Бүгін «Nur Otan» партиясы БҚО филиалы төрағасының орынбасары Гүлназ Құлжанова «Кедергісіз келешек» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесті.
Жыл бойы жасалған жұмыстарды талқылап, алдағы жылы атқарылатын істерді жоспарлау мақсатында ұйымдастырылған басқосуда мүмкіндігі шектеулі жандар өз ойларын ортаға салды. Басқосуда «Nur Oran» партиясы БҚО филиалы төрағасының орынбасары Гүлназ Құлжанова қиын жағдай кезінде бірінші топтағы мүгедектерге 50 мың теңге толықтай берілгенін, қазіргі күнде екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға партия тарапынан дәл осы бағытта қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті.
Кездесуде «БҚО мүгедектері ерікті қоғамы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жұмажан Қожжанов мемлекеттік-әлеуметтік қызмет көрсету сапасын жетілдіру және мүмкіндігі шектеулі адамдардың бос уақытын ұйымдастыру мәселелерін көтерді.
– Мүмкіндігі шектеулі жандар еңбекке араласып, қолдарынан келгенінше кәсіппен де айналысып, қоғамға өз үлесін қосып жүр. Біз қоғамдық ұйым ретінде өз тарапымыздан мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жеңілдіктердің бәрін айтып жүреміз. Алыс аудандармен де жиі хабарласып, ол жақтағы мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын біліп тұрамыз. Қазір қайырымдылық айы өтуде. Осыған байланысты қала-аудан көлемінде бірқатар шаралар ұйымдастырылды. Қайырымдылық айлығы аясында 22 жылдан бері өтіп келе жатқан шығармашылық фестиваліміз, пандемияға байланысты өзгеше форматта ұйымдастырылуда, - деді Жұмажан Қожжанов.
Басқосуда мүмкіндігі шектеулі жандар мәжіліс депутаттарымен кездесу ұйымдастырылса деген ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ олар емханадан берілетін тегін дәрілер қатарына тым арзан дәрі-дәрімектер енгізілгенін, қымбат дәрілерді өздері сатып алатыны қиындық тудыратынын айтты. Дәріханалардағы дәрі бағасының әркелкілігі, бір жерде өндірілген дәрілердің әр дәріханада түрлі бағада құбылып, қымбаттап сатылатыны да мүмкіндігі шектеулі жандардың назарынан тыс қалған жоқ.
«Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы төрағасының орынбасары Гүлназ Құлжанова алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын білу мақсатында zoom бағдарламасы арқылы кездесулер өткізуді ұсынды. Отырыста мүмкіндігі шектеулі жандардың қажет мекемелерге, байланыс және ақпараттандыру құралдарына қолжетімділігі талаптарын орындау және инклюзивті білім беруді дамыту үшін барынша жағдай жасау мәселелері талқыланды.
Гүлжамал Жолдығали,
zhaikpress.kz