Бейсенбі күні өңірлік коммуниакциялар қызметінің алаңында өткен кезекті брифингке ҚР Ұлттық Банкі облыстық филиалының директоры Қозыбақ Құлбарақов қатысып, қаржы нарығының қазіргі ахуалы және экономиканың нақты секторына жүргізілген мониторинг қорытындысы туралы мәлімдеді.
Қозыбақ Құлбарақовтың айтуынша, Ұлттық банк экономиканың нақты секторына мониторингті 1999 жылдан бастап жүргізіп келеді. Басты мақсат - кәсіпорындардың бизнес ахуалын саралау, бағалардың динамикасын және инфляциялық төлем әсерін зерттеу, шаруашылық субъектілерінің кредиттік белсенділіктің өзгеруіне, нақты сектордың кредит төлеу қабілеттілігіне және қаржылық орнықтылығының тәуекелдеріне шолу жасау.
Бүгінгі таңда облыс аумағында 157 шаруашылық субъектісі экономиканың нақты секторының мониторингіне қатысты. Кәсіпорындардың 38 пайызы өңдеу өнеркәсібінде, 32 пайызы сауда саласында және 27 шаруашылық субъектісі құрылыс саласында.
Кәсіпорындардың басшыларынан тікелей алынатын деректердің Ұлттық Банк үшін үлкен мәні бар, себебі олар ағымдағы ахуал туралы ғана емес, сонымен қатар нақты сектордағы және оның салаларындағы күтілетін өзгерістер туралы жедел деректер алуға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде кредиттік тәуекелдерді анықтау, нақты сектордың іскерлік белсенділігінің циклдік өзгерісін және қаржылық орнықтылығын бағалау жөніндегі нақты міндеттерді шешу де маңызды болып табылады.
- Ұлттық Банк ел экономикасының нақты секторында іскерлік ахуалды зерттеу үшін тоқсан сайын аумақтық филиалдары арқылы кәсіпорындар басшыларына пікіртерім өткізеді. Кәсіпорындар сауалнамаға ерікті түрде қатысады. Пікіртерімдер кәсіпорындардың дайын өніміне сұраныстың өзгеруі, дайын өнімнің, шикізат пен материалдар бағасының өзгеруі, кәсіпорындар үшін кредиттік ресурстардың қажеттілігі мен қолжетімділігінің өзгеруі және т.б. сияқты 25-30 сұрақтан тұрады. Мониторинг нәтижесі – облыс экономикасының айнасы, яғни экономиканың нақты секторына жасалған шолу саладағы ахуалды көрсетеді,-дейді Қозыбақ Әбуұлы.
Мониторинг нәтижесі бойынша сауалнамаға қатысқан кәсіпорындардың іріктемелік коэффициенті 65 пайызды құрап отыр. Кәсіпорындардың жұмысы кері байланыс принципінде құрылады. Яғни алынған ақпарат өңделіп біткен соң жинақталады және барлық қатысушыларға талдамалы материалдар жіберіледі. Ол жалпы Қазақстан бойынша қызметтері ұқсас кәсіпорындардың өз қызметтерін өзгелермен салыстыруына мүмкіндік береді.
Брифингте белгілі болғандай, 2018 жылдың қаңтар-ақпан айларында облыс аумағындағы екінші деңгейлі банктер 34,3 млрд теңге несие берген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 36,1 пайызға артық. Соның ішінде жеке тұлғаларға 16,9 млрд теңге (37% артық), заңды тұлғаларға 17,4 млрд теңге (өсім-35,2%) несие берілген. Биылғы жылдың алғашқы екі айында шағын кәсіпкерлік субъектілері 5,5 млрд теңге (36,6% өскен) көлемінде несие алған. Сонымен қатар азаматтарға тұрғын үй салуға және сатып алуға берілген несиелердің сомасы 2,3 млрд теңгені (36,5% өскен) құраған, халыққа тұтыну мақсатына берілген несиелер 13,3 млрд теңге (50,8% өскен) болып отыр.
Есесіне, биылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша мерзімі өткен берешек 2017 жылмен салыстырғанда 28,2 пайызға төмендеп, 8,3 млрд теңгені құраған. Мерзімі өткен берешегі бар несиелердің үлес салмағы банк филиалдарының қарыз портфелінің 3,8 пайызын құрап отыр.
Облыстың бас банкирінің айтуынша, жеке тұлғалардың депозиттері 17,5 пайызға ұлғайғанымен, заңды тұлағалар бойынша 25,2 пайызға төмендеген. Жерлестеріміз өз қаражаттарын шетел валютасынан гөрі, ұлттық валютада сақтағанды жөн санайды екен. Бұған ұлттық валютадағы салымдар үлесінің 63,8%-ды құрап отырғаны дәлел.
Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
«Орал өңірі»