18.07.2022, 10:45
Оқылды: 165

Міндеті мен мақсаты ерекше ұйым

Осыдан екі жыл бұрын, дәлірек айтсақ, 2020 жылдың 2 қыркүйегінде Қазақстан кәсіподақтарының ХХVІ сиезі өтті. Сонда сөйлеген сөзінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Кәсіподақ – еңбек адамының құқығын қорғау, оның лайықты тұрмыс сапасы мен жұмыс жағдайын  қамтамасыз ету жолында мәртебелі миссия атқаратын аса маңызды заманауи қоғамдық институттың бірі. Түрлі кәсіппен айналысатын еңбек адамдары – ұлт игілігінің қайнар көзі.

Біз еңбекті Қазақстан қоғамының негізгі құндылығының бірі ретінде дәріптеуіміз керек. Бұл – менің нақты ұстанымым. Осыған байланысты кәсіподақтарға ерекше міндет жүктеледі.

Кәсіподақтардың дәнекерлігі мен медиациясы арқылы еңбеккерлер мен жұмыс берушілердің тең құқылы диалогының арқасында ғана еңбек қатынастарын тиімді реттеуге болады. Осындай ынтымағы жарасқан ортада еңбек этикасы кемеліне келіп, әлеуметтік жауапкершілік мығым орнығады» – деп кәсіподақтардың маңызына жоғары баға берген еді.

03

Әрине, біз сөз етіп отырған кәсіподақтар ұйымы дегендер күні бүгін пайда бола қалған жоқ. Сонау кеңес заманында әр мекеме-кәсіпорынның өз кәсіподақ ұйымы болды, бүгінде  ол  өзінің жалғасын тауып, жыл өткен сайын еңбек адамының қамын, жағдайын ең бірінші орынға қоятын  қоғамдық,  бұқаралық институтқа айналып келеді. Жасыратыны жоқ, қоғамда қазіргі кәсіподақтарды кеңестік дәуірдің қалдығы деп есептейтіндер  де, оған қарсылық танытатындар да бар. Олардың еркіне салсаңыз, керек қылмауға бар. Алайда кәсіподақ ұйымдарының өкілдері бұған үзілді-кесілді қарсы. Нарықтық экономика жағдайында кәсіподақтардың қажеттілігі жоғары екенін өмірлік тәжірибе уақыт өткен сайын дәлелдей түсуде.

Кәсіподақтардың басты міндеті – еңбек адамының мүдделері мен құқықтарын қорғау. Бүгінде осындай қоғамдық ұйым әр салада  бар, құрылып жатыр.  Мысалы, шаруалардың құқығын қорғау және олардың өткір мәселелерін шешуді ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы жүзеге асырады. Жасыратыны жоқ, бұл салада шешімі табылмаған сұрақтар да, күрмеуі күрделі мәселелер де баршылық.

Кезінде агроөнеркәсіптік кешенде кәсіподақ мүшелерінің саны әжептәуір азайды. Бұған ең алдымен колхоз-совхоздардың таратылуы себеп болды. Жаңадан құрылған шаруа қожалықтары қоғамдық ұйымдарға қосылуға асықпағандықтан, аймақтарда кәсіподақтар таратылды. Агроөнеркәсіптік бағыттағы бірқатар кәсіподақ ұйымы өз саласынан тысқары бірлестіктерге ауысты. Олардың қатарында аудандық ветеринариялық стансалар және басқа да мекемелер болған еді. Бірақ осы қиындықтарға қарамастан, облыстық ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің мүшелері мүлдем азайып қалған кәсіподақ
ұйымы тынбай еңбектеніп, 2020 жылдан бастап өңіріміздегі  ауыл шаруашылығы тауарларын өндіретін ірі өндірушілердің жоғын жоқтап, ыстығына күйіп, суығына тоңатын өз алдарына ірі кәсіподақ ұйымын құрды. Оның тізгіні өмірлік тәжірибесі бай, талай лауазымды жұмыстарды атқарған, есімсойы облысқа жақсы таныс, өзі де ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің арасында биік беделге ие Аманкелді Медхатұлы Дәулетжановқа тапсырылды.

Аманкелді Медхатұлы төраға болып сайланған алғашқы күннен бастап барлық ауыл шаруашылығы қызметкеріне (шаруа және фермерлік қожалықтарға, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге) кәсіподақ қызметінің бағыты, кәсіподақ ұйымына кіру шарттары көрсетілген ашық хат жолдап, ұшан-теңіз ұйымдастыру жұмыстарын дөңгелете жөнелді. Ақ Жайық өңірінің барлық ауыл шаруашылығы  қызметкерлеріне  облыстық, аудандық газеттерде арнайы үндеу жарияланды. Бас-аяғы екі жылға жетпейтін уақытта кәсіподақ ұйымы қатарына екі мыңнан астам адам мүшелікке өтті. Бұл үрдіс осы күндерде де жалғасуда.  Соның ішінде өткен жылы «Белес-агро» ЖШС, «Аяз» ЖШС, «Фирма Приуралье» ЖШС, «Агросервис Батыс» ЖШС, «Хайрулин Н.К.» ШҚ, «Жұмалы» ШҚ сияқты 57 шаруа қожалығы кәсіподақ ұйымының қатарына қосылды. Осы бағыттағы жұмыс әлі жалғаса бермек.

Батыс Қазақстан облысы әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Чапаев орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бойынша 54 штаттық және 35 штаттан тыс қызметкер кәсіподаққа мүше болып қабылданды. Облыстық кәсіподақ бірлестігімен тығыз қарым-қатынас аясында 15 қызметкер мен зейнеткер  «Еңбек даңқы» және үш  қызметкер «Елеулі еңбегі үшін» төсбелгілеріне ие болды.  Атап айтқанда, олардың арасында  бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Е.Мангуров,   аудандық мәслихаттың депутаты Б.Темірғалиев, Чапаев орманшылығының орманшылық басшысы Е.Тажкуранов бар.

– Түрлі  мереке-мейрамдарға, сондай-ақ қызметкерлердің туған күн, басқа да қуанышты сәттеріне орай оларды алғысхаттар мен бағалы сыйлықтармен марапаттау – кәсіподақ ұйымының баса мән беретін шараларының бірі. Айтулы мейрамдарға байланысты зейнеткерлерімізге және қызметкерлердің балаларына жаңа жылдық шырша, т.б. мерекелерге орай әр бір зейнеткерге, балаларға бағалы сыйлықтар табысталады. Мекемеде жасақталған ұжымдық шартқа сәйкес қызметкерлердің үй болып отау кұрған кезінде, балалары дүниеге келген уақытта немесе біреу қайтыс болған кезде он айлық есептік көрсеткіш көлемінде материалдық көмек көрсетіледі, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Аманкелді Дәулетжанов.

– Тіпті, анау індет – коронавирустың кесірінен халық абдырап, қорғансыз күйге түскен кезде де біздің облыстық ұйым бұқараның жанынан табылуға күш салды. Иә, індеттің беті жаман болғаны белгілі. Талай танысымыздан, әріптесімізден, қариямыздан айырылып қалдық. Сондай кездің өзінде облыстық кәсіподақ ұйымы қол қусырып қарап отырмай, қызметкерлерге, зейнеткерлерге тегін бетперде таратты.

Аманкелді Дәулетжановтың әңгімесіне қарағанда, бүгінде кәсіподақ жұмысы ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің құқығы мен мүддесін қорғаумен қатар, қолдауды жиі қажет ететін саланың өзекті мәселелері мен сұрақтарын талдап-сараптауға  және оны шешуге бағытталған. Осы мақсатта облыстық кәсіподақ бірлестігінің мамандары аудандарды аралап, аудан және ауылдық округтердің әкімдерінің қатысуымен шаруа қожалықтары басшыларымен кездесулер өткізуде. Осындай жиындарда облыстың оңтүстік аймақтарындағы судың жетіспеушілігі, агротехникалардың қымбаттауы, жанармай бағасының жылдан-жылға өсуі, шабындықтарды ақбөкендердің таптауы салдарынан мал азығының жетіспеушілігі сықылды ауыл еңбеккерлерінің соңғы жылдардағы күрделі мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды. Бұл мәселелерге байланысты кейде шаруа қожалықтарының басшылары жан баласына шағынбай, жедел шешім қабылдағысы келеді, кейде ҚР Президентіне, Үкіметке тікелей жүгінеді.

– Бұған қоса, алдағы онжылдықта климат өзгермек. Атап айтар болсақ, жылы мезгілдер артып, суық мезгілдер қысқарады. Цельсий бойынша 2 градусқа жаһандық жылынудан ең алдымен ауыл шаруашылығы зардап шегеді. Республикамыздың кейбір аймағындағы климаттың құбылуы салдарынан орын алған өзгерістерді де көріп жүрміз. Климаттық өзгерістер судың азаюына, өзендердің құрғауына, су қоймаларының жойылуына әкеліп соғуы мүмкін, - дейді Аманкелді Дәулетжанов.

Қожалық басшыларының барлық уәжін ескерген облыстық ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы ағымдағы жылдың бесінші ақпанында бастама көтеріп, облыстың су ресурстары мәселелеріне байланысты семинар-кеңес өткізіп, нақты ұсыныстар әзірледі. Сумен қамту мәселесін шешу жұмыстары облыс әкімдігімен бірге атқарылуда. Осыған орай жуырда ұйымдастырылған дөңгелек үстелде су қорын үнемдеу, облыс аумағын көгалдандыру және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын жүзеге асыру жайында сөз қозғалды.

– Облыс аумағын көгалдандырғаннан кейін экологиялық мәселелер бірте-бірте шешіле бастайтын болады. Мемлекет басшысы Қазақстанды ауқымды түрде көгалдандыру жұмыстарын тиянақты жүргізуді тапсырды. Өңірімізде көгалдандыруға көп көңіл бөлінеді. Алайда бұл жұмыс облыстың барлық ауданы мен еңбек ұжымдарында қарқын алып кете алмай тұр.  Кейбір ауылдық округтерде аталмыш жұмыстың атқарылуы мүлдем сын көтермейді. Өңірімізде сапалы көшет тапшы, жетіспей жатыр. Осыны ескерген біздің кәсіподақ ұйымы көшет өсіруге арналған тұқымбақ (питомник) ұйымдастырды.  Бес мыңнан астам сұңғақ (пирамидалық) терек пен 2 мыңнан астам қарағай көшеті отырғызылды, – дейді Аманкелді Медхатұлы. Сонымен қатар  кәсіподақтың  ұйытқы болуымен  жаз мезгілінде көл жағасында демалыс орталығы құрылды. Ол жерде кәсіподақ мүшелері, еңбек ұжымдары демалатын болады. Орталықта киіз үйлер, спорт алаңдары бар және жақсы демалу үшін барлық жағдай жасалған.

– Барлық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің ортақ мүдде жолында ұдайы ұйымшылдық танытып, өзекті мәселелерді бірге шешетін уақыты жетті. Мамандар кәсіподақ ұйымының қатарын толықтыруды жалғастыруда. Биылдың өзінде кәсіподаққа 30-дан астам шаруа қожалығы тіркелді. Бұл бағытта, әсіресе Бөрлі, Шыңғырлау, Бәйтерек, Ақжайық және Қаратөбе аудандарындағы ауыл шаруашылығы өкілдері белсенділік танытты. Жергілікті атқарушы құрылымдардан қолдау күтеміз. Шаруалардың мүддесін қорғауды кәсіподақ ұйымына тапсыру арқылы біз өзімізді толғандырған мәселелерді тиімді шеше аламыз. Атакәсіп саналатын агросаланың басшы-қосшыларын облыстық ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының қатарына қосылуға шақырамыз, – дейді Аманкелді Дәулетжанов.

Облыстық кәсіподақ ұйымына кіру үшін  келісімшарт 2 данада толтырылады (келісімшарт беріледі). Төлем жылына бір рет шаруа қожалығынан алынады.

Енді  облыстық ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіподағы өзінің мүшелері алдында қандай міндетке ие, нендей көмек көрсете алады дегенге келсек. Ол төмендегідей:

– Құқықтық және консультативтік көмек көрсету, ұжымдық шарт жасасу және оның мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау туралы арызбен сотқа жүгіну;

– Жеке дауларды қарау жөніндегі келісім комиссиясының құрамына қатысу; кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына қоғамдық бақылауды  жүзеге  асыру;

– Үздік өндіріс қызметкерлерін марапаттарға (соның ішінде мемлекеттік марапаттарға) ұсыну;  демеуқаржы (субсидия) алуға өтініш беру арқылы көмек көрсету; шаруа қожалықтарының мүшелерін, фермерлер мен табиғатты пайдаланушыларды облыстық медициналық мекемелерге бекіту; жазғы уақытта кәсіподақ мүшелеріне сауықтыру-емдеу мекемелеріне, шипажайларға тегін жолдама беру;

– Агротауар өндірушілердің мәселелерін шешуге жәрдемдесу, олардың жоба-жоспарларын құзіретті құрылымдарға, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне жеткізу, ҚР Парламенті Мәжілісі мен Сенатының депутаттарына өтінішхат жолдау сияқты жұмыстармен тұрақты әрі шұғыл  көмек көрсетуге әр кез дайын, – деді бізге кәсіподақ ұйымының төрағасы Аманкелді Дәулетжанов.

Есенжол Қыстаубаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале