6.12.2022, 9:31
Оқылды: 56

Мерейтойлық концерт

Жастар мәдениет сарайында қалалық орыс халық аспаптар оркестрінің  құрылғанына 25 жыл толуына орай мерейтойлық концерт өтті.  

5Q5A9464

Аталмыш оркестр 1997 жылы қалалық мәдениет бөлімінің жанынан құрылған. Өнер ұжымы алғашқы дирижері және көркемдік жетекшісі Виктор Плетнев пен мәдениет саласының ардагері Феликс Баюканскийдің бастамасымен жұмысын бастады. Оркестр репертуары жыл сайын жаңа шығармалармен толығып, әрбір музыканттың кәсіби шеберлігі арта түсті. Бүгінде түрлі  ұлт-ұлыс пен композиторлардың 600-ге жуық туындысы бар. Халыққа рухани азық сыйлап жүрген оркестр – халықаралық «Жұбанов көктемі» фестивалінің лауреаты, ІІІ халықаралық «KAZAN – MUZIC ЙORT» байқауының гран-при иегері, ІІІ халық­аралық «CASPI ART» өнер байқауының лауреаты. «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Айгүл Жұмашева оркестрдің бас дирижері әрі жетекшісі. Түрлі ұлт өкілдерінің басын қосқан оркестр мәдениет пен ұлтаралық келісімнің дамуына үлес қосып, елде ғана емес, Ресейдің Орынбор, Самара, Саратов қалаларында өнер көрсетіп  келеді.

 

Оркестр мерейтойлық концертті В. Бояшевтің «Праздник» шығармасымен ашты. Халықаралық байқаулардың лауреаты Е. Курдюков, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері А. Хайырханов, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Ақсұлу Жұмалиева және басқа да өнерпаздар оркестрдің сүйемелдеуімен ән шырқады. Сондай-ақ Татарстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Астана қаласындағы Ұлттық музыка академиясының профессоры Д. Сұлтанов, РФ Мәскеу қаласындағы Гнесин музыка академиясының профессоры, Ресей халық әртісі  Александр Сыганков өнер көрсетті. Кеш барысында оркестрдің дамуына үлес қосқан өнер майталмандарының есімдері ерекше атап өтілді.

 

Концерт соңы өнер ұжымын марапаттауға ұласты. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Ғалиев И. Юденкованы, Б. Нұрмағамбетованы және И. Демченконы облыс әкімінің орынбасары Б. Нарымбетовтың алғысхатымен марапаттады. Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов өнер ұжымына қала әкімінің алхысхатын табыс етті.

Сондай-ақ мерекелік кеште Г.Шәріпқалиев пен Г.Смирнов ҚР Мәдениет және спорт министрінің Құрмет грамотасымен, оркестрдің жетекшісі және бас дирижері Айгүл Жұмашева аталмыш ведомство басшысының құттықтаухатымен, Э.Айбасова, Е. Курдюков алғысхатпен марапатталды. Бірнеше қызметкер «БҚО үздік қызметкері» төсбелгісін және қала әкімінің алғысхатын иеленді.

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале