19.05.2017, 11:21
Оқылды: 83

Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі түсіндірілуде

Saktandiru   «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалының ұйымдастыруымен Қадыр Мырза Әлі атындағы өнер және мәдениет орталығында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін түсіндіру шарасы өтті.

    Шараға облыстық денсаулық  сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаев, облыстық клиникалық  аурухананың директоры Ерлан Тоқсанов  қатысты.


   2015 жылы  қарашада ҚР Президенті  Нұрсұлтан Әбішұлы «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңына қол қойған еді. Аталмыш заң 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енбек.  Сақтандыру қорының қажеттілігін түсіндірген  облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Дүйсенбайұлы медициналық сақтандырудың түрлеріне де тоқталып өтті.

   -Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жиналған қаражат азаматтардың тегін медициналық көмек алуы үшін жұмсалады.Яғни, бұрын мемлекет есебінен жүзеге асырылатын тегін медициналық қызмет түрлері аталған сақтандыру жүйесі арқылы орындалмақ. Медициналық сақтандырудың екі түрі бар. Біріншісі, медициналық көмектің мемлекет кепілдендірген көлемін ұсынатын базалық пакет. Ол Қазақстанның барша азаматтары үшін қолжетімді болмақ. Пакеттің құрамына жедел жәрдем қызметі, санитарлық авиация, әлеуметтік маңызды ауруларға, сондай-ақ төтенше жағдайларда, профилактикалық екпе кезінде көрсетілетін медициналық көмек кіреді. 2020 жылға дейін өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындарға республикалық бюджеттің есебінен амбулаторлық-емханалық көмек көрсету қарастырылған. Ал, екіншісі, жаңадан құрылған медициналық сақтандыру қоры ұсынатын сақтандыру пакеті. Оған амбулаторлық-емханалық көмек, стационарлық көмек, қалпына келтіру емдік шаралары, диагностика, медициналық реабилитация, мейірбикелік қарау және жоғарғы технологиялық көмек кіреді,- деді Қанат Төсекбаев.

    Сақтандыру қорына экономикалық белсенділігі төмен тұрғындардың жарнасын  мемлекет төлесе, жалданған жұмысшылары үшін жарнаны жұмыс беруші төлейді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленетін жарналардан азаматтардың 17 санаты босатылады. Олардың қатарына балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілермен марапатталған көпбалалы аналар, ҰОС қатысушылар, мүгедектер, жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалар, студенттер, зейнеткерлер, уақытша ұстау және тергеу изоляторындағы тұлғалар секілді халықтың әлеуметтік тұрғыдағы әлсіз тобы  кіреді. Сонымен қатар сақтандыру қорына жарна төлеу арқылы азаматтар қалаған аурухана мен емханадағы  дәрігеріне барып, емделуге мүмкіндік алады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында ақшасы бар азаматтардың емдеу ақысы дәрігерлерге сол қордан төленеді. Осы орайда сөз алған облыстық клиникалық аурухананың директоры Ерлан Тоқсанов медициналық қызмет үшін жасалатын төлемдер қордағы ақшадан алынатындықтан емдеу мекемелері арасында бәсекелестік басталып, қызмет көрсету сапасы артатынын жеткізді.

                                                                 Гүлсезім БИЯШЕВА

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале