінің дамуына үлес  қосып келе жатқаныма 30 жылдай уақыт өткен екен. Осы аралықта бірлесе қызмет атқарып, талай белестерді бағындырған қызметтестеріме, әріптестеріме алғысым зор, - деді  асқаралы алпыстан асқан Виктор Павлович. Сондай-ақ ол үш тілде шыққан жаңа библиографиялық кітабының бірнеше данасын Ж.Молдағалиев атындағы  облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана қорына тапсырды.

   Шарада өңір өнерпаздары Ақ Жайық туралы әндер шырқап, кештің  көркін қыздырды.

Гүлсезім БИЯШЕВА

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале