14.12.2023, 12:00
Оқылды: 50

«Мұндай азаматтар сирек қой…»

Аманкелді Таспиховтың есімі Ақ Жайық атырабына кеңінен мәлім.  Әріге бармай-ақ, сонау 80-жылдарда Орал қаласында құрылып, кейін өнімімен елімізге, ТМД елдеріне аты жақсы таныс болған «Аяз» ЖШС-ын басқарды. 1998 жылы Батыс Қазақстан облысынан  сенатор  болып сайланды. Мәжіліс депутаты болып сайланғаны тағы  бар. Саясаткер, бизнесмен. «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры болған  Табылғали Сапаров туралы жақында «Орал өңірі» газетінің редакциясына арнайы  келіп, төмендегідей  әңгіменің тінін тарқатып еді.

сапаров

– Мен Табылғали Сатқалиұлын сонау өткен ғасырдың 80-жылдарынан жақынырақ білдім. Оған дейін комсомолда істеп жүрген кездерінен сырттай естігенмін. Ал жақынырақ біле түскенім, оның Тасқала ауданында бірінші хатшы болған жылдар еді. Мен онда осы Оралдағы «Аяз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде істейтінмін. Тәкең – сол  комсомолдағы кезінен бастап, кейін де өзінің көрген тәрбиесіне, білім-білігіне байланысты ел назарына ерте түскен азамат. Оның әкесі де кезінде облысымыздың көрнекті азаматтарының бірі болды. Талай аудандарда бірінші хатшы болды ғой. Сондай әкенің тәрбиесін алған ұл көптің бірі болып қалуы мүмкін емес еді деп ойлаймын. Ол кезде аудан басқаратын кадрларға  жасы қырыққа толғанда немесе қырықтан асқанда барып, аудан тізгінін сеніп тапсырады. Күні кеше дүниеден өткен Нәжімеден Есқалиев талай жас кадрларды тәрбиеледі. Нәжімеден Ықсанұлы Табылғалиға зор сенім артқан болып тұр ғой. Тасқалаға бірінші хатшылыққа жолдады. Тәкеңнің ол кезде отыздың ортасынан енді асқан кезі. Ашып айтсам, Табылғали Сатқалиұлы облыста аудан тізгінін ұстаған алғашқы жас жігіт еді.

Ол сол кездің ауанымен айтсақ, Үкімет пен партияның сенімін толығымен ақтады. Одан кейін көп ұзамай, Қазақ КСР-ның Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Арада тағы жылдар өткенде мен Сенат, Мәжіліс  депутаттығына түс-тім. Сол кездерде  ол менің сенімді өкілім болды. Сонда мен оның ел, халық алдындағы биік беделін анық сезіндім, көрдім. Сол беделін толық пайдаландым десе де болады. Нақтырақ айтсам, мысалы, Мәжіліс депутаттығына түсемін деген ойым болмаған. Ол кезде Тәкең Оралда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болатын-тұғын. Алып келіп мені үгіттеді, «Мәжіліске депутаттыққа түс!» – деп. Ақыры болмай мені көндірді. Өзі менің сенімді өкілім болды. Екі айдай жарғақ құлағы жастыққа тимей, менің қасымда жүрді. Елді аралап, сайлаушылармен кездесулер өткізді. Шынымды айтсам, менен көп жұмыс істеді. Соның арқасында деп айтсам артық болмас, Мәжіліске сайландым. Егер ол болмағанда мен депутаттыққа бармайтын да едім, өтпейтін де едім.

Енді оның елдің, облысымыздың ерен перзенті екендігіне бір мысал айтайын. Сонау 1999 жылдың аяғы еді. Сол жылдарда облысымызда екі-үш жыл қатарынан егін шықпай, қиын жағдай қалыптасты. Барлық шаруашылықтар тұқымсыз қалды. Біреулер Батыс Қазақстан облысына егіншілікті қою керек. Бәрібір шықпайды, одан да мұнайы бар, сонымен аштан өліп, көштен қалмайды деген әңгіме жиі айтыла бастады. Менің депутаттық қызметіме кіріскен жылым ғой. Тәкең келіп тұр, Оралдан. «Депутат ретінде Үкіметтен тұқым сұрамасаң, жағдай қиын. Егінді мүлдем қойыңдар деп жатыр. Облыс егін егуді қойса, жағдай қиындайды...

Шаруа қожалықтары тарайды, талай адам күн көрісінен қағылады, жұмысынан айырылады... Әрі қарай мал шаруашылығын да тоқыратамыз» – деді. «Ойбай-ау, бұған дейін егін егіп келгендер шаруа қожалықтары, серіктестіктер ғой. Яғни жеке шаруалар. Ал Үкімет жекеге қарызға тұқым бермейді ғой, өйткені ешқандай кепілдік жоқ, олардың алған тұқымына кепілге салатын техникасы, қымбат мүлік-мүкәмалы жоқ. Сондықтан біз оны қалай сұраймыз?» деймін мен ат-тонымды ала қашып. «Жоқ, жоқ, барамыз. Сен біздің облыстан сайланған депутатсың, мандатыңды пайдаланайық» – деп дігірлеп ол көнбейді. Ол кезде шынын айту керек, Үкімет депутаттардан ығысатын, айтқандарына құлақ асатын. Сенатормын ғой. Тәкең болса, менің сол сенаторлығымды арқаланып келіп тұр. Содан не басыңды ауыртайын, кірісіп кеттік. Ауыл шаруашылығы, Қаржы министрлігі дейсіз бе, талай табалдырықты тоздырдық. Бәрі «Болмайды» деп безілдейді. Қайтадан бара береміз, сұраудан жалықпаймыз. Талай күн жүріп, ақыры Үкімет мүшелерінің бетін бері қараттық. Жасырып қайтемін, сөйтіп «құпия қаулы» шығартып, облысқа 36 мың тонна тұқымды бөлдірдік қой. Бұл жерде Табылғалидың табандылығы мен бетінен қайтпайтындығы көп рөл атқарды. Айтпақшы, солай табанымыздан таусылып жүргенде Тәкең қатты уайымдаған ғой, үстіне қызыл бөрткен толып кетті. Бір аптадай елге барып, ем-дом алып, құлан-таза жазылып келді. Біз оны сол кезде сан-саққа жүгіртіп әзілдегеніміз, Тәкеңнің ашуланғаны әлі есімде. Сөйтсе, ол дегеніңіз медицина тілімен айтқанда, адам өте күйзеліске, уайымға, стреске түскенде ағзаның  дабылы (аллергиядан) екен ғой. Ел үшін, қарапайым еңбек адамдары үшін бұлай жанын салып жүгіру кез келгеннің қолынан келе ме, келмей ме?!. Айтпақшы, Табылғали Сапаров тұқым мәселесі әбден тұйыққа тірелгенде отыра қалып, өз атынан кепілхат жазып бергенін де өз көзіммен көрдім. Турасын айтқанда, басын бәйгеге тікті. Мұндай жүрек жұтқандықты мен оған дейін де, кейін де көрген жоқпын... Мұндай азаматтар сирек қой...(Расында да сол кезде Табылғали Сатқалиұлы облыстың әкімі немесе оның орынбасары болса бір сәрі. Бар болғаны, облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшысы. Соған қарамастан Премьер Министрдің, министрлердің алдарына барып, облыстың мүддесін тайсалмай қорғап, жүргені ерлік емес пе?.. Бүгінде басқарма басшыларының қолдарынан ондай табандылық келе ме, келмей ме?.. Е.Қ.)

Қош, сонымен тұқымды қарызға ала тұруға рұқсатқа қол жетті-ау. Бірақ, анау 36 мың тонна тұқым бір жерде жатқан жоқ, Қостанайдан, Солтүстік Қазақстаннан әр жердегі элеваторлардан берген. Енді оларды сонау Оралға жеткізу керек. Әрі қарай теміржолшылармен айқас басталды. Ол дегеніңіз де шеті мен шеті жоқ шаруа. Тасымал құны дегеніңіз  күйіп тұр. Мұның да жолдарын Тәкеңмен бірге жүріп тауып, көктемгі егіске үлгертіп, тұқымды Оралға жеткізіп алдық. Келесі, 2000 жылы егін еккен шаруаларға Құдай қарасып, өнім жақсы болды. Шаруалар қарызға алған тұқымнан  толық  құтылды.

Менің айтып отырғаным, елге болсын дейтін азаматтың сонау жылдарда атқарған шаруаларының біреуі ғана. Сіздер, журналистер, ұмытпапсыздар, өткенде газеттеріңізге жаздыңыздар ғой. Оралдың арзанға сатылып кеткен жылу электр стансасын облысқа қалай қайтарғанын. Облыстың бюджетін республикадан қысқартып тастағанда Сапаров өзі бас болып, қырық пышақ айтысып, бюджетті қалай қайтарғанын да жаздыңыздар. Құрылыс пен күрделі жөндеуге республикадан қаржыны қалай бөлдіргені де өз алдына бөлек әңгіме. Қадалған жерінен «қан алатын», ел, халық мүддесі десе, жанын беруге бар мұндай шенеуніктер бүгінде аз ғой, аз... Ол жастайынан ел ішінде өскен, ауылдың мұңмұқтажын көріп өскен азамат қой. Облыстық мәслихаттың хатшысы, облыс әкімінің орынбасары болғанда да, талай шаруаларды шешуге өзі тікелей араласты. Қай жерде қандай мәселе күйіп тұр, ауыл неге мұқтаж, бес саусағындай біледі.

Оларды жергілікті жерде шешуге облыстың қауқары  мен қаржысы жете бермейді. Сондайда Тәкең оларды шешуге біздерді араластырады. Сол Сапаровтың мұрындық болуымен талай ауылға су, газ, жол барғанына мен куә бола аламын. Келешекте Сапаров сияқты саңлақ басшылар көп болса, «Жаңа Қазақстанды» құру елімізге қиындыққа түспейді деп, азамат туралы әңгімемді  тәмамдайын.

Әңгімені жазып алған: Есенжол Қыстаубаев,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале