Кәсіподақ – еңбеккерлердің қолдаушысы, қоғам құндылықтарының қамқоршысы және халық арасында зор сенім мен беделге ие ұйым. Бүгін Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония залында 10 қазан - Қазақстан кәсіподақтары күніне орай салтанатты шара өтті.
Осынау мерекелік жиын «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Светлана Иманқұлованың бейне құттықтауымен басталды.
Одан кейін алғашқы болып сөз алған «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Айдар Батырханов жиналғандарды мерейлі мерекемен құттықтап, өзінің ең ізгі тілегін жеткізді. Әрі ол облыстық мәдениет және спорт салаларының басшылары Сайран Дүйсенов пен Қаймен Есендияровқа Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігімен біріккен Құрмет грамотасын табыстады.
Өз кезегінде «Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Бауыржан Атауов бұл аталмыш ұйымның шығу тарихын аз-мұз баяндап, кәсіподақтың еңбек адамдарының заңды мүдделері мен құқықтарын қорғаудағы маңызды роліне тоқталды. Жаңа әлемдегі Қазақстанның құдіретті күші ел бірлігінде, ұлт пен ұлыстардың татулығында, тұрғындар өмірінің сапасы мен тұрмыстық деңгейін көтеруде екені де айтылды. Сондай-ақ Бауыржан Аяпбергенұлы бір топ кәсіподақ белсенділеріне түрлі марапаттарды табыс етті. Алғашқы болып еңбек ардагері, зейнеткер Самат Оспановтың кеудесіне Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақ ардагері» төсбелгісі тағылса, «Батыс су арнасы» ЖШС-нің қоғаммен байланыс жөніндегі маманы Альфия Шамаева «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісіне ие болды. Ал ҚР кәсіподақтар федерациясының арнайы мерейтойлық марапаты Шыңғырлау аудандық мәдениет үйінің киножүйесі меңгерушісі Армангүл Дінекешеваға бұйырса, аталмыш федерацияның құрмет грамотасы жеті адамға табысталды. Соның ішінде біздің қадірлі әріптесіміз, «Жайық Пресс» ЖШС-нің есепшісі Маржан Серғазиева да бар.
Иә, бұл күні мерейі тасып, мәртебесі артқандар тек мұнымен біткен жоқ. Өңірдің өмірінде айшықты іздері бар «Жайық Пресс» ЖШС-гі бас директорының орынбасары, ақын-журналист Ғайсағали Сейтақ, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның солисі Ақсұлу Жұмалиева, Орал қалалық мәдени-ағарту мекемесінің әдіскері, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Сәуле Әбілова және облыстық халық шығармашылығы орталығының бас есепшісі Гүлбану Қуанышевалар «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының» «Еңбек Даңқы» төсбелгісін өңірлеріне тағып қайтты.
Айта кетелік, Батыс Қазақстан облысы әкімінің алғысхаттары мен салалық кәсіподақтардың құрмет грамоталары және алғысхаттары да өз иелерін тапты. Жиын соңы мерекелік концертке ұласты.
Бауыржан Махутұлы,
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер