23.12.2022, 23:58
Оқылды: 71

«МИБ тиімді жұмыс істесе, мәселе біртіндеп шешіле бастайды»

Бүгін Орал қаласындағы көппәтерлі тұрғын үйлердің жаңа басқару нысандарына көшуі бойынша атқарылған жұмыстар туралы жиын өтті.

82488772-CE72-4E0D-A0B6-F8FE84DCFA5F

Басқосуға облыс әкімі Нариман Төреғалиев, қала әкімі Миржан Сатқанов қатысты.

Жиында қала әкімі Миржан Сатқанов ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына өзгерістер енгізіліп, бұрынғы пәтер иелері кооперативтерінің орнына жаңа басқару нысандары, яғни, меншік иелерінің бірлестігі немесе жай серіктестік құрылатындығын еске салды.

Қала әкімінің айтуынша, Оралда 1 254 көппәтерлі тұрғын үй бар. Олардың 1 132-сі жаңа басқару нысанына жатады. Қалған 122-сі аталған жаңа өзгеріске кірмейді. Себебін бұл үйлердің құжатының жоқтығымен түсіндірді.

9141B805-1AD8-4D75-8CA5-47ED78ABDAE0

– Жалпы жаңа басқару нысандарына көшу жұмысының қарқыны баяу жүріп жатыр. Ең басты себептердің бірі – көппәтерлі үйлердегі тұрғындардың белсенділігінің төмендігі. Бүгінде қаладағы тұрғын үйлердің тек 30%-ы белсенді жұмыс атқарып келеді. Осы уақытқа дейін 243 тұрғын үйде жай серіктестік және 100 тұрғын үйде меншік иелерінің бірлестігі құрылды. Қала тұрғындарына көмек көрсету, кеңес беру, қолдау және басқарудың жаңа нысандарының санын арттыру мақсатында Орал қаласы әкімдігінің жанынан «Тұрғын үй қорының реновациясы және меншік иелерінің бірлестіктеріне кеңес беру бөлімі» жасақталды. Сонымен қатар реформаларды жүзеге асыруды ілгерілету мақсатында Орал қаласында «Меншік иелері бірлестігінің Ассоциациясы» құрылды.

Халық жол, абаттандыру, жедел саты, су мәселелерін жиі айтады. Мемлекеттік мекеме су мен жылуды үйге дейін өткізгенімен, әрі қарай жұмыс яғни, бірінші қабаттан жоғарғы қабатқа дейін жай серіктестік пен меншік иелерінің бірлестігіне жүктеледі. Егер бір үйде жылу болмаса, демек сол мәселелерді реттейтін сіздер. Өтініш, бірге жұмыстанайық. Тұрғын үйлерді басқарудағы жаңа бірлестіктердің құрылуы халқымыздың азаматтық белсенділігін арттыратынын айтқым келеді. Өзіміз тұрып жатқан үйдің күтіміне өзіміз ғана жауаптымыз.

Сондықтан тұрғындар бірлесіп, бір жерге ұйысып меншік иелерінің бірлестігін немесе жай серіктестікті құру керек. Егер МИБ-тар тиімді жұмыс істесе, тұрғын үй шаруашылығы саласында қордаланып қалған біраз күрмеулі мәселе де біртіндеп шешіле бастайды, - деді жиында қала әкімі.

F67CCE0B-B104-4DE6-BA63-8FE4EE68E779
Жиында облыс әкімі сараптама жүргізіп, әлеуметтік желі арқылы жұмысты жандандыруды тапсырды.

– Өңірде қала тазалығынан бастап жай серіктестік, меншік иелерінің бірлестігі жұмысы күрделі мәселеге айналып отыр. Бұл түсіндіру жұмысы дұрыс жүргізілмегендіктен деп есептеймін. Сондықтан жұмысты жүзеге асырмас бұрын өзге қалалармен салыстыра отырып дұрыстап сараптама жасауымыз қажет. Чаттар, әлеуметтік желіні де тиімді пайдаланып, жұмысты жандандыру керек, - деді жиында Нариман Төреғалиев.

Динара Тілекқызы,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале