15.05.2018, 17:24
Оқылды: 83

Мұғалімдер заман көшінен қалмауы тиіс

IMG_5871Қазіргі уақытта қоғамда смарт-технологияларды белсенді пайдалану мәселесі жиі көтерілуде. Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында  заман көшінен қалмау қажеттігін айтқаны мәлім.

Бұл бағытта білім саласында да жаңа реформалар қолға алынуда. Бүгін «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-ның филиалы – Батыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында «Педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру жүйесіндегі смарт технологиялар» тақырыбында облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шара мақсаты – білім беруде педагогтардың смарт техникаларды қолдану сауаттылығын арттыру және кәсіби қарым-қатынасты нығайту.

Конференция алдында институт басшылығы Орал қаласындағы 40-тан астам білім беру ұйымының өкілімен меморандумға қол қойды. Оқу орындарындағы білім берушілердің үздік бейнедәрістерін интернетте қолжетімді контент ретінде орналастыру Елбасы Жолдауында айтылды. Соған сәйкес, педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты «Өрлеу» ютуб арнасын дамытуда. Енді осы бағытта институт әріптестік аясында облыстағы білім беру ұйымдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайтын болады.

Конференцияда институт директоры Софья Ізмұханбетова  2012 жылы «Өрлеу БАҰО» АҚ облыстық филиалының ғылыми-әдістемелік тақырыбы ретінде «SMART education үдерісін енгізу жағдайындағы педагог қызметкерлердің біліктілігін арттырудың педагогикалық және технологиялық негіздері» болып бекітілгеннен бері әртүрлі деңгейде іс-шаралар қолға алынғанын айтты. Ұлттық орталықтың бес жылдығына байланысты «SMART-педагог Өрлеу: кәсіби табысқа апарар жол» атты республикалық байқаудың барлық кезеңінде қатысушылар саны жөніне батысқазақстандық педгогтар алдыңғы қатарда болды. Біздің облыстан жолдама алған бес педагогтың ішінен Орал ақпараттық технологиялар колледжінің арнайы пән оқытушысы Гүлнар Ищанова республикалық байқауда II орын алды.

IMG_5860– Ақпарат тасқыны орын алып отырған кезеңде смарт-технологиялар арқылы мұғалімдер уақытын ұтымды пайдаланып, оқушыларға терең білім бере алады. Мемлекеттік бағдарламалар мен білім беру стандартына сәйкес мұғалімдер функционалдық сауаттылықты меңгеруі тиіс. Яғни мұғалім белгілі бір пәнді меңгеріп қоймай, жан-жақты болуы керек. Білім саласының қызметкерлері өздеріне нақты талап қоятын уақыт жетті. Мазмұны жаңартылған білім курстары баланы бойына сіңірген білімін өмірде нақты пайдалана білетін деңгейде тәрбиелеуді міндеттейді. Институт жүргізетін курстар бағдарламасында қашықтан оқытудың тиімділігі жөнінде айтып, жаңа технологияларды қолдану жайын қамтимыз. Біздің филиалда 100-ге тарта қызметкер бар. Оның 75 пайыздайы – оқытушы-тренерлер. Жылына 3 мыңнан астам мұғалімді жаңа білім беру стандартына сай оқытамыз. Одан тыс ақылы курстар да бар. Оқыту технологиясын ұдайы жетілдіріп, курстар мазмұнына өзгерістер енгізіп отырамыз. Республика бойынша «Өрлеу» БАҰО» АҚ-ға қарасты 17 институт ішінде деңгейлік курстарды оқыту жөнінен біліктілік арттыру емтиханын тапсырғанда, біздің мамандар алыңғы қатарлы көрсеткішке қол  жеткізді, – деді «Өрлеу» БАҰО» АҚ-ның филиалы – БҚО бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры Софья Салахиденқызы.

Конференцияда институт директорының оқу-әдістемелік жөніндегі орынбасары Елдос Сафуллин соңғы жылдары институт ұжымы цифрлық технологияларға негізделген «Сабақ жоспары», «Математика оқулығы», «Қашықтық курстары», «Бірге оқимыз» атты инновациялық жобаларды жүзеге асырып жатқаны жөнінде баяндады. Оның сөзінше, «Математика оқулығы» жобасы бойынша 1940-2015 жылдары елімізде басылған барлық математика оқулығы жинақталып, сандық цифрлық форматқа көшіріледі. Оқулықтардың электронды нұсқалары арқылы бұрынғы және қазіргі білім беру жүйесіндегі артықшылықтарды салыстырып, сабақтастыруға мүмкіндік туады. Қазіргі уақытта 130 математика оқулығы институт сайтына жүктелген. Жоба нәтижесі кейін ҚР Білім және ғылым министрлігіне ұсынылады. Институт кітапханашылары И.Бадақова мен А.Нұрланбаева  бастамасымен «Бірге оқиық» жобасы аясында қазақ әдебиеті туындыларын ұжымдық оқу, талдау, және қоғамға насихаттау қолға алынған.

Мәжілісте инновациялық жобалар таныстырылғаннан кейін әр секцияда жобалар симуляторы ұйымдастырылды. Айта кетейік, конференцияға облыс орталығындағы білім беру ұйымдарынан келген 120-дан астам педагог маман қатысты.

Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале