12.09.2024, 11:45
Оқылды: 69

«MICS – әлеумет индикаторы» – маман

Биылғы 2 қыркүйекте елімізде ЮНИСЕФ, яғни Біріккен ұлттар ұйымының балалар қоры әзірлеген Халық­аралық мультииндикаторлық кластерлік зерттеу (MICS) басталды. Ол балалар мен әйелдердің жағдайын бағалау үшін қолданылатын негізгі көрсеткіштерді жинау мақсатында жүргізіледі және еліміз бойынша 24 мың, облысымызда 1 100 үй шаруашылығын қамтиды. Осы ретте ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі ұлттық статистика бюросы облыстық департаменті басшысының орынбасары Роза Арыстаналиева Қазақстанның статистикасы мен әлеуметтік саясаты саласындағы маңызды зерттеуге толығырақ тоқталды.

FC28C0A8-4061-4A76-A40D-9C475B3E8905

Спикердің баяндауынша, елі­мізде MICS зерттеуі төртінші мәрте жүргізілуде. Осыған дейін ол 2006, 2010 және 2015 жылдары өткен. Зерттеудің мақсаты – балалар мен әйелдердің жағдайын бағалау үшін қажет негізгі көрсеткіштерді жинау. Бұл іс-шараның маңызы зор, өйткені сауалнамадан алынған мәліметтер базалық көрсеткіштерді бел­гілеуге, ұлттық және халықаралық міндеттемелерді орындаудағы ілгерілеуді бақылауға мүмкіндік береді.

– Біздің зерттеу Біріккен ұлттар ұйымы халықты қоныстандыру қорының (ЮНФПА) және Азия даму банкінің қолдауымен, Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкіл­дігімен бірлесе жүргізіледі. Қазақстандағы MICS-тің не­гізгі мақсаты – әйелдер мен балалардың денсаулығы мен әл-ауқатының жай-күйін бағалау және мониторингтен өткізу, сондай-ақ олардың дамуының негізгі көрсет­кіштері бойынша ақпарат алу. Сауалнама денсаулық сақтау, тамақтану, білім беру, санитария, балаларды ерте жастан дамыту және басқа да көптеген аспектіні қамтитын сұрақтардан тұ­рады. Зерттеу Қазақ­станның 20 өңірінде өтіп, 2 қыркүйек пен 29 қараша аралығында еліміздің қалалары мен ауылдарындағы 24 мың үй шаруашылығында сауалнама жүргізіледі. Интервьюерлерді даярлау үшін республикалық семинар өткізілді. Біздің интервьюерлер – ұлттық және халықаралық зерттеулерді жүргізу тәжірибесі бар ұлттық статистика бюросының қызметкерлері. Сауалнамаға қатысу не қатыспау азаматтардың өз еркінде. MICS аясында бес негізгі сауалнама парағы болады. Әр сауалнама тұрмыс пен денсаулықтың түрлі аспектілерін қамтиды. Барлық сауалнама бейінді мемлекеттік құрылыммен келісілген, - деді Роза Сапарқызы.

Спикер сауалнамаға қатысу ерікті түрде өтетінін және алынған ақпараттың анонимдігі қатаң сақталатынын еске сала отырып, жұртшылықты зерттеуге түсіністікпен қарауға шақырды. Оның сөзінше, респонденттер кез келген сұраққа жауап беруден бас тартып, кез келген уақытта сұхбатты тоқтата алады. Аталған зерттеу қорытындысы Ұлттық статистика бюросының және ЮНИСЕФ-тің ресми сайтында жарияланады. Егер қандай да бір сұрақ туындаса, бюроның 1446 байланыс орталығына хабарласуға болады.

Аружан Аманжол

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале