10.04.2025, 15:15
Оқылды: 402

Мұрат Байсалов: «Біз мемқызметшінің  де,  қызмет  алушының  да  құқығын  қорғауға  міндеттіміз»

Сапалы мемлекеттік  қызмет  –  кез  келген  мемлекеттің  тиімді  жұмыс  істеуінің  негізі.  Қазақстанда  мемлекеттік  қызметшілердің  құқықтарын  қорғау  мәселелері  ашық  әрі  жауапты  мемлекеттік  аппаратты  қалыптастыруда  айтулы  мәнге  ие.  ҚР  Мемлекеттік  қызмет  істері  агенттігі  Батыс  Қазақстан  облысы  бойынша  департаментінің  басшысы  Мұрат  Байсаловпен  бүгінгі  әңгімеміз  осы  тақырыпта  өрбиді.

БАЙСАЛОВ

– Мұрат Сейілбекұлы, Қазақстан Республикасының заңнамасында мемлекеттік қызметшілердің қандай негізгі құқықтары  қарастырылған?

– Мемлекеттік қызметшілердің негізгі құқықтары еліміздің негізгі заңы Конституцияда, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңда және Еңбек кодексінде бекітілген. Оларға тұрақты жұмыспен қамтылу, лайықты еңбек жағдайлары, әлеуметтік кепілдіктер, негізсіз жұмыстан шығарудан және кемсітушіліктен қорғау құқығы кіреді. Сонымен қатар олардың еңбек құқықтарын сот және арнайы комиссиялар арқылы қорғау тетіктері  қарастырылған.

– Мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғауға қатысты қандай мәселелер жиі туындайды?

– Бұл бағыттағы ең негізгі мәселелердің бірі – заңсыз жауапкершілікке тарту бойынша шағымданудың күрделілігі. Кейбір жағдайларда шешімдер субъективті түрде қабылданып, қызметкер өзін қорғанышсыз сезінеді, яғни әлсіз позицияда қалады. Сол себепті әлгіндей жағдайлар барынша орын алмауы үшін біздің департамент тұрақты негізде мемлекеттік құрылымдардың (органдардың) тәртіптік комиссияларының жұмысына мониторинг жүргізеді. Міне, осындай жұмыстардың нәтижесінде 17 мемлекеттік қызметшіге заңнама талаптары сақталмай қолданылған тәртіптік жазалардың пәрмені жойылып, олардың бұзылған заңды құқықтары  қалпына  келтірілді.

Жиі кездесетін құқықбұзушылықтар мен сақталмайтын талаптарға кететін болсам, ол – қызметшіден түсініктеме талап ету мерзімдері мен тәртібінің сақталмауы, тәртіптік іс материалдарымен таныстырмау, тәртіптік комиссияның отырысы туралы хабарламау және  тағы  сол  сияқты  жағдайлар.

Сондай-ақ мемқызметшілерді қажет кезде әлеуметтік тұрғыдан қолдамау, әсіресе оларға уақтылы іссапар шығындарын өтемеу және демалыс төлемдерін дер кезінде төлемеу фактілерімен біз жиі бетпе-бет келеміз. Ал заң талаптарына сәйкес мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалау нәтижелері бонустарды төлеуге негіз болады. Тағы бір ерекше ескерер жайт, еңбек демалысына шыққан кезде қызметшіге тиісті төлемдер  уақтылы  төленуі  шарт.

Біздің департамент қызметкерлерінің қажырлы тексерулерінің нәтижесінде 25 мемлекеттік қызметшіге  6,7 млн теңге негізсіз төленбеген бонустарды төлеу қамтамасыз етілді. Бұған қоса еңбек демалысына тиесілі ақы төлеу мерзімдері бұзылғаны үшін тиісті 106 мемлекеттік қызметшіге 188 мың теңге көлемінде өсімпұл төленді.

Облыстағы жергілікті атқарушы құрылымдардың мемқызметшілерге іссапар шығындарын төлеу талаптарының сақталуына жүргізілген талдау нәтижесінде іссапар шығындары уақтылы төленбеген 77 мемлекеттік қызметшіге тиісті 4,7 млн теңге төлем  төленді. Мемқызмет саласындағы өзекті мәселенің бірі – мемлекеттік қызметшілердің жұмыс кестесінің сақталуын қамтамасыз ету.

Тура осы талапты сақтамаған мемлекеттік құрылымдардың бес басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әрі оларға тиісті ұсыныстар жолданып, 202 мемлекеттік қызметшіге қосымша демалыс  уақыты  ұсынылды.

– Мұрат Сейілбекұлы, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда? Ендігі кезекте  осы  жөнінде  айтып  берсеңіз.

– Қазіргі таңда мемқызметтердің ашықтығын және қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ әкімшілік кедергілерді барынша азайту – басым міндеттердің бірі. Осы мақсатта цифрлық технологияларды кеңінен енгізу және үдерістерді (процестерді) аутоматтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Мемлекеттік қызмет ең алдымен қоғамға, ел-жұртқа қызмет ету дегенді білдіреді. Біз тек мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғап қоймай, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасына деген сенімді арттыруға да мүдделіміз. Мәселен, біздің департаментке қызмет алушылардан келіп түскен 35 шағымға негіз болған фактілер расталды. Біздің мекеме тарапынан қабылданған шаралардың нәтижесінде арыз-шағым иелерінің бұзылған құқықтары  қалпына  келтірілді.

Мысалы, бір кәсіпкерге жер учаскесін иелену құқығы негізсіз берілмеген. Осы орайда қызмет алушы бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін мен басқаратын департаментке шағымданды. Тексеру нәтижесінде шағымданушының уәждері расталып, негізсіз бас тартуға жол бергені үшін тиісті лауазым иелері жауапкершілікке тартылып, қызмет алушыға тиесілі жер учаскесін беру жөнінде шешім қабылданды. Осы тұста мен екпін түсіріп айта кетейін, қажет жағдайда біз – мемқызметшінің де, сондай-ақ қызмет алушының да құқығын қорғауға  міндетті  мекемеміз.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің жауапты қызметкерлері «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесінде көрсетілетін мемқызметтердің мерзімінен кешіктірілуі мен негізсіз бас тартулардың алдын алу мақсатында қашықтан бақылауды жалғастыруда. Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде 5989 заң бұзушылық анықталып, соның негізінде кінәлі мемқызметкерлер тиісті жауапкершіліктерге  тартылды.

Сөз соңында айтарым, әр сапалы мемқызмет халықтың мемлекеттік билікке деген сенімін күшейте түседі. Ал бұл –  мемлекеттілікті нығайтатын ең маңызды факторлардың бірі. Сол себепті мұндай өте маңызды қағиданы әр мемқызметші жұмыс барысында үнемі  ескеруі  шарт.

Сұхбаттасқан: Бауыржан Әлжан

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале