23.09.2022, 20:57
Оқылды: 181

Моноспектакльдер шеруі басталды

  Оралдағы Х.Бөкеева атындағы облыстық драма театрында аталған театрдың 30 жылдығы шеңберінде Хадиша Бөкееваның туғанына 105 жыл толуына орай бірінші республикалық моноспектакльдер фестивалы бастау алды. Өнер мерекесінің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов айтулы шараға қатысып отырған өнер сүйер қауымды құттықтап, сөз сөйледі.

IMG-20220923-WA0067

     –Театр өнері-адамзатқа рухани азық болып саналады. Облыста өткелі отырған моноспектакльге қатысатын жас актерлардың аға буынның өнерін жалғастыруы-көрермендер көңілін  қуанышқа бөлейді. Осынау айтулы мерейтойға республикамыздың түкпір-түкпірінен келген барша актерларға өнеріңіз үстей берсін дейміз. Бүгінгі шарамызға қатысып отырған театрдың аға буын өкілі, Қазақстанның халық әртісі, еліміздің мемлекеттік сыйлығының лауреаты, актер, режиссер Тұңғышбай Жаманқұловты облыс әкімі Ғали Есқалиев арнайы қабылдап, өзінің оған деген жылы лебізін білдірді. Сізге, құрметті Тұңғышбай Қадырұлы, Ақ Жайық өңірі ыстық деп айта аламыз. Өткені сонау 1975 жылы режиссер Мәжит Бегалиннің «Отқа оранған Орал» фильмінде чекистің рөлін ойнап,  кинодағы алғашқы актерлік жолыңызды біздің өңірден бастадыңыз. Кино өнерінде кіндік қаныңыз тамған өлкеге қош келдіңіз. Сіздің және елімізге белгілі бір топ өнер адамдарының фестивальға қатысуы-өмірін актерлық өнерге арнаған жастарға зор қолдау болып,  үлкен мотивация беруде. Сондықтан сіздерге бас иіп, алғысымызды білдіреміз. Осындай фестивальдар жалғасын таба берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын,-деді Бақытжан Хаберұлы өз сөзінде. Ол, сондай-ақ Х.Бөкева атындағы облыстық драма театрына жаңадан келген режиссер Алмат Шәріповқа облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес екі бөлмелі қызметтік пәтер кілтін салтанатты жағдайда табыс етті.  

IMG-20220923-WA0068

     Фестивальдың ашылу барысында Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның музыканты  Асылан Ғұмаров түрлі аспапта өнер көрсетсе, Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрінің орындауында итальян композиторы Антонио Лучо Вивальдидің «Увертюрасы» ойналды. Сондай-ақ Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншілері Дархан Құлбабаев пен Айдана Орынғалиева ақын Қадыр Мырзалиевтің өлеңіне жазылған композитор Донеділ Қажымовтың «Оралым сенсің, шалқыған» әнін шырқады.    

IMG-20220923-WA0070

     Өнер мерекесінің ашылу салтанатында баспасөз мәслихаты өткізілді. Оны Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры Нұржан Тасболатов қысқаша кіріспе сөзбен ашты. Бұдан әрі фестивальге арнайы келген актер, режиссер, қазылар алқасының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов өнер мерекесінің ашылуымен көрермендерді құттықтады.

      –Хадиша Бөкеева апамыз өнер үшін, театр үшін туған жан еді. Менің өнердегі, театрдағы өмір жолыма ұстаз болған осы аяулы жанды әркез мақтан тұтамын. Оның жұбайы Байғали Досымжанов ағамыздың да әншілігімен қоса, адамгершілігі мол жан болатын. Оралдағы моноспектакльдер шеруі республика бойынша тұңғыш рет өткізіліп отыр. Оның Орал қаласындағы Хадиша апамыздың атындағы театрда жыл сайын өткізіліп тұруына баршамыз да атсалысайық,-деді Тұңғышбай Қадырұлы.   

     –Бұл күнді біз асыға күттік. Театрға Хадиша апамыздың есімі берілгелі әр түрлі белгілі себептермен және дүние жүзін жайлаған пандемияның кесірінен бірқатар шараларымыз өтпей қалды. Енді, міне, Қазақстанда алғашқы болып, моноспектакль өткізуге шешім қабылдадық. Мұны қолдаған театр басшылығына рақмет. Театрдың өз күшімен бұндай өнер мерекесін өткізудің өзі үлкен ерлікке пара-пар.  Тұңғышбай ағамыз сияқты алдыңғы толқын ағаларымыздың өздері тәрбиелеп, өнердегі ізін жалғастырған шәкірттері көптеп саналады. Олардың бірқатары осы моноспектакльге қатысуда. Фестиваль фестивальға ұлассын. Бұл үрдісті жыл сайын жалғастырып, халықаралық деңгейге жеткізуге нәсіп етсін,-деді фестивальдің қазылар алқасының мүшесі, актриса, режиссер Нұрлыгүл Жұбатова өзінің сөйлеген сөзінде.  

IMG-20220923-WA0069

    Фестивальдің ашылу салтанатынан соң моноспектакльдер шеруі басталып, еліміздің қалаларынан келген облыстық драма және қуыршақ театрлары сахнада көрермендерге өз өнерлерін ұсынды. 

    Нұрымбек Жапақов,

    zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале