14.11.2023, 15:45
Оқылды: 140

Мерекеңізбен, Мәрия апай!

 

 15 қараша  –  ұлттық валюта – Теңге күні, ҚР Қаржы  жүйесі  қызметкерлерінің

кәсіби мерекесі

Атам қазақта: «Текті жердің қызын ал, тектілік тұқым қуалайды» деген өсиет сөз бар ғой. Жалпы қазақ әйелінің осалы жоқ-ау деп ойлайсың кейде. Бауырынан он баласын өргізіп, үй тірлігін дөңгелетіп, көрші-қолаңның да шаруасына қарайласып, аядай ауылдың ардақтысына айнал-ған бірқатар ананы көзіміз көре қалды. Көгілдір отын түгіл, жоғары кернеулі электр жарығы жоқ сол кезеңде төрінен қонағы да арылмайтын еді-ау олардың. Сондай ата-ананың тәрбиесі аясында бойжетіп, өзі де біраз тірлік тауқыметін арқалаған жандардың бірі – Мәрия Мұқанәлиева.

3dbc41f6-e269-4477-9826-1583957296b5

Иә, әркімнің маңдайына жазған өз тағдыр-соқпағы бар. Тірлік көшіне ерген соң ел қатарлы еңбек етіп, қолдан келгенше жаманат арқаламауға тырысасың. Кейде тірлік тіні сен ойлағандай тоқылып кете қоймайды. Мұның бәрі – біздің кейіпкеріміздің әңгіме ауанынан туындап жатқан жайлар. Оймен оңаша қалып, өксігін ешкімге көрсетпей, бойын қайта тіктеген сәттер де болған. Енді заты әйел демесең, ерлермен иық тіресіп, бір мекемеде, бір қызметте қырық жылға таяу отырып, ел-жұртының орынды сый-құрметіне бөленген сол Мәрия Жалғасбайқызының өткен өмір өрнектерін аз-мұз тарқата кетейік.

Ол 1953 жылдың 17 мамырында бұрынғы Камен, қазіргі Тасқала ауданында дүниеге келіп-ті. Орта мектептен кейін Орал кооперативтік техникумын тәмамдап, бухгалтер-ревизор мамандығын меңгереді. Одан әрі екі жылдай ауданның сауда саласында кәсіби білімін шыңдап, сол заман жастарына тән жалын-жігерімен һәм іскерлігімен көзге түседі. Ол кезеңдегі ат үстіндегі азаматтар қиядағыны шолып, күнілгері көп нәрсені танып-біліп отырушы еді ғой... Мәрияға да ойламаған жерден аудандық ішкі істер бөлімі басшылығы «құда» түсіп, 21 жасында сол мекеменің табалдырығын басады.  Сонда ол осы келген жеріне тастай батып, судай сіңіп, біржола зейнеткер атанып шығатынын білген жоқ қой. Жазмыш солай болса, оны өзгертер құдіретті күш қайда?! Осылайша өткен ғасырдың 1974 жылы ескірмес естелік болып есінде қалған екен. Әрі «босаға» аттаған сәттен тәртіп сақшылары қызметіне үлкен құрметпен қарап, солармен бірге қуанып, бірге қиналып, ұжым беделі үшін бар күш-жігерін жұмсайды. Жылдар жылжып алға асқан сайын көпшіл де көркем мінезді есепшінің есімі ауыл-аймаққа тарап, мақтау-марапаттар да есіктен «сығалай» бастайды. Абырой адам талғамайды, соған апаратын жолды таба білу керек деген қағида тегі рас-ау! Кейіннен оны аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлері ғана емес, облыстық департаменттегі әріптестері де жақын тани бастайды. Тіпті көзтаныстарының көбі «Тетя Маша» деп алдынан кесе өтпей, өз қолдау-көмектерін көрсетеді. Ал мерекелі күндері бірде алғысхат алса, келесісінде ақшалай-заттай сыйлықтар иеленеді. Осының бәрі жарынан айырылған жалғызбасты анаға демеу болып, Жаратқанға шүкіршілік айтудан жалықпайды. Өмір қиындық-қызығымен де қымбат екенін есейген сайын мықтап түйсінеді. Атқан оқтай, шапқан аттай жүрдек уақыттың жетегінде жүріп, зейнеткерлер ауылына  қалай келіп қалғанын сезбепті. 2011 жылы 37 жылдай ыстық ұясына айналған аудандық ішкі істер бөлімі кеңсесіндегі бөлмесінен шығып, баршасымен жылы қоштасып, қара шаңырағына қарай аяңдайды. Ол күнгі үлпіл қаққан жүректер, ақтарылған тілектер, шырқалған әндер, ұсынылған дәмдер... Қазір сағынышқа суарылған сағым жылдарға айналғандай...

– Інім, жарытып көп нәрсе айтпады ғой апаңыз. Солай, сөзге сараң, іске мығым дейме мұндай адамдарды. Егер айып етпесеңіз, Тасқала топырағының төл перзенті және қатарлас, қанаттас жүріп еңбек еткен жандардың бірі есебінде өз білгенімді қоса кетейін. Алдымен айтарым, бұл кісінің жолдасы да тыныштық күзетінде қызмет атқарды. Аты-жөні – Сағын Қадесұлы Мұқаналиев, әттең, ерте бақилық болды. Артында қалған үш перзенті аналарының аялы алақанында өсіп-жетіліп, бүгінде бір-бір отау иесі атанды. Жесір жардың сол ұрпағын жетілдіру жолындағы жанкешті тірлігіне мына біз де, қала берді жерлестері де куә. Қазіргі алданышы – немере-жиендері. Айтпақшы, БҚО ПД басшылығы анада Мәрия Жалғасбайқызына «Қазақстан полициясына – 30 жыл» төсбелгісін табыстады. Мынау қаржыгерлер күні де ғұмыры есеп-қисаппен өткен жанға бөтен емес қой, мейрамы құтты болсын дейміз. Ең бастысы, ұрпағына ұлағатты үн қатқан осындай асыл жандар аман жүрсін, көрген бейнетінің зейнетін молынан көрсін деп тілейік, – дейді  жолбасшымыз, облыстық полиция департаменті орталық аппараты ардагерлер кеңесінің төрағасы Құрманғазы Алхамұлы.

Иә, әйел-аналар қандай мадаққа да лайық қой! Бұл кісінің ұстанған өмірлік ұстанымы: «Адам – бұл дүниенің қонағы. Маған өзгенің мадағынан гөрі Құдайдың көзінің түзу болғаны қымбатырақ. Өзім кешкен тірліктің жақсысы да, жаманы да пешенеме бұйырғаны болар... Бәріне тәубе!» дегенге саяды. Мерекеңізбен, Мәрия апай!

Бауыржан Махутұлы,

«Орал өңірі»,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале