Сейсенбіде облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен жедел штаб отырысында коронавирус инфекциясы мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды. Облыстың қазіргі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы, шектеу шараларының нәтижелері туралы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев айтып өтті.
Пандемия басталғалы бері облыста 34 138 коронавирус инфекциясының зертханалық расталған жағдайы тіркелген. Эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін бірқатар қатаң карантиндік шектеу шаралары қабылданғаны белгілі. Соған орай ұжымдық, отбасылық, мерекелік іс-шаралар өткізуге тыйым салынғаны мәлім. Вакцинациялау науқаны басталғалы бері 193335 (53,7%) адам1-ші компонентпен, 152 364 (42,3%) адам 2-ші компонентпен егілген. КВИ-мен ауыратындардың көпшілігі 41-60 жастағылар. Бақылау топтары өткен аптада 103 рейд жүргізіп, 758 нысанды қамтыған. Карантиндік шектеу шараларын бұзғандарға 1137 630 теңгеге 26 әкімшілік хаттама жасалған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибековтің хабарлауынша, қазіргі таңда облыста 20 жұқпалы аурулар ауруханасы бар. Ауруханада жатқандардың71%-ын 65 жастан асқан адамдар құрайды. 28%-ы 40 жастан 65 жасқа дейінгі, 1%-ы 40 жасқа дейінгі адамдар. Талдау нәтижесі көрсеткендей, науқастардың негізгі бөлігі вакцина алмағандардың үлесіне тиеді.
- Жергілікті жерде егу пункттері кесте бойынша ұйымдастырылды. Еріктілер мен әкімдік қызметкерлердің күшімен мониторинг жүргізілуде. Автобекеттер мен автопарктердің менеджерлері жүргізушілердің санитарлық нормаларды міндетті түрде сақтауы үшін арнайы журналдар ашты. Айдың басынан бері «InfoKazakhstan» сайтында тіркелген 8 бақылау тобы 40-тан астам мекемені тексерді. «Раяна», «Инжу +», «Арбат», «Мақпал», «Тенгри», «Ақтілек» мейрамханалары шектеу шараларын бұзған. Бақылау топтары санитариялық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуын «ASHYQ» қосымшасы арқылы бақылайды. Бұл барлығымызға өз денсаулығымызды ғана емес, жақындарымыз бен әріптестеріміздің денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді, - дейді Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Мақсотов өңірімізде 3537 нысан «ASHYQ» мобильдік қосымшасын қолданатынын, кәсіпкерлер палатасында арнайы жұмыс тобы құрылып, 242-899 нөмірімен Колл орталығы жұмыс жасап жатқанын айтса, облыстық көпсалалы аурухана директоры Арман Байдеуов ауруханадағы емделушілердің жағдайын баяндады.
«Мониторингтік топтардың жұмыстары бұрынғыдан да белсенді бола түспек. Кез келген уақытта тұрғындардың атынан хабарлама түскен бойда олар сол жерге барады. Сол себепті бұл істе баршамыз белсенді болуымыз керек. Бәрі бақылауымызда болғаны дұрыс.
Жағдай әлі де күрделі. Әзірге көп кісі қатысатын шараларға рұқсат берілмейді. Денсаулық – басты байлық. Өзіміздің де, өзгенің де саулығына, бұл бағыттағы жұмыстарға жауапкершілікпен қарап, дертті бірге жеңуге шақырамын», - дейді жиынды қорытындылаған Ғали Нәжімеденұлы.
Марлен Ғилымхан,
zhaikpress.kz